Медицина саласындағы өзекті міндеттер айқындалды

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 7 мамыр күні видеоселектор жиыны өтті. Жиында алғашқы медициналық буын мен мамандандырылған мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, дәрі-дәрмек тұтынуын реттеу, сондай-ақ медициналық білім беруді жетілдіру мәселелері қаралды.

    Соңғы 7 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат 6 есе артқан. Өңірлердегі ауруханалар материалдық-техникалық жағынан жаңартылды. Бұрын тек астанада жасалатын 400-ден астам жоғары технологиялы операциялар бүгінде облыстар мен аудандарда жүргізілуде. Махаллалардағы алғашқы медициналық буын мен мамандандырылған қызметтер арасында байланыс орнатылды.

    Елімізде әр он мың тұрғынға 29 дәрігерден келеді. Бұл АҚШ, Ұлыбритания және Финляндиямен бірдей көрсеткіш, тіпті Түркия мен Канададан да жоғары. Алайда, бізде жұмыс тиімділігі мен емдеу сапасы жоғары деңгейде емес.

    Мысалы, махаллада алғашқы медициналық көмек дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, аудандарда сырқаттанушылық пен олардың ауыр зардаптары азаймай отыр. Жұқпалы емес аурулар жыл сайын ұлттық экономикаға шамамен 1 миллиард доллар шығын келтіруде.

    Жедел жәрдем шақыруларының төрттен бірі созылмалы аурулары бар науқастарға тиесілі. Кейбір жерлерде жедел жәрдем поликлиника сияқты жұмыс істейді. Облыстық және аудандық ауруханаларда қызметкерлер саны, төсек-орын және қаражат дұрыс бөлінбеген.

    «Міндетті медициналық сақтандыру» жүйесін енгізу жыл сайын кейінге қалдырылып келеді. Кезек пен қызметтерді цифрландыру да толық іске аспаған.

    Осы кемшіліктерге жол бергені үшін Денсаулық сақтау министрінің екі орынбасары қызметінен босатылды, тағы біріне ескерту берілді.

    Жиында саланың алғашқы буынын жақсарту, аурулардың алдын алу, медицина қызметкерлерінің білімін және емдеу сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Халықты қамту, ауруларға жүргізілген талдау және өтініштер түріне сүйене отырып, жаңа жұмыс тәртібі белгіленді.

    Ең әуелі, алғашқы медициналық буын реформаланып, медицина бригадасы мен оған бекітілген халық арасында екіжақты келісім жасалады. Енді азаматтар өздерінің отбасылық дәрігерін еркін таңдай алады, бұл процеске жеке дәрігерлер де тартылатын болады.

    Кепілдендірілген медициналық көмек пакеті бекітіліп, оның аясында медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектер толықтай мемлекеттік бюджеттен өтеледі.

    Алғашқы медициналық буында барлық дәрігер мен медбикелер тек толық жүктемеде жұмыс істейді. Поликлиникаларда акушер-гинекологтардың саны 2 есе көбейеді. Әр 3 мың балаға бір педиатр лауазымы енгізіледі.

    Аудандардағы дәрігерлік пункттер мен отбасылық поликлиникалар қызметі оңтайландырылады. Орталық поликлиника аудандық аурухананың кеңес-диагностикалық бөліміне айналады. Барлық салалық мамандар осы жерде жұмыс істейді.

    Бұл поликлиникаларда отбасылық дәрігердің базалық жалақысы 500 доллар, медбикенің жалақысы 300 доллар көлемінде болады. Егер олар біліктілік сертификатын алса, қосымша ақы төленеді. Егер олар махаллада жұмыс істеп, созылмалы аурулары бар науқастарға өмір сүру мен ауруды басқаруды үйретсе, сондай-ақ онкология, диабет, инсульт, инфаркт сияқты ауруларды ерте анықтап, ауыр зардаптардың алдын алса, жалақы одан әрі артады. Яғни отбасылық дәрігерлер 1 500 доллар, медбикелер 600–800 доллар көлемінде жалақы алатын жүйе енгізіледі.

    Бұл жүйе биыл 15 аудан мен қалада, ал келесі жылдан бастап Самарқанд облысының барлық өңірінде сынақтан өтеді.

