Сырдария облысы инновациялық аймаққа айналады

    Билік 7 Aprel 2023 6444

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 7 сәуір күні Сырдария ауданына жұмыс сапармен барды.

    Гүлістан қаласында Халық депутаттары Сырдария аудандық Кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті.

    Мемлекет басшысы сөзінің басында облыс тұрғындарының жоғары патриоттық сезіммен еңбек етіп, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын атап өтті.

    Кейінгі алты жылда облысқа 30 триллион сум инвестиция тартылып, 6640 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Осы арқылы 55 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, 17 мың отбасы кедейшілік деңгейінен шығарылды.

    Сырдарияда да кәсіпкерлер көбейді. Құрылыс материалдары, фармацевтика, тері және тамақ өнеркәсібі сияқты бұрын болмаған жаңа салалар пайда болды. Атап айтқанда, құрылыс материалдарында 274 жоба жүзеге асырылып, бұл сала жаңа драйверге айналды. Осы саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі 7 пайыздан асты.

    Облыс бақша дақылдарын өндіру және экспорттау бойынша республикада бірінші орында. Республикадағы электр энергиясының үштен бірі, тері өнімдерінің 16 пайызы, фармацевтика өнімдерінің 10 пайызы Сырдарияда өндіріледі.

    Президенттің өткен жылдың қазан айындағы сапарынан кейін Сырдарияны «жұмыссыздықтан азат аймаққа» айналдыру бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарламадағы шараларға облысқа қосымша 2 триллион сум бөлінді.

    Атап айтқанда, 20 мың тұрғынға жеңілдетілген несие, 5 мың жұмыссыз жастарға құрал-жабдықтар алуға гранттар берілді. Сондай-ақ, 2000-нан астам жаңа қолөнер ісі қолға алынып, 12 мыңнан астам жас маман кәсіпке оқытылды. Халықтың шаруашылығына қосымша 5 мың гектар жер бөлініп, 10 мың адам табысты жұмыспен қамтылды.

    Мемлекет басшысы қол жеткізген нәтижелер қазір тарих болып қалғанын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін әлі де көп мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

    Соның ішінде Сырдарияның жері, суы, табиғи байлығы мол. Жан басына шаққандағы егістік жер басқа аймақтармен салыстырғанда 2-3 есе көп. Облыстың ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету деңгейі де жоғары. Бұл салаға ғылым мен инновация әкелінсе, өнім көлемін ұлғайтып, экспортты көбейтуге болады.

    Сырдария республикадағы ең ірі тұтыну нарығы Ташкент қаласына жақын орналасқан. Сондай-ақ көршілес екі ел – Қазақстан және Тәжікстанмен ыңғайлы көлік дәлізіне ие.

    Мемлекет басшысы осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Сырдарияны өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, білім және медицина салаларындағы «озық инновациялар аймағына» айналдыру қажеттігін баса айтты.

    Бұл тұрғыда Қытай тәжірибесіне сүйенген тиімді. Өйткені бұл ел осы салаларда үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ, аймаққа қытайлық инвесторлардың да қызығушылығы жоғары. Соңғы алты жылда «Ширин» қаласында, «Мирзаабад», «Сырдария» аудандарында 60-тан астам ірі өнеркәсіп орындары ашылды. Тек 2022 жылдың өзінде өңірге 250 миллион доллардан астам Қытай инвестициясы тартылған.

    Жиында Президент Сырдария тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 жаңа бастаманы жария етті.

    Біріншіден, озық инновациялар саласында био-фармацевтика, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, тамақ, электротехника, медицина және білім берудің 20 бағытындағы жобалары үшін арнайы жеңілдіктер режимі енгізіледі. Оған сәйкес, 3 жылға дейін жер, мүлік, пайда және айналым салығы мен кедендік баж салығынан босатылады. Жер учаскелері оңайлатылған тәртіппен беріледі, жер мен ғимараттарды сатып алу үшін 5 жылға дейін бөліп төлеуге рұқсат етіледі.

    Сондай-ақ Сырдарияда 500 миллион доллар инвестиция есебінен Өзбекстан-Қытай биотехнологиялық кластері құрылады. Онда Қытайдың жетекші университеттерімен бірлесе отырып Гүлістанда халықаралық білім беру және зерттеу университеті, инновациялық медициналық клиникасы, Орталық Азия геном орталығы, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жасушалық терапия орталығы құрылады. Сондай-ақ, кластер заманауи диагностикалық құрылғыларды, инновациялық вакциналарды, пробиотиктер мен онкологиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектерді шығарады.

