Өзбекстан Президенті дамушы елдерді қолдауға бағытталған бастамаларды алға тартты

    Билік 12 Yanvar 2023 7247

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 12 қаңтарда Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модидің төрағалығымен онлайн режимде өткен «Жаһандық Оңтүстік дауысы» саммитінің пленарлық отырысында сөз сөйледі.

    Үндістанның «Үлкен жиырмалыққа» (G20) төрағалығымен ұйымдастырылған шарада Вьетнам Республикасының Президенті Нгуен Суан Фук, Гайана Республикасының Президенті Мұхаммед Ирфан Әли, Мозамбик Республикасының Президенті Филипе Ньюси, Сенегал Республикасының Президенті Маки Салл, Бангладеш Халық Республикасының Премьер-Министрі Шейх Хасина, Моңғолия Премьер-Министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Таиланд Корольдігінің Премьер-Министрі Прают Чан Оча, Камбоджа Корольдігінің Премьер-Министрі Хун Сен және Папуа-Жаңа Гвинея Тәуелсіз Мемлекетінің Премьер-Министрі Джеймс Марапе қатысты.

    Күн тәртібіне сәйкес адам мүддесіне бағытталған тұрақты даму мәселелері талқыланды, дамушы елдердің мүдделерін ілгерілету және олардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында, соның ішінде экономика, экология, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, адами ресурстарды дамыту, инновациялар, туризм және басқа салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты пікірлер мен нақты ұсыныстар алмасылды.

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев бүгінгі күнгі халықаралық жағдайдағы өзекті үрдістерге баға беріп, дамушы елдердің алдында тұрған негізгі басым міндеттерге тоқталды.

    – Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардың, экономикалық дағдарыстың жағымсыз салдарымен бетпе-бет келіп отыр. Біз халықаралық қатынастарда ашық қарым-қатынас пен өзара сенімнің төмендегеніне куә болып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Өзбекстан басшысы атап өткендей, коронавирустық пандемия, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері, экологиялық проблемалар жаһандық даму перспективаларына кері әсерін тигізуде.

    Үндістанның дамушы елдермен өзара тиімді және жемісті қарым-қатынастарды нығайтудағы белсенді орны мен рөлі ерекше атап өтілді.

    Осы мағынада Өзбекстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестік пен практикалық ынтымақтастық қарым-қатынастары соңғы жылдары сапалық жағынан жаңа деңгейге көтеріліп, халықтарымыздың ортақ мүдделеріне қызмет етіп жатқаны сөз болды.

    Президент Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан артқа қайтпастай реформалардың ортасында адам мүддесін қамтамасыз ету ең маңызды мақсат пен міндет екенін атап өтті.

    – Біздің даму стратегиямыздың негізгі мазмұны – заң үстемдігі мен адами капиталды дамыту, әділ және күшті азаматтық қоғам құру. Біз жақын болашақта экономиканың инклюзивті және тұрақты өсуін қамтамасыз ету, елдегі кедейшілікті екі есе азайту үшін үлкен жоспар белгіледік, – деді Мемлекет басшысы.

    Өзбекстан Президенті Үндістанның G20-ға төрағалығын қолдап, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты бірқатар практикалық ұсыныстар айтты.

    Ең алдымен, қолданыстағы халықаралық сауда жүйесін «Жаһандық Оңтүстік дауысын» ескере отырып жетілдіру ұсынылды.

    Негізгі нарыққа шығуда әлі де түрлі кедергілер мен шектеулерге тап болып отырған дамушы елдердің әлеуетін іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасалуы тиіс.

    Дамушы елдердің энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаһандық логистика мен қосылған құн тізбегін құру, инвестицияға жәрдемдесу және ең заманауи технологияларды тарту мәселелері Дүниежүзілік саммиттің күн тәртібінде көтерілуі тиіс екені айтылды.

    Тағы бір стратегиялық мәселе – «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі аясында Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланысын нығайтуға бағытталған Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына дейін темір жол салу жобасын белсенді ілгерілету. Өзбекстан басшысы серіктестерді осы маңызды жобаға қатысуға шақырды.

    Талдаулар «жасыл» экономикаға көшу жағдайында дамыған және дамушы елдер арасындағы үлкен технологиялық алшақтықтың артып отырғанын көрсетеді. Осыған орай, әлемнің жетекші елдерінің қолдауымен «Жаһандық Оңтүстік» үшін «жасыл» технологиялар мен инновациялардың ақпараттық банкін құру ұсынылды.

    Ендігі кезек күттірмейтін мәселе адами капиталды дамыту және кәсіптік білім беру сапасын арттыру екені айтылды.

    – Біз дарынды жастарымызды климат өзгеруі, су ресурстарын тиімді пайдалану, баламалы энергетика, цифрландыру және басқа да басым бағыттар бойынша ұлттық және халықаралық бағдарламаларды әзірлеуге кеңінен тартуымыз керек, – деді Президент Шавкат Мирзияев.

    Осының негізінде «Оңтүстік жастарының дауысы» тұрақты байланыс алаңын құру бастамасы көтерілді.

    Мемлекет басшысы жаһандық деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Өзбекстан ұсынған Ауғанстан проблемасын шешу бойынша халықаралық диалог тобын құру туралы ұсынысты қолдауға шақырды.

    Онлайн саммитте ұсынылған ұсыныстар мен бастамалар дамушы елдердің мүдделерін ілгерілетуге және адам игілігіне бағытталған Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қызмет ететініне сенім білдірілді.

    Сөзінің соңында Өзбекстан Республикасы Президенті достас Үндістан халқын келе жатқан ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтады.

    No date selected
    November 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates