Ташкент қаласында 27 тамыз күні осы марапат табыстау салтанаты өтті.
Мемлекет басшысы баршаны, ең алдымен, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Республикада қол жеткізілген жетістіктердің негізі мен жасалып жатқан еңбек мәні туралы ерекше тоқталды.
– Жаңа Өзбекстанда артқа қайтпайтын реформаларымыз қандай үлкен нәтижелер беріп жатқанын баршымыз көріп отырмыз. Өткен сегіз жылда жалпы ішкі өніміміз қарқынды өсіп, 115 миллиард долларға жетті. Бүгін бір деректі алғаш рет айтқым келеді: Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл экономикамыздың көлемі 130 миллиард доллардан асуы күтілуде. Яғни, мұндай өсім, мұндай жоғары мойындау бұрын-соңды болмаған, – деді Шавкат Мирзиёев.
Мұндай нәтижелерге кәсіпкерліктің кең қолдау тауып жатқаны, заманауи өнеркәсіп кешендерінің тұрғызылып жатқаны, «жасыл» және инновациялық экономикаға қадам басылып, баламалы энергия көздері жасалып жатқаны, ақпараттық технологиялар, туризм және қаржылық технологиялар сынды қызмет көрсету салалары дамытылып жатқаны негіз болып отыр.
Елімізде заманауи қалалар бой көтеріп, ауылдар мен махаллалар гүлденуде. Өткен сегіз жылда халық үшін 500 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй салынды. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылымен салыстырғанда төрт есе көп. Махалла инфрақұрылымын жақсарту, ауылдарды, жолдарды абаттандыру үшін 60 триллион сум жұмсалды. Немесе, 155 миллиард доллар инвестиция есебінен 100 мыңнан астам жоба іске қосылып, 7 миллионнан аса тұрғын табысқа қол жеткізді.
– Осындай ұлы тарихи жетістіктеріміз – уақтылы ойластырылып, кең көлемде жүргізілген реформаларымыздың, ең бастысы, халқымыздың ой-санасы мен дүниетанымының өзгергенінің жемісі екені шындық. Құрылып жатқан ғимараттар, заманауи кешендер, ыңғайлы үйлер, мектептер мен балабақшалар, медицина, мәдениет және спорт орталықтары – Жаңа Өзбекстанның экономикалық қуаты мен ұлы құрылыс әлеуетін айқын көрсетіп тұр. Ең бастысы, қай салада болмасын, әрбір жетістік пен нәтиже, ең алдымен, адам қадірін ардақтауға, оның құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге қызмет етуде, – деді Мемлекет басшысы.
Кейінгі сегіз жылда әлеуметтік инфрақұрылымға бұрынғы жылдармен салыстырғанда алты есе көп қаржы бағытталды. Нәтижесінде балабақша орындары 720 мыңнан 2,5 миллионға жеткізілді. 466 жаңа мектеп салынып, шамамен 1 миллионға жуық оқушы орны ашылды. Студенттер саны 279 мыңнан 1,5 миллионға көбейіп, жоғары білімдегі қамту деңгейі 40 пайызға жетті.
Өткен аптада Кәсіпкерлер күніне орай 168 үздік бизнес өкілдері, еңбекқор диқандар мен фермерлер еліміздің жоғары наградаларымен марапатталғаны атап өтілді.
– Осындай жанқияр отандастарымыздың бастамаларын қолдап-қуаттаудан шаршамаймын. Әрине, бұл бекер емес. Баршаңыз жақсы білесіз, он жыл бұрын біз негізінен шикізат экспорттайтын едік. Қазіргі таңда өнеркәсіп өнімдерінің көлемін 2016 жылғы 28 миллиардтан 62 миллиард долларға жеткіздік. Егер уақтылы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасамасақ, осындай жетістіктерге қол жеткізер ме едік? Жоқ, әрине, – деді Мемлекет басшысы.
Атап өтілгендей, бүгінде бизнес өкілдері экономикамыздың шынайы тірегіне айналды. Бір ғана құрылыс саласын алсақ, бұл бағыт ешқашан қазіргідей қарқынды дамымаған. Бұрын құрылыс тек мемлекеттік тапсырыс негізінде жүргізілетін. Бүгінде жеке құрылыс компанияларының саны 30 мыңнан асты, құрылыс материалдарын өндіру көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Өзбекстан нағыз ауқымды құрылыс алаңына айналды.
Бір ғана өткен жылы 23 миллиард долларлық құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда төрт есе көп.
Осындай үлкен өзгерістерді ауыл шаруашылығы, тоқыма, электротехника, машина жасау, фармацевтика сияқты бағыттарда да көруге болады.
Елімізде тек өнеркәсіппен шектеліп қалмай, қызмет көрсету салаларын дамытуға да ерекше мән беріліп жатқаны атап өтілді.
– Бұрын 500 миллион долларға жетпейтін туризм экспорты бүгінде 3 миллиард долларлық межеден асты. Жеті-сегіз жыл бұрын IT экспорты 1 миллиард долларға жетеді десе, бұған кім сенер еді? Ең бастысы, барлық салаларға жаңа білім, заманауи технологиялар еніп, олардың негізінде жүздеген мың жұмыс орындары және жоғары білікті кадрлар армиясы пайда болды. Әр салада Жаңа Өзбекстанның өз стратегиясы, тәжірибе мектебі қалыптасты.
Еліміздің осындай жаңа тарихы мен жаңа келбетін қалыптастыруда бүкіл халқымыз секілді сіздер, қымбатты жандар да лайықты үлес қостыңыздар, осы үшін баршаңызға алғыс айтамын, – деді Шавкат Мирзиёев.
Президент өңірлерде мемлекеттік марапат алып жатқан отандастарымызды да құттықтады.
Содан соң, марапатталғандарға құрметті атақ, орден және медальдар салтанатты түрде табысталды.
– Ұлттық тәуелсіздігіміздің ең ұлы мақсаты адамға назар аудару, оның қадір-қасиеті мен еңбегін ұлықтау, асыл халқымыздың абыройын ардақтау. Мұны дәл осы сәттерде баршамыз шынайы сезініп отырмыз. Өз еңбегіңізбен осындай мәртебеге ие болып, ел құрметіне бөлену – кез келген жанға бұйыра бермейтін ұлы бақыт. Сол бақыттың нұры, халықтың ілтипаты сіздерден ешқашан ажырамай, әрдайым серік болсын, – деді Президент.
Марапатталғандар көрсетілген жоғары құрмет үшін ризашылық білдіріп, халқымызға игі тілектерін жеткізді.