    Ол үшін 200 гектар жер бөлініп, 10 мың орындық оқу ғимараттары, заманауи қалашық, зертханалар, инженерлік мектеп салынады.

    Екінші. Облыстың 11 ауданы мен қаласы Қытай үлгісі бойынша өнеркәсіпке маманданады, әрқайсысында инновациялық технопарктер құрылады. Оларда электротехника, биофармацевтика, химия, құрылыс материалдары, жібек және тамақ өнеркәсібінде инновациялық жобалар жүзеге асырылады. Технопарктерге еркін экономикалық аймақ мәртебесі беріліп, «кедендік аумақта қайта өңдеу» режимінің оңайлатылған жүйесі енгізіледі. Биыл технопарк инфрақұрылымына 200 миллиард сум бөлінеді.

    Инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Сырдарияда «Өзбекстан-Қытай инвестициялық қоры» құрылады. Бұл қор Қытайдың беделді Жібек жолы қорымен және басқа да қаржы институттарымен бірлесіп құрылады. Қорға 1 миллиард доллар инвестиция салынады.

    Үшінші. Сырдарияда ең озық агротехнологиялар енгізіледі. Қытайдан облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша кеңесшілері, ирригациялық-мелиоративтік жүйелерді жаңғыртуға инвесторлар тартылады.

    Сондай-ақ Қытай тәжірибесінің көмегімен Сайхунабадта ірі қара мал және құс шаруашылығы экокешендері, Мирзаабадта интенсивті анар, бақша, пекан жанғағы және балық өсіру плантациялары құрылады. Хавоста өсімдіктерден алынатын табиғи бояулар өндірістік қуаты, жеміс-көкөніс сақтау, өңдеу және орау технопаркінің құрылады. Шор және құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал тұқымдарын жасау бойынша Қытайдың жетекші университеттерімен ынтымақтастық орнатылады.

    Төртінші. Сырдария Өзбекстанды Қазақстан, Тәжікстан, Қытай және Ауғанстанмен байланыстыратын ірі логистикалық хабқа айналады. Ол үшін қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, республиканың шығыс және орталық бөліктерін және шетелдік бағыттарды байланыстыратын жаңа көлік бағыттары мен мультимодальды логистикалық орталық салынады.

    Бұлардан бөлек, жол құрылысы, жөндеу және басқаруға жеке секторды тарту да Сырдариядан басталады.

    Бесінші. Медициналық реформалардың нәтижелері мен саладағы мүмкіндіктер негізінде Гүлістан қаласы республиканың «инновациялық медициналық орталығына» айналады.

    Сессияда ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Президент Шавкат Мирзиёев Сырдария облысының әкімі қызметіне Акмалжон Махмудалиевті ұсынды.

    А.Махмудалиев 1974 жылы дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған. Ферғана облысы «Үчкуприк» ауданының әкімі, Науаи облысы әкімінің ауыл және су шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ол өткен жылдың қараша айынан бері Сырдария ауданының әкімі міндетін атқарып келген.

    Кандидат лауазымға бекітілмес бұрын оның жоспары тыңдалды. Акмалжон Махмудалиев өңірде кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытып, тұрғындарға лайықты өмір сүру жағдайын жасауды жоспарлап отырғанын айтты.

    Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

    Жалпы, Сырдарияда әлеуметтік мәселелерді шешуге осы жылғы мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған 685 миллиард сумға қосымша 380 миллиард, отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға тағы 110 миллиард сум бөлінді.

    Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік жобаларына 1 миллиард доллар, инфрақұрылым құрылысына 105 миллион доллар тарту туралы тапсырма берілді.

    Бұлардан бөлек шетел инвестициясын тарту арқылы Сырдария ауданын инновациялық аймаққа айналдыру міндеті қойылды.

    Презентациядан кейін облыстық кеңес депутаттары кандидаттың жоспары туралы өз пікірлерін білдірді. Ұйымдастыру мәселесі дауысқа салынды. Оның қорытындысы бойынша Акмалжон Махмудалиев Сырдария ауданының әкімі болып бекітілді.