Жобаның жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Оның 17 мың шаршы метр бөлігі жасанды су айдынын салуға бөлінген. Қалған аумақта балалар ойын алаңдары мен жайлы айвондар салу жоспарланған.

Сонымен қатар нысанда күн панельдері, суды тазарту және озондау жүйелері орнатылады.

Геологиялық зерттеулер бұл аумақта жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін растаған. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының 30 пайыздан астамы орындалған. Қазіргі уақытта конструкцияларды арматуралау және нығайту, тірек қабырғасын тұрғызу жұмыстары жүргізілуде.

Жоспарға сәйкес, қараша айына дейін қабырғаның шамамен 800 метрлік бөлігін салып бітіру және су айдынының түбіндегі топырақты толығымен шығару көзделген. Ал нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жаңа су айдыны аумақтағы шаң-тозаң мөлшерін азайтуға, ауаны ылғалдандыруға және қолайлы микроклимат қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде. Бұл демалыс орны тұрғындарға серуендеуге, тынығуға және спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, құрылыс барысы тұрақты бақылауда. Жұмыстың барлық кезеңінде ағаштарды сақтау, экологиялық талаптар мен заңнама нормаларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.