Мемлекет басшысы «Жасыл мекен» жобасы аясында атқарылған жұмыстар бойынша жиын өткізді

    Президент Шавкат Мирзиёевнің төрағалығымен 21 қазан күні «Жасыл мекен» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелілігі және алдағы басым міндеттерді талқылауға арналған бейнеселектор жиналысы өтті.

    Өзбекстанда жыл сайын 200 миллион түп ағаш пен бұта отырғызып, жасыл аймақты 2030 жылға дейін 30 пайызға жеткізу мақсаты қойылған. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызға жетті.

    Биыл көктемде 138 миллион дана көшет отырғызылды. Жыл басынан бері 10 мың гектардан астам «жасыл белдеу» құрылып, министрліктер мен әкімдіктер 257 бақша жасады. Арал өңірінде жасыл жабынды 2 миллион гектардан асты.

    Биылдан бастап, жол, өзен мен арналардың маңындағы 2 мың гектар жер 10 мың тұрғын мен кәсіпкерлерге егу үшін жалға берілді. «Менің бақшам» жобасы аясында бюджеттен 49 миллиард сум бөлініп, ауылдарда 215 жаңа бақша құрылуда.

    Бұл шараларды Табиғатты қорғау халықаралық одағы, Шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясының атқарушы органы да қолдап отыр.

    Дегенмен кейбір жерлерде осындай игі істе баяу жұмыс істелгені өкінішті. Кейбір аудандарда суару жүйесі жоқ жерлерге көшеттер отырғызылған немесе кесілген ағаштардың орнына жаңа ағаштар егілмеген.

    Жиналыста ағымдағы маусым мен келесі жылға арналған міндеттер айқындалды.

    Алдымен, республиканың климаттық жағдайына бейімделген көшеттерді көбейту қажеттілігі атап өтілді. Атап айтқанда, Ғылым академиясы, экология, ауыл, су және орман шаруашылығы, карантин жүйесіндегі ғылыми-зерттеу ұйымдары, жоғары оқу орындары, ин-витро зертханаларымен бірлесіп тиімді жұмыс істесе, тұқым мен көшет өсіруден 2-3 есе көп табыс табуға болады. Бұл ғылымды да дамытады.

    Нөкіс, Арнасай, Қарақұл және Мубарак аудандарында келесі жылы құрғақшылық пен тұзға төзімді галофит өсімдігінен тұратын 4 бау-бақпа пайда болады. Сондай-ақ Қарақалпақстан, Бұхара, Жызақ, Науаи, Қашқадария, Сұрхандария, Хорезмнің 250 мың гектар шөлейт жерлеріне су қажет етпейтін сексеуіл, қандим, черкез тұқымдары дрон арқылы себіледі.

    Көктем маусымынан бастап орман шаруашылықтарында сау аналық плантацияларды таңдау арқылы жылына 1,5 мың тонна тұқым дайындалады. Оңтүстік Корея тәжірибесі бойынша құрғақшылыққа төзімді, климатқа бейімделген жабық тамырлы контейнер және ин-витро әдісімен 2 миллион көшет өсіру жолға қойылады. Махмұд Мирзаев атындағы институттың Самарқанд, Хорезм, Ташкент және Ферғана алқаптарындағы жерлерінде жылына 10 миллион дана жеміс көшеттері өсіріледі.

    Көшет отырғызу жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізу мүмкіндіктері де көрсетілді.

    Бұл жерде негізгі күш – ауыл-аймақтарда. Жасыл желек, көркейту ең алдымен адамдардың өзіне қажет. Сондықтан «махалла жетілігі» өкілдері өздеріне бекітілген көшелерде әрқайсысы 100 түптен, жалпы 6 миллион сәндік ағаш отырғызады. Сонымен қатар, басқа көшелерде, бос жерлерде және көпқабатты үйлердің айналасында 3 миллион түп көшет отырғызылады. Жалпы, ауылдарда 20 миллион сәндік және жеміс ағашын отырғызуға болады.

    Орман шаруашылығы агенттігіне барлық ауылдарда жәрмеңке ұйымдастырып, 30 миллион көшет жеткізу тапсырылды. 20 мыңнан астам білім беру мекемелері мен ауруханалардың аумағында 2,5 миллион көшет, жастарға бөлінген 60 мың гектар жерде 1,5 миллион ағаш отырғызуға болатыны айтылды.

