Кейінгі жылдары нашақорлық қылмысы бүкіл адамзат үшін жаңа ғаламдық қауіп-қатерге айналып бара жатқаны атап өтілді. Талдауларға сәйкес, әлемде 400 миллионнан астам адам осы дертке душар болған және оның салдарынан жыл сайын шамамен 300 мың адам қайтыс болып жатыр.
Өкінішке орай, бұл дерт өзбекстанда да бар. Жыл басынан бері 11 мыңнан астам нашақорлық қылмысы анықталып, шамамен 2,5 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Мұндай қылмыстардың формасы мен түрлері жылдан жылға көбейіп, қамту ауқымы кеңейіп келе жатқаны нашақорлыққа қарсы күресті кешіктірмей кешенді түрде ұйымдастыру қажеттігін көрсетеді.
Жиында саладағы қолданыстағы нашар тенденциялар талданды.
Атап айтқанда, соңғы уақытта тұтынуға жеңіл, жасыруы мен таратуы ыңғайлы дәрілік пішіндегі психотроптық және синтетикалық заттар дәстүрлі есірткілердің орнын басып, олардың таралуы негізінен жастар арасында байқалаып отыр. Синтетикалық есірткілер жасырын нарколабораторияларда дайындалып, интернет арқылы контактсіз түрде таралуда, ал есірткі таратушы ұйымдасқан қылмыстық топтар трансшекаралық сипатқа ие.
— Сондықтан ұлттық заңнамаға осындай қауіп-қатерлердің алдын алуды, оларға қарсы аяусыз күресті және бұл дертті тамырынан жоюға бағытталған нормаларды енгізудің уақыты келді, — деді Мемлекет басшысы.
Мұндай жағдайға байланысты жауапты органдар есірткінің заңсыз айналымын тоқтату жөніндегі жоспарлары мен ұсыныстарын ұсынды. Олардың қатарында халықтың денсаулығы мен ұлт генофондын осы қауіптен тиімді қорғауға арналған кешенді шаралар мен механизмдер де бар.
Сонымен қатар жастар мен оқушылар арасында есірткі таралуына мүлде тосқауыл қою, жастарда бұл кеселге төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында әсерлі практикалық іс-шараларды барлық жауапты органдардың басым міндетіне айналдыру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Бірінші, жастар арасында нашақорлықтың заңсыз айналымына қылмыстық-құқықтық механизмдер арқылы қатаң тосқауыл қою, жастарға қатысты жасалатын нашақорлық қылмыстары үшін жауапкершілікті күшейту, интернет арқылы есірткіні тарату, ұйымдасқан топтар мен нарколабораториялар мен оларға жол көрсетіп отырған лауазымды тұлғаларды анықтау мен тоқтатуға бағытталған ауқымды жедел-іздестіру және тергеу қызметтерін жолға қою қажеттігі көрсетілді.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы нашақорлықты анықтау, емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту жүйесі түбегейлі жетілдірілетін болады.
Таныстырылымда нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2025–2026 жылдарға арналған 100-ден астам жедел-профилактикалық, ұйымдастырушылық-тәрбиелік және ақпараттық-насихат шараларын қамтитын ұлттық кешенді іс-қимылдар бағдарламасы Президент тарапынан мақұлданды. Сондай-ақ бұл бағытта үздіксіз жұмыс жүйесін енгізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Жиында киберқылмыстарға қарсы күрес мәселелері де талқыланды.
Бүгінде елімізде 31 миллионнан астам адам интернет қолданады. Алайда соңғы бес жылда киберқылмыстар саны 68 есеге артқан. Биылдың өзінде 46 мыңнан астам киберқылмыс анықталды. Бұл қылмыстар арқылы жеке және заңды тұлғаларға келтірілген материалдық зиян 1,2 триллион сумнан асқан.
Азаматтардың жеке деректері, банк карталары мен электрондық қолтаңбалары бойынша жасалып жатқан алаяқтық әрекеттер күрт көбейіп келеді. Қылмыстың басым бөлігі интернет арқылы жасалып, ең кең тараған тәсілдердің бірі банк карталары арқылы жасалатын кибералаяқтық болып отыр.
Жеке мәліметтерді қорғаудың нақты механизмі жоқ, кейбір кәсіпкерлер клиенттердің деректерін ашық базаларда сақтаған. Мемлекеттік қызметтер саласында да биометрикалық сәйкестендіру мен электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану кезінде киберқауіпсіздік кепілдігі жеткіліксіз.
