Екі жарым гектар аумақты алып жатқан бұл ірі кешенде 53 мың шаршы метрден астам сауда және коммерциялық алаңдар ұйымдастырылған. Мұнда 14 миллион доллар көлеміндегі шетелдік инвестиция есебінен бірқатар шетелдік брендтер өз қызметін жолға қойған.

Жалпы алғанда, кешенде 100-ден астам сауда орны ашылып, 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Орталыққа жыл сайын 2,5 миллион дейін адам келеді деп күтілуде.

Құны 43 миллион доллар болатын бұл кешеннің сәулет-дизайны биыл ТМД елдері арасында өткен халықаралық сәулет байқауында бірінші орынға ие болған.

Президент осы жерде ашылған кітап дүкенінде баспа өкілдерімен және кітапсүйер жастармен әңгімелесті.

Кітап саудасын дамыту, жалпы алғанда оқу мәдениетін балалық шақтан бастап кеңінен насихаттаудың маңыздылығы, сондай-ақ ғылыми және көркем әдебиеттер басылымын ұлғайту, осы бағытта баспаларды қолдауға арналған шараларды әзірлеу қажеттігі атап өтілді.

Ташкент қаласы белсенділері, ақсақалдар және жастармен ашық әрі жылы жүзді кездесу өтті.

– Барлық салада қол жеткізіліп отырған нәтижелер, ең алдымен, еліміздегі тыныштық пен халқымыздың бірлігі және ынтымағының жемісі. Елордамыз күн сайын көркейіп, ажары түрленіп келеді. Мұны шетелден келетін қонақтар да ерекше атап өтуде. Бірлік бар жерде тірлік бар. Оның тамыры, ең алдымен, махаллаларымызда. Әділ бағаны да халықтың өзі, сол махалла береді. Сондықтан адамдардың разылығын алатын жұмыстарды ең төменгі буыннан бастадық, – деді Президент.

Орталыққа сапар барысында Мемлекет басшысына осы жерде қызмет атқарып жатқан «Unicon-Soft» IT компаниясының жұмысы таныстырылды.

Елімізде ақпараттық технологиялар саласында жасалған қолайлы жағдайлар мен жеңілдіктердің нәтижесінде мемлекеттік басқаруды цифрландыру, байланыс инфрақұрылымын жақсарту, IT білімін дамыту секілді көптеген бағыттарда ұлттық бағдарламалық өнім өндірушілердің қатысуы жүйелі түрде кеңейіп келеді.

Өзбекстан Республикасы Президентінің «Әкімшілік реформалар аясында цифрлық технологиялар саласында мемлекеттік басқаруды тиімді ұйымдастыру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес сала, тармақ және өңірлерді цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттары айқындалған.

Бұл үдеріске Юнусобод ауданында қызмет ететін «Unicon-Soft» компаниясы да лайықты үлес қосып келеді. 2017 жылы құрылған кәсіпорын осы уақытқа дейін республика бойынша 70-тен астам бағдарламалық жүйені әзірлеп, енгізген.

Компанияның барлық өңірлерде және 208 аудан (қала) аумағында ақпараттық жүйелерді енгізу мен техникалық қолдау көрсететін филиалдары бар. Онда 1,5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың 80 пайызы жастар.

Қазіргі таңда «Unicon-Soft» цифрландыру бағытында бағдарламалық және техникалық құралдар өндіруді жолға қою, кеден қызметін цифрландыру, сондай-ақ «Цифрлық махалла» платформасын енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы компанияның осы бағыттағы жобаларымен танысты.

Ұлттық IT өнімдерін өндіруді одан әрі дамыту, жастардың жасанды интеллект технологиялары саласындағы білім-білігін арттыру, мемлекеттік органдарда цифрландыру үдерістерін жеделдету жөнінде тиісті ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар Президент «Рихсилий» көшесінде атқарылған абаттандыру жұмыстары мен заманауи инфрақұрылыммен де танысты.

Көшенің екі шақырымдық бөлігінде инженерлік және көлік инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылды. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін сауда, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық нысандары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 650 жаңа жұмыс орны ашылды.

Аталған аумақта тәулігіне орта есеппен 35 мыңға жуық автокөлік қозғалады. Осыны ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыс қолайлылығын қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Атап айтқанда, 39 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жүзге жуық бейнебақылау камерасы және онға тарта шұғыл шақыру түймелері орнатылды.