Адамдардың жеке кәсібін ашуы үшін, қолайсыз кәсіпорындар немесе шалғай аудандардың «аяққа тұруы» және жаңа экспорттық нарықтарға шығуы үшін кейде көмек қажет. Бұл сайып келгенде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысының артуына оң септігін тигізеді.
Осы мақсатта соңғы жылдары бірқатар жеңілдіктер енгізілді. 2021 жылы олардың жалпы көлемі 51 трлн сумды құраған. Соның нәтижесінде өткен жылы 170 мың жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, 500 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды.
Соңғы алты жылда бір ғана салық саласында 1400-ге жуық жеңілдіктер берілген.
Экспортты қолдауға бағытталған субсидиялар да өз нәтижесін беріп, кәсіпкерлердің сыртқы нарыққа шығуына септігін тигізуде. Өткен жылдың өзінде мұндай субсидиялардың 280 миллиардтан астамы бөлінді, оның 220 миллиардқа жуығы экспортқа көлік шығындарына бағытталды. Нәтижесінде 2800 кәсіпорын алғаш рет сыртқы нарыққа шықты.
Сондай-ақ, экспорттаушы кәсіпорындарға халықаралық стандарттау мен сертификаттау, сақтандыру, тіпті жарнама шығындары ішінара өтелуде. Соның нәтижесінде электротехника саласында берілген әр сумдық субсидиядан 870 сумдық экспорт жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш тоқыма өнеркәсібі саласында 555 сум, құрылыс материалдары саласында 273 сумды құрады.
Кәсіпкерлерге көмектесу үшін несие пайызын өтеу және несиені кепілдендіру жүйесі құрылды. Олардың несиелік жүктемесін азайту мақсатында Кәсіпкерлік белсенділікті қолдау қорына биыл 6 трлн 100 млрд сум міндеттеме алынып, 2 трлн 500 млрд сум өтемақы төленді.
Дегенмен, жеңілдіктерді тиімсіз немесе мақсатсыз пайдалану жағдайлары да кездесуде. Мәселен, мемлекеттік бюджеттен субсидиялаудың 127 түрі енгізілгенімен, оның 15-і іс жүзінде пайдаланылмай отыр.
Ынталандырудың тиімділігі салалар бойынша да бірдей емес. Мысалы, ауыл шаруашылығына берілген жеңілдіктің әрбір 1 сумына секторда 33 сум қосымша құн жасалған. Бұл көрсеткіш денсаулық сақтауда 30 сум, білім беруде 22, ақпараттық технологияда 16 сумды құрауда.
Жиында жәрдемақылардың тиімділігін арттыру бойынша тапсырмалар берілді.
– Соңғы жылдары экономика салаларын ынталандыру үшін тарихта бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер енгізуге тура келді. Олардан қандай нәтиже, сабақ, тәжірибе қандай болды деген сұраққа бүгін жауап іздеу керек. Бюджеттен бөлінген әрбір сумның есебін түгендеп, жәрдемақылардың тиімділігін арттыру керек, – деді Шавкат Мирзияев.
Осының негізінде Премьер-Министрдің орынбасары мен Қаржы министріне барлық жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділік көрсеткіштерін белгілеп, олардың тиімді пайдаланылуына қатаң бақылау жүйесін енгізу тапсырылды.
Есеп палатасында мониторинг бөлімі құрылып, оған жәрдемақылардың тиімділігін ұдайы талдау міндеті жүктелді.
Салық және кедендік жеңілдіктерді қайта қарап, тиімсіздерін алып тастап, шетелдік және отандық инвесторлар үшін жеңілдіктерді бірдей ету керектігі баса айтылды.
Облыстар бойынша салық жеңілдіктерінің 31 пайызы Ташкент қаласына бөлінген. Қарақалпақстан Республикасы, Жызақ, Хорезм және Сұрхандария облыстарының үлесі 2 пайыздан аспайды. Алайда, Сұрхандарияның «Алтынсай» ауданы мен Ташкент қаласының «Мирабад» ауданында кәсіпкерлерге қойылатын талаптар, салықтар, жеңілдіктер, субсидиялар, өтемақылар мен преференциялар бірдей.
Сондықтан Мемлекет басшысы салық жеңілдіктерін өңірлердің даму деңгейіне қарай белгілеу жөнінде тапсырма берді.
– Енді мекенді жерлерге барып, мақсатты шешімдер қабылдап, жеңілдіктерді пайдаланып, шеткі аудандарды дамудың даңғыл жолына түсіру керек, – деді Президент.
Бұл тұрғыда тұрғындар мен кәсіпкерлердің хабардарлығын арттырып, жеңілдіктерді қолдану аясын кеңейту қажет екені айтылды. Субсидиялаудың бірыңғай ашық порталын құру және ол арқылы барлық жеңілдіктерді кезең-кезеңімен беру туралы ұсыныс жасалды.