Бұл бағытта АҚШ пен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық кеңейтілуде.

Бұл туралы Американың USA Farm Labor компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Мануэл Фик алғашқы Ташкент халықаралық миграция форумында мәлімдеді.

Оның айтуынша, компания Өзбекстан үкіметімен бірлесіп, ел азаматтарының АҚШ-тағы ауыл шаруашылығы саласына арналған H-2A бағдарламасына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Мануэл Фиктің сөзінше, бұл серіктестік бір жағынан АҚШ-тағы жұмыс берушілер үшін жұмыс күші тапшылығы мәселесін шешуге көмектессе, екінші жағынан өзбекстандық азаматтарға шетелде еңбек етіп, табыс табуға және тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ол АҚШ-та еңбек құқықтарын қорғаудың мықты жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Елде жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, эксплуатацияның алдын алуға және адам саудасына қарсы күреске бағытталған заңдар мен механизмдер жұмыс істейтіні айтылды.

Оның сөзінше, АҚШ-қа маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына 10 айға дейін баратын өзбекстандық жұмысшылар лайықты еңбек жағдайларымен және қажетті құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз етіледі.

Компания басшысы жұмысшылар табатын табыстар олардың отбасылары үшін маңызды қаржылық қолдау болатынын, бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Сондай-ақ, бұл ынтымақтастық экономикалық тиімділікпен қатар, екі мемлекет арасында тәжірибе, білім және кәсіби дағдылар алмасуын да күшейтетіні айтылды.

Мануэл Фик америкалық жұмыс берушілердің Өзбекстаннан жас, еңбекқор, ағылшын тілін білетін білікті жұмысшыларды тартуға мүдделі екенін де атап өтті.