Мемлекет басшысы сөзінің басында баршаны осы тарихи оқиғамен құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды.
– Біздің өз жолымыз, ниетіміз, жоспарымыз бар. Бүгінгі атқарып жатқан тарихи жұмыстар үлкен нәтиже береді деп сенеміз. Бұл сенім бізге күш береді, – деді Шавкат Мирзияев.
Өзбекстанда спортты кеңінен насихаттау, спортшыларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы бес жылда спорт саласына 4 триллион сумға жуық қаржы бөлініп, 118 ірі нысан іске қосылды және 110-ы қайта жаңғыртылды.
Көңіл бөлу мен жағдай жасаудың нәтижесінде биыл спортшылар түрлі халықаралық жарыстарда 1 мыңнан астам медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Үндістанның Ченнай қаласында өткен шахмат олимпиадасында ұлттық құрама бірінші орынды иеленді. Түркияның Конья қаласында өткен Ислам бірлігі ойындарында өзбекстандық спортшылар жалпы есепте 158 медальмен екінші орын алды.
Осындай нәтижелердің арқасында Өзбекстан спортшыларын әлем мойындап, беделді халықаралық жарыстарды өткізуді Өзбекстанға сеніп тапсыруда. 2021 жылы ауыр атлетикадан, биыл дзюдодан Ташкентте әлем чемпионаттары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келер жылы бокстан әлем чемпионаты мен көптеген құрлықтық турнирлер өтеді.
Алдағы іс-шаралардың ішіндегі ең беделдісі – Жастар арасындағы Азия және Пара-Азия ойындары. Бұл жарыстар 2025 жылы Ташкентте өтеді. Құрлықтағы 45 елден келген жастар спорттың 20-ға жуық түрінен бақ сынасады.
Айта кетерлігі, мұндай беделді халықаралық байқау Өзбекстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылғалы тұр. Оны жоғары деңгейде өткізу үшін заманауи олимпиада қалашығын салу жобасы әзірленді. Мемлекет басшысы бұл жобамен бірнеше рет танысып, тапсырмалар берді. Бұл ұсыныстар жетекші дизайнер Қытайдың CAMC Engineering компаниясымен нақтыланды.
– Олимпиада қалашығы халқымыздың жоғары құрылыс әлеуеті мен өзбек спортының жалпыадамзаттық жетістіктерінің символына айналады деп ойлаймын. Бұл нысан сәулеттік жағынан мінсіз, энергияны үнемдейтін және ең озық инновациялық шешімдерді қамтитын заманауи кешен болады, - деді Шавкат Мирзияев.
Бұл жобаның құны 289 миллион доллардан асады. Қаланың ауданы 100 гектар Мұнда 10 мың орындық жеңіл атлетика және футбол стадионы, 6 жабық және 7 ашық спорт нысаны, су спорты сарайы, велотрек, жекпе-жек, командалық спорт кешендері салынады.
–Тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз келешек ұрпақ үшін зәулім ғимараттар салғанын көреміз. Біз ата-бабамыздың асыл дәстүрін жалғастырып, елімізде үлкен жасампаз істерді жүзеге асырудамыз. Әрине, мұндай ауқымды жобалар көптің ортақ күшімен, еңбекқор халқымыздың белсене атсалысуымен жүзеге асып жатыр, – деді Президент.
Сондай-ақ, жарыстардан кейін кешен қаңырап бос қалмайды. Азия ойындарынан кейін бұл жерде Спортты дамыту министрлігі, спорт федерациялары мен Өзбекстанның Мемлекеттік спорт академиясы жұмыс істей бастайды. Кешендерде өзбекстандықтар да спортпен айналыса алады.
Шараға белгілі спортшылар, федерация басшылары, сала ардагерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Президент Шавкат Мирзияев Олимпиада қалашығының құрылысының іргетасын қалады.
– Республикада барлық салада жобалар, ғимараттар көбейіп келеді. Бұлардың астарында ұлы халқымыздың ерен еңбегі, ұлы халқымыздың ниеті, болашаққа деген сенімі жатыр. Құдай қаласа, мұндай жобалар әлі де көп болады, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты шарада Азия Олимпиада кеңесінің бас директоры Хусайн әл-Мусаллам, Азия Паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашид, «CAMC Engineering» бас директоры Ли Хайсин, Өзбекстан спорт ұйымдарының құрметті кеңесінің төрағасы Бахадир Макшитов және жас спортшылар сөз сөйлеп, қаланың болашақ жағдайы мен маңыздылығы туралы айтты.