Шавкат Мирзияевтің сайлауалды кездесулерінде жергілікті қажеттіліктер мен халықтың сұранысын ескере отырып, аймақтық бағдарламалар анықталған болатын. Оларға келер жылы 75 триллион сумға жуық қаржы бөлу жоспарлануда. Ендігі маңызды міндет – осы бағдарламаларды ауданға жеткізіп, олардың орындалуын қамтамасыз ету.
Жиында осыған байланысты шаралар талқыланды.
Атап айтқанда, келер жылы отбасылық кәсіпкерлік бағдарламаларына, жұмыссыздар мен жастарды кәсіптік оқытуға, қызмет көрсету саласындағы жобаларға 13 триллион сум бөлінеді.
– Жаңа Өзбекстан дегеніміз – ең алдымен жаңаша жұмыс істеу дегені. Әсіресе, әкімдер ауысуы керек. Бөлінген қаржы маңайда көрініс таппаса, барлық күш-жігер нәтиже бермейді. Мұндағы басты өлшем – жұмыс орындарын құру және кедейшілікті азайту, – деді Мемлекет басшысы.
Жұмыспен қамтудың ең үлкен салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Келер жылы 80 мың гектар мақта және астық алқаптары халыққа берілуі көзделген. Жеміс-көкөніс кластерлеріне 2 триллион сум, осы саладағы жобаларға 100 миллион доллар, шаруа қожалықтарында егін өсіруге тағы 100 миллион доллар бөлінеді. Халықтың ауыл шаруашылығын жолға қоюы үшін банктер 7 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие береді.
2022 жылы мемлекеттік инвестициялық бағдарлама бойынша құны 18 триллион сумнан асатын 1700-дей жоба, салалық және аймақтық инвестициялық бағдарламалар бойынша құны 22 миллиард долларды құрайтын 9 мың жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде олар 135 мың және 305 мың жұмыс орнын құруды мақсат етіп отыр.
Мемлекет басшысы бұдан былай бағдарламалар министрлікте емес, махаллада қалыптасатынын, оларды әкімдердің көмекшілері өздері «махаллабай» қағидасымен әзірлеу керектігін айтты.
Келесі жылы халықаралық қаржы институттарының 2,2 миллиард доллары игеріліп, 109 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 28 мың адам жұмыспен қамтылады.