Сондай-ақ банк жүйесінде кибершабуылдардың алдын алу, күмәнді қаржы операцияларын анықтау және жедел әрекет ету тетіктері жеткілікті тиімді жұмыс істемейтіні атап өтілді.
Сол себепті таныстырылымда саланың құқықтық, технологиялық және ғылыми-әдістемелік негіздерін түбегейлі жетілдіру қажеттігі айтылды. Тиісті мамандар бұл бағытта әзірленген шешімдерді ұсынды.
Жеке деректермен жұмыс істеуде киберқауіпсіздік талаптарын күшейту, мұндай деректерді шифрлап сақтау тәртібін енгізу, деректермен жұмыс істейтін тұлғалардың бірыңғай тізілімін жүргізу және салалық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттырудың маңызы айтылды.
Банк секторында онлайн-микронесиелеу кезінде алаяқтардың ықпалын шектейтін заманауи қорғаныс жүйелерін енгізу, алаяқтық нәтижесінде жәбірленушінің атына рәсімделген несиені одан өндіруге жол бермеу, күмәнді банк шоттарын тәулік бойы бұғаттау механизмдері ұсынылды.
Киберқылмыстардың жаңа түрлері - смарт құрылғыларға шабуылдар, криптоактивтерді заңсыз иемдену сияқты қатерлердің алдын алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттігі де айтылды.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды мақұлдап, Ішкі істер министрлігі жанындағы Киберқауіпсіздік орталығының әлеуетін арттыру және киберқылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін күшейту, соның ішінде оларды тез анықтау үшін 7 түрлі жаңа сараптама енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сала мен жүйені цифрландырудың басты мақсаты — бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты азайту, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету.
Мысалы, мемлекеттік сатып алуларда тендерлердің цифрландырылуы арқасында биылдың өзінде 7,5 триллион сум үнемделді. Қазіргі таңда халық пен кәсіпкерлерге шамамен мыңға жуық мемлекеттік қызмет түрі қашықтан көрсетіліп жатыр.
Сонымен қатар жыл басынан бері мемлекеттік органдар тарапынан 7 мыңнан астам заңға қайшы құжат қабылданғаны және бақылау органдарының қызметінде 12,5 мың кәсіпкердің құқығы бұзылғаны анықталған.
Осыған байланысты заңдардың орындалуын қашықтан бақылау жүйесін құру, мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шешімдердің заңдылығын тексеру процестерін толық цифрландыру қажет.
Таныстырылымда Бас прокуратура жүйесінде цифрлық прокурорлық бақылауды енгізу, тексерулер мен мониторинг үдерісін автоматтандыру жөніндегі ұсыныстар бойынша ақпарат берілді. Бұл арқылы заңбұзушылықтарды ерте анықтау, жауапты тұлғалардың іс-әрекеттерін нақты уақыт режимінде қадағалау және прокурорлық бақылауды ашық әрі тиімді ұйымдастыру мүмкіндігі жасалады.
Қазіргі кезде тергеушілердің жұмысын бағалау бойынша бірыңғай жүйе жоқ, қорытынды «қолда» жүргізіледі, қылмыстық істер әлі де қағаз түрінде сақталуда, бұл өз кезегінде тиімділікке кері әсер етуде. Қорытынды дайындау процесі кейде бір аптаға дейін созылады.
Жыл басынан бері тергеу органдары қабылдаған 1300 қаулының процессуалдық тәртіпке сай келмегені, ал кемшіліктерге байланысты 637 қылмыстық іс материалдары соттар тарапынан тергеуге қайтарылғаны айтылды.
Сондықтан қылмыс туралы хабар түскен сәттен бастап, сот шешімінің орындалуына дейінгі барлық процестерді цифрландыру, тергеу ісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу міндеті қойылды. Бұл жүйе тергеу үдерісін жеделдетіп, адам факторын азайтып, жауапкершілікті арттырады.
Сондай-ақ цифрлық технологиялар арқылы жасалып жатқан қылмыстардың алдын алу үшін жасанды интеллект, киберқұқық және цифрлық құқық бағыттарында мамандар даярлауды бастау тапсырылды. Бұл салада заманауи талдау әдістерін меңгерген, цифрлық қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, тиімді жауап бере алатын кәсіби кадрлар қатарын қалыптастыру қажет екені айтылды.
Мемлекет басшысы талқыланған мәселелер бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.












