Мемлекет басшысы 2022 жылға арналған бюджет параметрлері бойынша кеңес өткізді

    Билік 1 Noyabr 2021 7646

    Президент Шавкат Мирзияев 2022 жылға арналған салық түсімдері мен бюджет параметрлері бойынша кеңес өткізді.

    Келер жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасында бірінші кезекте әлеуметтік салаға, соның ішінде білім мен медицина саласына 58 триллион сум бөлінеді.

    Президент осы қаржыға қосымша 12 триллион сум бөлуді ұсынды. Өйткені өңірлердің сұранысы мен тұрғындар сұранысын ескере отырып, келесі жылы 55 жаңа бағдарламаны жүзеге асыру жоспарлануда.

    Атап айтқанда, шалғай елді мекендерде 1600 балабақша ашу, Ұлттық білім беру бағдарламасы бойынша 40 жаңа мектеп салу және 235-ін жөндеу, оқулықтарды жаңарту, компьютерлік сыныптарды ашу көзделген.

    Жоғары білім беру жүйесінде де атқарылар көптеген міндеттер бар. Атап айтқанда, бакалавриат деңгейіне, магистратура мен докторантураға қабылдауға берілетін мемлекеттік гранттардың санын көбейту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жатақхана құрылысын субсидиялау және 80 мыңнан астам студенттің пәтер ақысының бір бөлігін жабу мақсаты тұр.

    Бастапқы медицинаны дамытуға және аймақтарда жоғары технологиялы медициналық қызметтерді енгізуге келесі жылы барлығы 8 триллион сум бөлінеді. Оның 1 триллион сумы онкогематология, эндокринология, бүйрек және бауыр трансплантациясы сияқты бағдарламаларға бағытталады. Коронавирусқа қарсы вакцина алғандар санын 17 миллионға жеткізу үшін мұқтаж халыққа мамандандырылған медициналық қызмет көрсетуге қажетті қаражат бөлінеді.

    Мемлекет басшысы мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық жалақысын кезең-кезеңімен көтеру қажеттігін айтып, осы мақсатқа қосымша қаржы бөлуді ұсынды.

    Мемлекеттік бюджет жобасында өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға да баса назар аударылған. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салуға, кварталдарды абаттандыруға 26 триллион сум бөлу қарасытырылған.

    – Бүгінгі күнге дейін бұл салаларға мұндай қаражат бөлінбеген. Енді оны тәртіпті түрде тиімді жеткізу керек. Сондықтан әрбір бағдарламаға бөлінген қаржыны мақсатты көрсеткіштермен байланыстыра отырып, электронды бақылау жүйесін енгізу қажет, – деді Шавкат Мирзияев.

    Қаржы министрлігіне келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап адам факторынсыз тендер өткізу жүйесін енгізу тапсырылды. Сонымен қатар, барлық бюджеттік ұйымдардың бухгалтерлік есебін толығымен цифрландыру, электрондық шот-фактура арқылы мемлекеттік сатып алулар бойынша есеп айырысуларды жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.