    Сонымен қатар, отбасылық дәрігер мен медбикенің жауапкершілігі артады. Егер махаллада инфаркт, инсульт, ана мен бала өлімі, созылмалы аурулар салдарынан мүгедектік орын алса, бұл төтенше жағдай болып саналады.

    Мүгедектік анықтау кезінде бұрынғы «дәрігерлік-консультациялық комиссиялар» деген сыбайласқан жүйе толығымен жойылады. Енді мүгедектік отбасылық дәрігер рәсімдеген құжат негізінде медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы арқылы белгіленеді.

    Сала жетекшілері мен облыс әкімдеріне «90 күнде медицинадағы өзгерістер» бағдарламасы аясында ауруханаларда күту залдарын және дәліздерді ретке келтіру, тазалық пен мәдениетті арттыру тапсырылды. Барлық білім беру және әлеуметтік мекемелерде «Таза қолдар» бағдарламасы енгізіліп, санитарлық-гигиеналық жағдай жақсартылуы керек.

    Жиналыста мамандандырылған медициналық қызметтер мәселесі де талқыланды.

    Енді республикалық медициналық орталықтарда бюджет есебінен тек жоғары технологиялы күрделі операциялар жасалады.

    «Электронды жолдама» беру және бөлу жүйесі түбегейлі өзгереді. Онда енгізілетін аурулар тізімі және бірыңғай базалық бағасы бекітіледі.

    Республикалық деңгейде емделуге жолдама алған науқастың мәліметі бірыңғай электрондық платформада орналастырылады. Бұл жүйеге барлық мемлекеттік және жеке клиникалар қол жеткізе алады. Пациент ұсыныстарға қарап, өзі қалаған аурухананы таңдайды.

    Ең ауыр жағдай балалар онкогематологиясы. Өкінішке орай, елімізде мұндай аурулардың 75 пайызы соңғы кезеңдерде анықталады.

    Сондықтан онкология саласындағыдай, балалар қатерлі ісіктерімен күрес бойынша бес жылдық бағдарлама қабылданады. Бұл мақсатқа кемінде 110 миллион доллар бағытталады.

    Дәрі-дәрмек тұтынуын реттеу өте өзекті. Дамыған елдер «дәлелді медицинаға» сүйеніп, тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникалық зерттеулермен дәлелденген дәрілерді қолданады. Біздің елде тиімділігі дәлелденбеген дәрілердің импорттағы үлесі 42 пайыз. Дәрігерлер әлі де соларды ұсынып жатқанына байланысты халық тұтынуда.

    Осыған байланысты Денсаулық сақтау министріне халықаралық көздерде «тиімсіз немесе зерттелмеген» деп танылған дәрілерді клиникалық хаттамалардан алып тастау тапсырылды.

    Барлық медициналық мекемелерде, ең алдымен балалар ауруханаларында антибиотиктерді орынды пайдалану бойынша тексерулер жүргізіледі.

    Жиналыста саладағы білім сапасына да назар аударылды.

    Соңғы жеті жылда медициналық бағыттар бойынша қабылдау артты: жыл сайын 25 мың студент оқуға түсіп жатыр. Олардың 40 пайызы – жекеменшік ЖОО-ларда оқиды. Алайда, білім мен дағдыны бағалайтын ашық жүйе жоқ.

    Осыған байланысты енді медициналық университеттер мен техникум түлектерінің заманауи диагностика мен емдеу әдістерін игеруі ашық жүйе бойынша жеке бағаланады. Бұл үшін Медициналық білім сапасын бағалау ұлттық орталығы құрылады. Бұл жүйе қазіргі жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен медбикелерге де қолданылады.

    Мемлекеттік және жеке клиникалар аккредитациядан өтеді. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру – мемлекеттік және жеке медициналық жоғары оқу орындары, мамандандырылған орталықтар мен аймақтық мекемелерге жүктеледі.

    Салада дуалды білім беруді толық енгізу, клиникаларды оқу орындарының қарауына беру және ЖОО-ларға қаржылық дербестік беру қажеттігі айтылды.

    Жалпы алғанда, жауапты тұлғаларға денсаулық сақтау жүйесінде қаражатты тиімді пайдалану, цифрландыру мен сақтандыруды енгізу, тәртіп пен реттілік орнатып, халықтың көңілінен шығу бойынша тапсырмалар берілді.