Жаңа Өзбекстан инвестиция үшін өте қолайлы елге айналады

    Билік 27 Aprel 2023 4005

    Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің екінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі.

    Құрметті форум қатысушылары!

    Құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар!

    Сіздермен екінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумында кездесіп тұрағаныма өте қуаныштымын.

    Әрине, осы форум аясында Өзбекстанның жақын достары және сенімді серіктестері болып табылатын шетел үкіметтері мен халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен, сондай-ақ беделді компаниялардың басшыларымен кездесулеріміз баршамыз үшін жақсы дәстүрге айналып отыр.

    Сіздердің қонақжай өлкемізге келуіңізді елімізге деген құрмет пен реформаларымызға деген сенімнің көрінісі ретінде қабылдаймыз.

    Өзбекстанға қош келдіңіз!

    Құрметті форум қатысушылары!

    Халықаралық аренада болып жатқан күрделі де қауіпті жағдайлар мен болжауға болмайтын өзгерістер әлемдік экономиканы шындап сынап жатқаны ешкімге де жасырын емес.

    Бүгінгі кездесуіміз екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және барлығымыз үшін жаңа іскерлік мүмкіндіктерді ашуға қызмет ететініне сенімдімін.

    Құрметті достар!

    Өткен жылы болған бірінші Халықаралық инвестициялық форумда ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланып, көптеген келісімдерге қол жеткізілді.

    Бір жыл ішінде еліміз экономикасын одан әрі ырықтандыру, бизнеске кең жол ашу, осыған байланысты заңның үстемдігі мен құқықтық кепілдіктерді күшейту бойынша жүйелі реформаларды қарқынды түрде жалғастырдық. Атап айтқанда, өңірімізде барынша қолайлы фискалдық жүйені құруда үлкен өзгерістерге қол жеткіздік. Қосымша құн салығының мөлшерлемесі 12 пайызға дейін төмендетілді. Өздеріңіз білесіздер, бұрын бұл салық мөлшерлемесі 20 пайыз болатын. Сондай-ақ экспорттаушы кәсіпорындарға қосылған құн салығын 7 күн ішінде қайтару жолға қойылғаны, салық және кеден органдарында өзара есепке алудың жолға қойылғаны кәсіпкерлерге өте қолайлы болуда. Осы уақытқа дейін инвесторлар екі бөлек жүйенің арасында қиналатын еді.

    Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың өз акцияларынан алған дивидендтері үш жыл мерзімге салықтан босатылып, ол үшін пайда салығы 20 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетілді.

    Маңыздысы, салық және кеден заңдарына жаңа немесе ауырлататын жауапкершілік шараларын енгізуге болмайтыны анықталды.

    Сыртқы сауданы ырықтандыру бойынша келесі маңызды қадамдар жасалды. Атап айтқанда, инвесторларға қажетті 7 мыңнан астам шикізат пен тауарларға кедендік баж салығы алынып тасталды. Кедендік аумақта қайта өңдеудің оңайлатылған тәртібі енгізілді.

    Сыртқы сауда мен бәсекелестік ортасын жаңа деңгейге шығару, жаңа нарықтарға шығу үшін біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бойынша жұмысымызды жеделдеттік.

    Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары біздің реформаларымыздың мазмұнына толық сәйкес келетінін және біз осы беделді ұйымға тезірек мүше болуға мүдделі екенімізді атап өткім келеді.

    Қазіргі таңда ұйымға мүше елдермен келіссөздер жүргізіліп, ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерімен үйлестіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізу үшін нақты жоспарлар алдық.

    Атқарушы билік жүйесінде бюрократияны азайту, сыбайлас жемқорлықты жою, жинақы әрі тиімді басқаруды енгізу мақсатында батыл әкімшілік реформаны бастадық.

    Осыған байланысты барлық министрліктер реформаланып, олардың саны 61-ден 28-ге дейін қысқартылып, міндеттері мен өкілеттіктері нақты айқындалды.

    Сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлікті реттеуге бағытталған 500 функциясы жойылды, 70-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және аутсорсинг негізінде жеке секторға берілді.

    Бүгінгі таңда 132 лицензия мен рұқсат беру құжаттарының күші жойылды, 33-і хабардар ету тәртібіне көшті.

    Ең бастысы, осы реформа аясында инвесторлармен жұмыс істеудің кешенді жүйесі енгізілді.

    Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігінде инвесторларға жобаның басталуынан бастап оның іске қосылуына дейінгі барлық процестерге көмектесетін «бір терезе» құрылған.

    Инвесторлардың қызметіне қатысты мәселелерді жедел шешу, олардың Мемлекет басшысымен тікелей байланыс орнату мақсатында Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмысын бастады.

    Мен шетелдік компаниялардың өкілдері және бизнесмендермен көбірек араласуға тырысамын. Сіздердің идея, ұсыныс бастамаларыңыз маған күш-қуат беріп, жаңа реформаларға итермелейді. Сондықтан мен жаңа инвесторлармен жиі кездесулер өткізуге дайынмын және сіздің еліміздегі табыстарыңызға жеке кепілдік беремін.

    Инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғау бойынша реформаларымыз да қарқынды жалғасуда.

    Шетелдік инвесторлардың Өзбекстанға жылжымайтын мүлік сатып алу, келу-кету және тұру шарттары айтарлықтай жеңілдетілді.

    Инвесторлардың құқықтарын сот арқылы кепілдендірілген қорғау бағытында үлкен қадамдар жасалуда. Осыған байланысты әкімшілік соттардың өкілеттігі арттырылып, оларға үлкен өкілеттіктер берілді. Бұдан былай кәсіпкерлер мен инвесторлар өз талаптарының дұрыстығын сотта дәлелдеуге міндетті емес. Енді мемлекеттік мекеме өз шешімінің заңдылығын дәлелдейтін болады. Кез келген белгісіздік инвесторлардың пайдасына шешіледі.Біздің заңдарымызда халықаралық арбитраждық соттардың шешімдерін міндетті түрде орындауға бағыттау тетіктері күшейтілді.

    Биыл да біз кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша реформаларымызды жалғастырамыз. Атап айтқанда, халықаралық сарапшылардың қолдауымен тарихымызда алғаш рет Халықаралық коммерциялық соттың қызметі құрылмақ.

    Реформаларымыздың нәтижесінде Өзбекстанның аймақтағы экономикасы әртараптандырылған ең жоғары мемлекет ретіндегі мәртебесі одан әрі нығая түседі.

    Бір жылдың ішінде 100 мыңға жуық жаңа кәсіпорын құрылып, шетелдік инвестицияның жылдық көлемі 10 миллиард долларға жетті немесе реформалар басталған 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, 1 миллионға жуық адам кедейліктен шығарылып, кедейлік деңгейі 17%-дан 14%-ға дейін төмендеді. Естеріңізге сала кетейін, бұл көрсеткіш реформалардың басында 30 пайыздан жоғары болатын.

    Әрине, бұл жетістіктерде сіздердің, құрметті серіктестеріміздің орны баға жетпес.

    Кейінгі жылдары сіздердің қолдауларыңызбен елімізде мыңдаған заманауи кәсіпорындар құрылды, ірі жобалар жүзеге асырылды, жүздеген мың жаңа табысы жоғары жұмыс орындары ашылды.

    Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осындай жетістіктерге лайықты үлес қосып жатқан барлық шетелдік және отандық инвесторларға, серіктес елдердің үкіметтеріне, халықаралық қаржы институттарына үлкен алғысымды және зор құрметімді білдіргім келеді.

    Құрметті қонақтар!

    Реформаларымыз қарқынды түрде жалғасуы және елімізде бизнестің қауіпсіз әрі еркін дамуы үшін бұдан да күшті құқықтық негіз қажет.

    Өздеріңіз білетіндей, жақын күндері Жаңа Өзбекстанның жаңартылған Конституциясы бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді.

