Ережеге сәйкес, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен немесе қауіп-қатер төнген балалар мен олардың отбасыларына әлеуметтік қызметтер арнайы қорғау жоспарына сәйкес көрсетіледі.

Ал әлеуметтік тұрғыдан қауіпті жағдайда тұрған балалар мен олардың отбасыларына қызмет жеке интеграциялық жоспар негізінде ұсынылады.

Әлеуметтік қорғауға мұқтаж балалар мен олардың отбасыларына төмендегідей формаларда әлеуметтік қызметтер көрсетіледі:

әлеуметтік қорғауға мұқтаж балалар үшін:

– 6 айға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді әлеуметтік қызметтер;

– 1 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді әлеуметтік қызметтер;

– 1 жылға дейін тәулік бойы көрсетілетін әлеуметтік қызметтер;

сондай-ақ әлеуметтік қорғауға мұқтаж балалар мен олардың отбасылары үшін «Мейірімді отбасы» қызметі қарастырылған.

Әлеуметтік қызмет көрсетуге ниет білдірген жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар «Бірыңғай ұлттық әлеуметтік қорғау» ақпараттық жүйесінің («Әлеуметтік қорғау» АЖ) Әлеуметтік қызмет көрсетушілердің бірыңғай тізіліміне енгізілуі тиіс.

«Әлеуметтік қорғау» ақпараттық жүйесіне тіркелу үшін үміткер арнайы сауалнама толтырады.

Сауалнама 10 жұмыс күні ішінде үміткердің төмендегі талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қаралады:

– кемінде екі психоәлеуметтік қызмет көрсетуші маманның болуы және олардың кемінде бір жылдық еңбек өтілі мен денсаулығы туралы медициналық анықтамасының болуы;

– ғимараттар мен кешендерде санитарлық талаптардың сақталуы.

Сауалнама мақұлданғаннан кейін үміткер бірыңғай тізілімге енгізіледі және бұл туралы «Әлеуметтік қорғау» ақпараттық жүйесіндегі жеке кабинетіне электрондық хабарлама жіберіледі.