Энергия ресурстарының ең көп шығыны, ең алдымен, экономика салаларына тиесілі. Бұрынғы кезеңдерде салынған зауыттар экология және энергия тиімділігі талаптарына сай келмеген. Жылдар бойы жаңғырту жұмыстарына жеткілікті көңіл бөлінбеген. Кейбір жерлерде электр мен газ күндер бойы болмаған. Өндірістік кәсіпорындарда тұтыну мен жоғалтулар көп болған.
Сол себепті соңғы жылдары экономика салаларында энергия тиімділігін арттыру бағытында жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ірі кәсіпорындар мен энергетика салаларында арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.
2030 жылға қарай еліміз халқының саны 41 миллионға жетіп, экономика екі есе өседі деп күтілуде. Бұл энергия ресурстарына деген сұранысты қазіргі деңгейден 1,5 есе арттырады. Сондықтан жаңа жобаларды іске қосып, қуат көздерін арттырумен бірге энергияны үнемдеу шараларын қабылдау қажет.
Жиында жауапты басшылар осы бағыттағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылғы тәжірибені жалғастыра отырып, өңірлерде энергияны үнемдеу мүмкіндіктері ғалымдардың қатысуында ғылыми негізде зерттелуде. Атап айтқанда, Самарқанд, Сырдария және Жызақ облыстарында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 870 миллион киловатт сағат электр және 420 миллион текше метр газды үнемдеуге жаңа мүмкіндіктер анықталған. Мысалы, бұл облыстардағы шағын және орта өндірістік кәсіпорындарда 35 мыңға жуық ескі құрал-жабдықтарды үнемділеріне ауыстыру арқылы жылына 385 миллион киловатт сағат электр және 50 миллион текше метр газ үнемдеуге болады.
Аудандар мен махаллада энергияны үнемдеу бойынша да мүмкіндіктер өте көп. Мысалы, 300 махаллада 100 мегаваттық шағын күн электр станцияларын орнатып, осы жылдың өзінде 45 миллион текше метр газ үнемдеуге болады. Бұдан бөлек, каналдар мен өзендерде салынатын мыңнан астам шағын ГЭС арқылы қосымша 175 миллион киловатт сағат электр энергиясы өндіріледі.
Көшелерді жарықтандыруға да жылына 200 миллион киловатт сағат электр жұмсалуда. Күн панельдерімен жабдықталған шамдар орнатылса, тұтыну екі есе азаяды.
Осындай мүмкіндіктер есебінен биыл 1,1 миллиард текше метр табиғи газ және 2,6 миллиард киловатт сағат электр энергиясын үнемдеу бойынша қосымша жоспар қабылданды.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, ірі өндірістік кәсіпорындарда заманауи үнемді жабдықтар орнату, энергия ысыраптарын азайту қажеттігін атап өтті. Үкіметке бұл салада жаңа басқару және бақылау жүйесін енгізу тапсырылды.
Мекемелер мен тұрғын үйлерде энергияны үнемдеу мәдениетін арттыру да маңызды. Электр мен газды босқа жақпау, күн панельдері мен басқа да баламалы энергия көздерін пайдалану – көп мөлшерде үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ферғана аңғары облыстарында халықтың тығыз орналасуын ескере отырып, оларды энергиямен қамтамасыз етуде жеке тәсіл әзірлеу тапсырылды. Бұл тәжірибе кезең-кезеңімен басқа өңірлерде де енгізілуі көзделіп отыр.