    Ең әуелі, жаңа Конституциямызда Өзбекстанның егеменді, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет екендігі арнайы жазылуда. Барлық өзгерістер «адам құқығы мен бостандығы бірінші орында» деген идеяға негізделген. Сондай-ақ, Конституциямызда алғаш рет мемлекет қолайлы инвестициялық және кәсіпкерлік ортаны, меншікке қол сұғылмаушылықты, нарықтық қатынастарды дамытуды және адал бәсекелестік үшін жағдай жасауды, сот тәуелсіздігін қамтамасыз етуге міндеттенді.

    Жаңа Конституция біз бастаған реформаларды жалғастыратыны сөзсіз, ең бастысы, олардың артқа қайтпайтындай болатыны сөзсіз.

    Құрметті достар!

    Енді сіздермен ынтымақтастығымызды кеңейтудің жаңа мүмкіндіктеріне тоқталуға рұқсат етіңіздер.

    Біріншіден, Өзбекстан «жасыл экономикаға» көшуді табанды түрде жалғастырады.

    Әсіресе, «ACWA Power», «Masdar», «Total Eren» сынды әлемнің ең беделді компаниялары елімізде күн және жел электр станцияларының ауқымды жобаларын жүзеге асыруда. Биыл 2 мың мегаваттан астам, келесі жылы 8 мың мегаватт іске қосылады.

    «Жасыл экономика» бізге индустрияның жаңа бағыттарын алып келуде. Күн батареялары, жел қондырғылары, инверторларды және басқа да электротехника өнімдерін шығаратын кәсіпорындар құрылуда. Бұл инвесторлар үшін 8 миллиард долларлық мүмкіндікті білдіреді.

    Сіздерді осындай жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз және ол үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз.

    Екіншіден, соңғы уақытқа дейін экономиканың маңызды салалары тек мемлекеттік кәсіпорындардан тұратын еді.

    Біздің реформаларымыздың нәтижесінде бұрын «жабық» болған секторларға жеке инвестициялар белсенді түрде келуде. Бір ғана мысал, бұрын 100 пайыз мемлекеттік желі болған авиация жеке секторға ашылды. Атап айтқанда, 5 жеке авиакомпанияның құрылуы және Самарқанд әуежайының сыртқы басқаруға берілуі есебінен рейстер саны 2,5 есеге артты.

    Біз көлік саласында бәсекеге қабілетті орта құруға бағытталған реформаларды жалғастырамыз. Биыл Әндіжан, Наманган, Бұхара және Үргеніш әуежайларын басқаруды жеке секторға береміз.

    Теміржол саласында да үлкен өзгерістерді бастап жатырмыз, мен инвесторлардың бұған белсенді қатысуын сұраймын.

    Сонымен қатар Өзбекстанның IT, туризм, білім, медицинаның қарқынды дамып келе жатқан салаларында аймақтық хабқа айналуы да осы бағыттағы үлкен мүмкіндік.

    Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы институттарының қолдауына сүйенеміз. Мысалы, Ислам даму банкі бізге сенім артып, мемлекет кепілдіксіз құны 1,5 миллиард доллар болатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын белсенді түрде жүзеге асыруда. Сол үшін форумға қатысып отырған банк президенті Мұхаммед бен Сулейман әл-Джассир мырзаға ерекше алғысымды білдіремін.

    Біздің ынтымақтастығымыз ұзақ жылдарға созылады және екі тарап үшін де тиімді болады деп ойлаймын.

    Жалпы, биыл халықаралық қаржы институттарының қолдауымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті енгізу бойынша 14 миллиард доллардың жекелеген бағдарламалары әзірленді. Олардың қатарында мемлекет үшін маңызды көлік, коммуналдық және су шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты салалар бар және осы форум аясында нақты жобалар назарларыңызға ұсынылмақ.

    Үшіншіден, биыл мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бойынша «1 мың+1 мың+40» бағдарламасын қабылдадық.

    Бұл 1000 кәсіпорындағы мемлекеттік акциялар мен тағы 1000 мемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілері ашық аукциондарға шығарылады, экономикамыз үшін стратегиялық маңызы бар 40 кәсіпорын IPO-ға шығарылады деген сөз. Атап айтқанда, алтын және мыс өндіретін ірі кәсіпорындардың, телекоммуникация және сақтандыру компаниялары мен банктердің акциялары инвесторларға ұсынылуда.

    Төртіншіден, индустриялық дамуды жаңа деңгейге шығаруға басымдық береміз.

    Мысалы, бүгінде тоқыма, былғары-аяқ киім, құрылыс материалдары, электротехника, машина жасау салаларында шикізат базасы мен білікті кадрлар жеткілікті. Яғни, бұл салаларда «үлкен секіріс» жасап, олардың өндірісі мен экспортын еселеуге мүмкіндіктер жеткілікті. Ол үшін бізге ірі брендтермен ынтымақтастық, сыртқы нарыққа шығу, инновациялар мен заманауи технологиялар қажет.

    Біз барлық жағдайды жасауға, жеке технопарк пен индустриялық аймақтарды ұйымдастыруға және оларды әкелетін инвесторлар үшін басқа да қосымша жеңілдіктерге дайынбыз. Осыған байланысты министрлерге тапсырма бердім. Олар форум сессияларында сіздерге 160 ірі және өзара тиімді жобаларды ұсынады.

    Бесіншіден, біз Орталық Азиядағы тату көршілік саясатын жалғастырамыз және көршілес елдермен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін белсенді жұмыс істейміз.

    Осы мақсатта бірлескен инвестициялық қорлар ұйымдастырып, өнеркәсіп, энергетика, көлік және су шаруашылығы салаларында ірі өңірлік жобаларды жүзеге асырудамыз.

    Экономикаларымыздың «бірін-бірі толықтыру» принципіне негізделген өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кооперациясын қатаң түрде жалғастырамыз.

    Бүгінгі форумда көршілес Қырғыз Республикасының үкімет басшысы Ақылбек Жапаровты көргеніме қуаныштымын. Бауырлас Қырғызстанмен ынтымақтастықтың нәтижесінде соңғы жылдары өзара сауда көлемі 5 есеге, бірлескен кәсіпорындар саны 8 есеге артты. Атап айтқанда, тоқыма өнеркәсібі, автомобиль өнеркәсібі, геология, химия өнеркәсібі, ауыл және су шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты салаларда ауқымды жобаларды бірлесіп қолға алдық.

    Мұның барлығы 2021 жылы құрылған Өзбекстан-Қырғызстан даму қоры есебінен қаржыландырылуда.

    «Қамбарата ГЭС-1» және «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» темір жолының құрылыс жобалары бойынша да жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

    Осы ретте мен өңіріміздегі елдер арасындағы ынтымақтастықты жақсарту үшін осы бастамаларды белсенді түрде қолдап отырған көршілес елдердің үкімет өкілдеріне, ірі компаниялардың басшыларына және бизнесмендерге ерекше алғысымды білдіргім келеді.

    Құрметті конференцияға қатысушылар!

    Сіздің бүгінгі форумға қатысуыңызды және біздің елде бизнес жүргізуге деген зор қызығушылықыңызды жоғары бағалаймыз.

    Бүгінгі форум баршамыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.

    Жүргізілетін диалогтар арқылы Жаңа Өзбекстандағы бизнес үшін теңдессіз мүмкіндіктерді ашатыныңызға сенімдімін.

    Сіздер өзіңіз қалаған тыныштық пен тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық ортаны және қажетті кепілдіктерді біздің елден таба аласыз. Мен бұған Президент ретінде кепілдік беремін. Жаңа Өзбекстан бизнесіңізде ерекше жарқын із қалдыратын орын болады деп ойлаймын.

    Баршаңызға алдағы істеріңізге сәттілік пен үлкен табыстар тілеймін!

    Форум жұмысында екі жаққа да тиімді келісімдер жасалатынына тілектеспін.

    Назар аударғаныңызға рақмет.

    No date selected
    November 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates