Шавкат Мирзияев Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты

    Билік 12 Noyabr 2021 6633

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 12 қарашада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің сегізінші саммитіне қатысты.

    Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен Ыстамбулдың оңтүстік-шығысында орналасқан және Түркия үшін тарихи маңызы бар Демократия және Бостандық аралында өткен шараға Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Түркіменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты.

    Саммиттің күн тәртібіне сәйкес сауда, инвестиция, «жасыл» экономика, цифрлық технология, көлік және коммуникация, білім және мәдениет салаларындағы көпқырлы қарым-қатынастарды жан-жақты кеңейту және нығайту мәселелері қаралды.

    Мемлекет басшысы сөзінің басында Өзбекстан Түркі кеңесінің атауын «Түркі елдері ұйымы» деп өзгерту және Түркіменстанға ұйымда бақылаушы мәртебесін беру туралы тарихи шешімді қолдайтынын айтып, бұл маңызды қадам ұйымның қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыратыны жеткізді.

    Соңғы жылдары Өзбекстанның бауырлас елдермен тауар айналымының жалпы көлемі екі есеге өскені атап өтілді. Алайда бұл көрсеткіш қолда бар қуат деңгейінде емес. Сараптамаға сәйкес, 2020 жылы Кеңеске мүше мемлекеттердің жалпы импорты 420 миллиард долларды, ал олардың арасындағы өзара сауда көлемі 21 миллиард долларды құраған.

    Сондықтан үшінші елдер өнімін ұйымға мүше елдерде өндіруге болатын тауарлар есебінен жабу ең маңызды міндет екені айтылды.

    Осыған байланысты бар мүмкіндіктерді зерделеу үшін Түркі елдерінің сауда ынтымақтастығы зерттеу орталығын құру ұсынылды және бұл орталық сауда кедергілерін жою, электронды сауданы енгізу, экспорт пен импортты арттыру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

    Кездесуде Өзбекстан Президенті көлік және транзит саласын дамыту ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін, ұйымдағы елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге қызмет ететін атап өтті.

    Саммит тақырыбы «Жасыл технологиялар және цифрлық дәуірдегі «ақылды» қалалар» екенін ескере отырып, Мемлекет басшысы «ақылды» қалалар құруда тәжірибе алмасу және инновацияларды трансферттеу үшін сарапшылар мен IT-мамандар үшін тұрақты платформа құруды алға тартты және бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде 2022 жылы сарапшылар конференциясын өткізу ұсынды.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде климаттың өзгеруі, оның Ұйым құрамындағы елдерге әсерін азайту және Арал теңізінің құрғауынан туындаған проблемаларға да тоқталды. Экологиялық апаттардың келеңсіз зардаптарын азайту мен олардың таралуына жол бермеу үшін Шавкат Мирзияев Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп түркі елдерінің экологиялық құрылымын құру және оның штаб-пәтерін Арал теңізінің ең зардап шеккен аудандарының біріне орналастыру идеясын алға тартты.

    Өзбекстан Президенті туризмді дамытуға баса назар аудара отырып, «Түрік әлемі туризмі» және «Киелі зиярат» жобаларын жүзеге асыру, қолөнер көрмелері мен этноспорт жарыстарын өткізу, мәдени мұра нысандарын сақтау және қалпына келтіру және саладағы ынтымақтастықтың басқа бағыттарын қамтитын «жол картасын» жасауды ұсынды.

    Мемлекет басшысы саммит барысында Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлықты тағайындау туралы шешім қабылданғанына ризашылығын білдіре отырып, ұйымға мүше елдердің қорларында сақталған сирек туындыларды зерттеу мен аудару, олардың бірыңғай электронды мәліметтер базасын құрудың маңыздылығын атап өтті.

    Бір ғана Өзбекстан қорында ұйым елдерінің ортақ тарихы мен мәдениетіне қатысты 200 мыңнан астам бірегей қолжазбалар сақталуда. Осы орайда Түркітілдес елдердің тарихи, ғылыми және мәдени мұрасын зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығын құру ұсынылды.

    Ұйымға мүше елдер халқының басым бөлігін жастар құрайтыны, халықтарымыздың өмірі мен тағдырындағы, қарым-қатынасымызды дамытудағы өскелең ұрпақтың рөлі артып келе жатқанын ескере отырып, Өзбекстан басшысы жастарды жан-жақты қолдау, олардың идеялары мен жобаларын ынталандыру, ұлттық құндылықтарымызға жат ықпалдардан қорғау баршамыздың басты міндеттеріміздің бірі екенін айта тұрып, 2022 жылды Түркі әлемінде «Жастардың бастамаларын қолдау жылы» деп жариялауды ұсынды. Оның аясында нақты шаралардың бірлескен бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру, бұл мәселені келесі саммиттің күн тәртібінің басты тақырыбына айналдыру керек екенін алға тартты.

    Шавкат Мирзияев өз сөзінде қазіргі күнде баршаның назарында тұрған Ауғанстандағы бүгінгі таңдағы күрделі жағдайға тоқталды.

    – Бұл елдің гуманитарлық дағдарысқа ұшырап, халықаралық аренада оқшаулануына, лаңкестердің мекеніне айналуына жол бермеу өте маңызды. Ауғанстанның жаңа үкіметімен диалогымыз ортақ және біртұтас болуы керек, – деді Шавкат Мирзияев.

    Саммит соңында ұйым төрағалығының Түркия Республикасына өтуі және Түркі мемлекеттері ұйымының бірінші саммитінің келесі жылы Өзбекстанда өтуі туралы шешім қабылданды.

    Мемлекет басшылары 10-нан астам құжатқа – саммиттің қорытынды декларациясына, «Түрік әлеміне көзқарас – 2040» бағдарламалық құжатына және күн тәртібіндегі басқа да шешімдерге қол қойды.