    Әкімдіктер мен министрліктер күзде 40 миллион түп көшет отырғызуды жоспарлаған.

    Атап айтқанда, 13 халықаралық автожол бойына 9 миллион түп көшет отырғызылады. Сонымен қатар 2 мың шақырым жол жиегі осы мақсатта 10 мың тұрғын мен кәсіпкерлерге бөліп беріледі. Ташкент-Самарқанд және Самарқанд-Қаршы теміржол бойына да көшеттер отырғызылады. Егіс алқаптарының шетінде 21 миллион түп терек, тұт және жүзім өсіріледі.

    Қорғаныс министрлігі 200 мың түп, ішкі істер, ұлттық гвардия және төтенше жағдайлар қызметтерінің әрқайсысы 100 мың түптен көшет отырғызуға жауапты болады. Қоқыс полигондарының айналасына «жасыл белдеу» жасалады.

    Атап өтілгендей, келесі жылы «Жасыл мекен» жобасына 100 миллиард сум бөлінеді. Енді ағаштарды 3 жыл күту, аурудан қорғау және суару шығындары да инвестициялық бағдарламаға енгізіледі.

    Суару бойынша екі түрлі тәжірибе жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 27 ауданда бір-бірден құдық қазуға рұқсат етіледі. Көктемде 14 аудандағы таулы және қыратты аймақтардың беткейлеріне қабат-қабат етіп, 500 гектар жерге ағаш отырғызылады.

    Облыстарда «Менің бақшам» жобасы бойынша жасыл аймақтар мен қоғамдық парктерді құру туралы тапсырмалар берілді. Бұл алаңдар егін маусымына дейін «Ашық бюджет» порталына енгізіліп, ағаш түрлері бойынша ұсыныстар мен олардың бағасы көрсетіледі. Күтімге жауапсыздықпен қараған тұлғаларды мобильді қосымша арқылы ескерту жүйесі іске қосылады.

    Соңғы уақытта республикада шаңды дауыл жағдайы жиілегені атап өтілді. Бұл жаһандық климаттың өзгеруімен қатар, ағаштардың заңсыз кесілуі, судың азаюы, малдың ретсіз бағылуы сияқты себептерге де байланысты. Шөлейт жерлердегі өсімдік түрлері де күрт азайған.

    Мемлекет басшысы халықтың көбеюі жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең үлкен қордың жайылымдық жерлер екенін атап өтті.

    Сондықтан 16 миллион гектар жайылымдық жерді басқару Ветеринария және мал шаруашылығын дамыту комитетіне беріледі. Комитетке шөлдерді деградациядан шығару бойынша үш жылдық бағдарлама әзірлеу тапсырылды. Келесі жылы бұл мақсаттар үшін бастапқыда 50 миллион доллар көлемінде гранттар тартылмақ.

    Салаға қатысты тағы бір мәселе – шөлді өсімдіктердің жоғалуы. Осыған байланысты Бұхара және Науаи облыстарының шөл және жартылай шөл аймақтарында жасыл алаңдарды көбейту туралы нұсқау берілді.

    «Узбеккосмос» агенттігімен бірлесіп, шөлейт жерлердегі экологиялық жағдайды мониторинг жасау платформасы құрылады. Орман шаруашылығы агенттігінің бұл бағыттағы жауапкершілігі күшейтіледі. Енді ол шөлейттенумен күресетін болады, ал әкімдіктер жанындағы «Жол көгалдандыру» ұйымдары агенттік жүйесіне өтеді.

    Агенттікке Ғылым академиясымен бірлесіп, 20 гектарда тәжірибелік алаң жасап, деградацияға ұшыраған жайылымдарды қалпына келтіретін өсімдіктерді өсіру тапсырылды.

    Мемлекет басшысы қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мәселелеріне де тоқталды. Халықтың дене шынықтыруын, спорт, серуендеу және дұрыс тамақтану бойынша жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығы атап өтілді.

    Жиында талқыланған мәселелер бойынша жауапты азаматтардың ақпараты мен жоспары тыңдалды.

    No date selected
    October 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates