Мәжілісті Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмаилов жүргізді.
Жиын елдің мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды.
Жаңартылған Конституцияның 94-бабына сәйкес, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына кандидатураны қарау және мақұлдау Олий Мажлис Заң шығару палатасының айрықша өкілеттіктеріне жатады. Ал 118-бап бойынша, Премьер-Министрдің кандидатурасы Өзбекстан Республикасының Президенті ұсынуымен жүзеге асырылады.
Осыған байланысты мәжілісте Президент Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
– Еліміз алдына қойылған стратегиялық және ағымдағы міндеттерді жүзеге асыруда барлық атқарушы органдардың, әсіресе үкімет пен оның басшысының жауапкершілігі қазіргі күрделі кезеңде бұрынғыдан да артып отыр. Халқымыз бүгін жаңа үкіметтен нақты нәтижелер күтуде, – деді Мемлекет басшысы.
Президент кейінгі бес жылдағы бағдарламалардың орындалу барысына тоқталды. Аталған кезеңде ел экономикасы екі есеге өсіп, 100 миллиард долларлық тарихи меже еңсерілді. Халықтың жан басына шаққандағы табысы 3 мың долларға жетеді деп күтілуде.
Экспорт көлемі шамамен екі есеге артып, алғаш рет 25 миллиард доллардан асып түсті. Алтын-валюта қоры 40 миллиард доллардан асты. Шетелдік инвестициялардың көлемі 6 есеге көбейіп, соның нәтижесінде 1,5 миллион жоғары табысты жұмыс орны пайда болды.
Соңғы үш жылда жалпы қуаттылығы 2,7 миллион киловатт-сағат болатын 10 ірі күн және жел электр станциясы іске қосылды. Баламалы энергияның үлесі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артты.
Мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 74 пайызға, ал жоғары білімде 39 пайызға жетті. Барлық өңірлерде «Адам орталықтары» ашылып, әлеуметтік қызметкерлер тұрғындарға тікелей елді мекендерде 100-ден астам әлеуметтік қызмет көрсетуді жолға қойды.
«Өзбекстан – 2030» стратегиясында елдің жалпы ішкі өнімін 160 миллиард долларға жеткізу мақсаты қойылған. Барлық мүмкіндіктердің іске қосылуы нәтижесінде бұл көрсеткіш биылдың өзінде 110 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.
Мұндай қарқынды даму жалғасса, 2030 жылға қарай Өзбекстан экономикасының көлемі 200 миллиард долларға жетуге қауқарлы екені айтылды. Бұл ел халқының өмір сүру деңгейі мен сапасын едәуір жақсартудың берік негізі болмақ.
Атап айтқанда, халықтың жан басына шаққандағы табысын 5 мың доллардан асыру, кедейлік деңгейін 5 пайызға дейін төмендету, мұқтаж тұрғындарға тұрақты әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты екі есе ұлғайту, медициналық сақтандыру жүйесіне көшу, кепілдендірілген медициналық қызметтермен халықты толық қамту, жыл сайын 150 мың заманауи пәтер салу мүмкіндігі жасалады.
Президент осы ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін негізгі бағыттарға назар аударды.
Біріншіден, макроэкономикалық тепе-теңдікті сақтай отырып, алдағы бес жылда экономикалық өсімді 6-7 пайыз деңгейінде ұстап тұру қажет. Бұл ретте инфляцияны 5-6 пайыз, бюджет тапшылығын 3 пайыз шегінде ұстау және жылдық кредит көлемін 30 миллиард долларға жеткізу негізгі міндет саналады.
Екіншіден, 2025 жылы 1 миллион адамды кедейліктен шығару Министрлер Кабинетінің басты экономикалық міндеті ретінде белгіленді. Сонымен бірге, 2030 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін халықаралық стандарттарға сай 5-6 пайыздан асырмау Үкіметтің күн тәртібінде тұр.
Үшіншіден, экономика мен халық табысын арттыруда жоғары қосымша құнды өнім өндіретін өнеркәсіп салаларына ерекше мән берілуі керек. Осыған орай, Министрлер Кабинетінің инвестициялық жобалар аясында келесі жылы ел экономикасы үшін маңызды 300-ден астам ірі жобаны іске қосу міндеттеліп отыр. Экономиканы энергия ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету және энергия тиімділігін екі есе арттыру да аса маңызды мәселе.
Төртіншіден, алдағы бес жылда экономикадағы жеке сектордың үлесін 85 пайызға дейін жеткізу басым мақсаттардың бірі. Осы бағытта 2 мың кәсіпорындағы мемлекеттік үлесті және 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысанын жекешелендіру, сондай-ақ 16 ірі кешеннің акцияларын IPO-ға шығару жоспарланған. Сонымен қатар, Үкімет 30 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуі керек.
Бесіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет болып қала бермек. Үкімет ауыл шаруашылығындағы өндірісті 1,3 есе арттырып, әр гектар жерден алынатын орташа табысты 5 мың долларға жеткізуі тиіс.
Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау мен спортты дамыту, әлеуметтік қызметтердің деңгейін жақсарту қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы алға қойылған бұл мақсаттарға жету үшін Үкімет пен парламент арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ең алдымен, атқарушы билік органдарының жұмысын халыққа барынша жақындату қажет. Заңдардың орындалуын Олий Мажлис палаталарының тиісті комитеттері мен жауапты атқарушы органдар бірге бақылауы керек.
Үкімет, министрліктер мен мекемелер, сондай-ақ өңір басшылары депутаттар анықтаған жергілікті мәселелерді шешуде төменгі палата комитеттерімен жүйелі ынтымақтастық орнатуы тиіс. Осыған байланысты түрлі салаларда бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік инспекциялардың есептерін Заң палатасы комитеттерінде талқылап отыруға бағытталған жаңа жүйені енгізу бастамасы көтерілді.
Парламенттік бақылау, ең алдымен, «халық бақылауы, халық талабы» екені ерекше атап өтілді. Бұл тұрғыда барлық басшылар жауапкершілік пен міндеттерін толық сезінуі қажеттігі баса айтылды.
Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту және жақын көршілермен аймақтық серіктестікті тереңдету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы мақсатта Сыртқы саясат тұжырымдамасын жаңа редакцияда қабылдау қажеттігін мәлімдеді.
Орталық Азия елдері, сондай-ақ жетекші серіктес мемлекеттер, беделді халықаралық және аймақтық ұйымдар, қаржы институттарымен тиімді әрі жүйелі байланыстарды одан әрі дамыту әрдайым басты назарда болуы керектігі атап өтілді.
Қазіргі күрделі кезеңде Өзбекстан тәуелсіздігі мен егемендігін, халқымыздың бейбіт әрі еркін өмірін қорғау ең басты міндет екені айтылды. Осы мақсатта Қарулы Күштердің жауынгерлік және рухани әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ жастарды заманауи білім мен кәсіпке баулу үшін мол мүмкіндіктер жасалатынына ерекше көңіл бөлінді.
– Бүгінде тек осындай алдыңғы қатарлы жастармен, адал ниетті зиялы қауыммен және Ел дамуы үшін бірлескен халықпен ғана мемлекет өз ұлттық мүдделерін толықтай жүзеге асыра алады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Абдулла Ариповтың кандидатурасын ұсынды.
Абдулла Арипов Министрлер Кабинетінің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді даму бағдарламасын таныстырды.
Кандидатура мен бағдарлама бойынша саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен депутаттар өз пікірлерін білдірді.
Жасырын дауыс беру нәтижесінде Абдулла Ариповтың кандидатурасы мақұлданып, ол Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына мақұлданды. Осыған байланысты Олий Мажлис Заң шағарушы палатасы тиісті қаулы қабылдады.
Мәжіліс соңында алдағы жылдың басым бағыттары талқыланды.
Шавкат Мирзиёев 2025 жылды «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономика жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл бағытта атқарылатын негізгі міндеттер белгіленді.
– Бүгінде халқымызбен бірге еліміз дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Сенімім кәміл, бұл – Жаңа Өзбекстанымыздың қарқынды дамитын, жаңа белестерді бағындыратын кезеңі болмақ. Бұл кезең парламент пен үкімет қызметінде жаңа жұмыс тәсілдері қалыптасатын, халқымызға адал қызмет ету үлгісі тарихқа алтын әріппен жазылатын дәуір болады, – деді Президент сөзінің соңында.