Ағымдағы жылдың 19 апрелінде парламенттің жоғарғы палатасында онлайн түрінде кезектегі оқу-семинар өтті. Оған халық депутаттары жергілікті Кеңестерінің тиісті тұрақты комиссияларының төрағалары, хатшылық мамандары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары заң қызметтерінің өкілдері қатысты. Семинар бірқатар өзекті мәселелерге арналды.
Атап айтқанда, бірінші кезекте жергілікті өкілдік және атқарушы билік органдарының норма шығармашылығы қызметіндегі заңдылықты қамтамасыз ету және құқықты қолдау мәселесі қаралды. Осыған орай, Әділет министрлігінің өкілі өз баяндамасымен қатысып, тақырып аясында жан-жақты ақпарат берді. Бұл арқылы қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару органдарындағы норма шығармашылығы қызметі бойынша заң құжаттарындағы жаңалықтармен жақыннан танысты.
Жергілікті өкілдік және атқарушы билік органдары тарапынан құқықты қолдауда орын алған кемшіліктер және алдағы уақытта мұндай олқылықтардың алдын алу мәселелері бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ 2021 жылдың 1 июлінен енгізілген жергілікті атқарушы билік органдары қабылдайтын қаулыларды даярлаудың, келісу мен тіркеуден өткізудің бірыңғай электрондық жүйесі – «Е-qaror» электронды жүйесі, оның мүмкіндіктері мен қолайлылығы туралы толық ақпарат берілді.
«Е-qaror» электронды жүйесінің енгізілуі бүгінгі күнде қаулылардың заңдылық негізінде қабылдануына, оларды жасауда адам факторы мен араласуын азайтуға, сондай-ақ қаулымен халықтың тұрақты түрде танысу мүмкіндігінің жаратылып, ашықтықты қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Сонымен қатар, семинарда 2022 жылдың бірінші тоқсанында өткізілген бастамалық бюджеттік үдерістің нәтижелері, жеңімпаз жобаларды жүзеге асыру үшін қаржыландыру мәселелері бойынша Қаржы министрлігі өкілінің ақпараты тыңдалды.
2021 жылы Қаржы министрлігі «Ашық бюджет» (openbudget.uz) платформасын іске қосқаны, онда «Бастамалық бюджет» қызметінің де іске қосылғаны белгілі.
«Бастамалық бюджет» арқылы бүгінде қалың жұртшылық өздері тұратын аумақтағы проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды ұсынып, жергілікті бюджеттің бөлінуіне тікелей қатысып келеді.
Семинарда атап өтілгендей, 2022 жылдың бірінші тоқсанында өткізілген бастамалық бюджеттеу үдерісінің нәтижелері бойынша азаматтар ұсынған 2 215 жоба жеңімпаз деп танылып, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы 1,1 триллион сум қаржы бөлінуі көзделген. Бұдан тыс, үдерісте жеңімпаз деп табылмаған, әрқайсысы 2000-нан астам дауыс жинаған және 139 жобаны жүзеге асыруға қосымша ретінде 85,4 миллиард сум қаржы бөлінуі белгіленді.
Қоғамдық пікір негізінде қалыптасқан бұл шаралардың дер кезінде қаржыландырылуы және жүзеге асырылуы өз кезегінде депутаттық бақылауды талап етеді. Сондықтан халық өкілі ретінде жергілікті Кеңес депутаттарына бақылау шараларын жүргізу үшін қажетті ұсыныстар берілді.
«Бастамалық бюджет» жүйесі азаматтарды бюджет үдерісіне жұмылдыру арқылы жер-жерлерде халықты ойландырып жүрген түрлі деңгейдегі және бағыттағы проблемалардың шешімін табуға тікелей қызмет етеді.
Оқу-семинарда жергілікті Кеңес депутаттары, хатшылық өкілдері де сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының Ақпарат қызметі.