Қазіргі дәуірде табиғат тазалығы ең өзекті мәселеге айналды. Ауаның және судың ластануы, топырақ эрозиясы, шөлейттену мен жаһандық жылыну табиғи тепе-теңдікке және адамдар денсаулығына зиян тигізуде. Бұл мәселелер Өзбекстанда алдын ала ескеріліп, қоршаған ортаны қорғау шаралары қолға алынған.
Мемлекет басшысының бастамасымен үш жыл бұрын басталған «Жасыл мекен» жалпыұлттық жобасы шынайы халықтық қозғалысқа айналды. Жыл сайын көктем мен күз мезгілдерінде ағаш отырғызу дәстүрі жанданып келеді.
Президент бұл бастамада үнемі үлгі көрсетіп жүр. Бұған дейінгі жылдарда Жаңа Ташкент, Сергели және Чиланзар аудандарында көшет отырғызған еді. Биыл ел астанасының Бектемір ауданында, Ташкент айналма жолының бойында жаңа жасыл аймақтың негізі қаланды.
Ол үшін 100 гектар жер бөлініп, екі жылда 100 мың түп ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған. Оларды күтіп-баптау үшін үш жасанды су қоймасы мен 12 құдық салынған.
Белгілі болғандай, «Жасыл мекен» жобасы аясында қалалардың жасыл аймақ үлесін 30 пайызға дейін жеткізу және олардың айналасында «жасыл белдеу» құру көзделген. Айналма жол бойындағы бұл аймақ Ташкенттің «жасыл белдеуінің» бір бөлігі болады. Тағы бір ерекшелігі – мұнда табиғи орман үлгісін жасау жоспарланған.
Мемлекет басшысы шара барысында қоғамдық өкілдермен және шетелдік дипломаттармен әңгімелесіп, осы игі бастамаға үлес қосқандары үшін алғысын білдірді.
– Бұл дәстүр бізде бұрыннан бар. Халқымыз табиғатты «ана» деп бағалап, жер мен суды ерекше қастерлейді. Қазіргі экологиялық мәселелердің әсері осы шындықты айқын көрсетіп отыр. Сондықтан «Жасыл мекен» жобасын бастадық. Алдағы жылдың атауын да қоршаған ортаны қорғауға арнадық. Бұл бастамалар кеңінен таралып, әсіресе жастарымыздың санасына терең сіңуі қажет. Әр үй, әр мекеме табиғатты қорғауға үлес қосуы тиіс, – деді Шавкат Мирзиёев.
Шараны бейнебайланыс арқылы Қарақалпақстан Республикасы мен облыстардағы қоғам өкілдері де бақылап, өз өңірлерінде көшет отырғызды. Биылғы күзгі маусымда «Жасыл мекен» жобасы аясында 80 миллион түп ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.
Көктемде 138 миллион көшет отырғызылған еді. Министрліктер мен әкімдіктер 257 бау-бақша құрды. Ірі өнеркәсіп орындары мен қалдық полигондарының айналасына да ағаш отырғызылып, «жасыл белдеулер» пайда болуда.
Автокөлік және теміржолдар, өзен мен каналдардың бойындағы жерлер ағаш отырғызу үшін шамамен 10 мың тұрғын мен кәсіпкерге жалға берілген. «Менің бағым» жобасы аясында жеңімпаз деп танылған 215 жоба бойынша кезең-кезеңімен көгалдандыру жұмыстары басталды.
Жалпы, соңғы үш жылда республика аумағында 646 миллион түп ағаш пен бұта отырғызылды. Арал өңіріндегі жасыл аймақ көлемі 2 миллион гектардан асты.