Бұл туралы Xinhua агенттігі хабарлады.

16 наурыз күні Kuaizhou-11 зымыраны жаңа қолданба орнатылған Yuxing-3 06 жасанды жерсерігін Цзюцюань ғарыш айлағы ұшыру орталығынан ғарышқа шығарды. Сынақ барысында құрылғы жанармай құюдың үш сценарийін орындады: автоматты түрде, жерден басқару арқылы және визуалды бағыттау негізінде.

Цинхуа университеті мамандарымен бірлесіп жасалған робот-манипулятор орбитада жанармай қосқыштарына дәл қосыла алатын жетек механизмі бар, іші қуыс, икемделгіш «қолдан» тұрады. Дәстүрлі қатты манипуляторлардан айырмашылығы — құрылғы оңай иіліп, пішінін өзгерте алады, бұл оған тар кеңістіктерде жұмыс істеуге және күрделі операцияларды орындауға мүмкіндік береді.

Жоба менеджері Ван Сюэцянь бұл технологияның кең мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай роботтар тек жасанды жерсеріктерге жанармай құйып, оларды жөндеп қана қоймай, ғарыштағы қоқыстарды да жоя алады.

Компания бұл сынақты Қытайдың коммерциялық ғарыш саласы үшін маңызды қадам деп бағалады. Бұл алғашқы тәжірибе емес: 2025 жылдың қаңтарында Қытай ғарыш аппараттарына жанармай құю және қызмет көрсету мерзімін ұзарту технологияларын сынау үшін Shijian-25 жерсерігін ұшырған болатын. Бұл туралы kazinform хабарлады.