Мемлекет басшысы жол қауіпсіздігі шараларына арналған жиын өткізді

    Билік 11 Fevral 2022 9880

    Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 11 ақпанда жол қауіпсіздігі шараларына арналған бейнеконференциялы жиын өтті.

    – Бұл мәселе соңғы бес жылда бірде-бір басшы немесе ұйым тарапынан байыпты, сараптамалық тұрғыдан талқыланған жоқ. Бұл саладағы заңдар мен жұмыстар мүлдем көңіл көншітпейді. Жол қауіпсіздігі мәселесі көңіл көншітпейді. Бұл халықтың наразылығын тудырып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

    2021 жылы Өзбекстанда 10 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 9 мыңнан астам адам зардап шекті. Өкінішке орай, 2500-ге жуық адам қайтыс болды.

    Сараптамаға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 25 пайызы жол жағдайы мен инфрақұрылымның нашарлығынан болады.

    Жиында жол-көлік оқиғасы жиі болатын аумақтар анықталып, лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылды. Наманган облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, Әндіжан және Самарқанд облыстарының жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының басшылары қызметтерінен босатылды.

    Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана менсінбеуінен және тәжірибесіздігінен, жаяу жүргіншілердің ережені сақтамауынан болатыны айтылды. Сондықтан биылғы жылы «Қауіпсіз жол және қауіпсіз жаяу жүргінші» жылпыұлттық бағдарламасы барлық өңірлерде жүзеге асырылатын болады.

    Заң шығару палатасы мен құзырлы органдарға жол қозғалысы туралы заңнаманы қайта қарап, түбегейлі жетілдіру тапсырылды. Өйткені өрескел заңбұзушылықтар мен олардың қайталануы көбейген.

    Жазаны қатаң қамтамасыз ету мақсатында әрбір құқық бұзушылық үшін айыппұл баллы жүйесін енгізу жоспарлануда. Мысалы, жүргізуші жылдамдықты арттырса 1 балл, ал қызыл шырақтан өтіп кетсе 3 балл алады. Бір жылдағы жалпы тәртіп бұзушылық саны 12 баллдан асса, жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылып, емтиханды қайта тапсырады.

    Сонымен қатар, жүргізушінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруда төленетін сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін айыппұл баллы бойынша анықтау тәртібі енгізіледі.

    Одан бөлек, көлікті тәртіпсіз басқарғаны және басқа жүргізушілерге кедергі келтіргені үшін «жол бұзақысы», деген жауапкершіліктің жаңа түрі енгізіледі.

    Мемлекет басшысы жол қозғалысы ережелерінің ескіргенін айта келе, мамандар мен жүргізушілердің пікірін зерделей отырып, халықаралық стандарттар негізінде жаңартуды тапсырды.

    Өзбекстанда көлік саны жылдан-жылға артып, жүргізушілердің біліктілігі мен өзара сыйластық деңгейі, керісінше, төмендеп барады. Жол-көлік оқиғаларының 75 пайызын 35 жасқа дейінгі жүргізушілер жасаған. Автомектептерде оқытылатын кітаптар нашар, оқу бағдарламасы ескірген.

    Сондықтан мұндай мектептердегі білім сапасын бақылау Ішкі істер министрлігіне жүктелді. Автомектептер мен емтихан орталықтарына қойылатын талаптарды, көлік жүргізуді оқытудың тиімділігін және мұғалімдердің біліктілігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

    Көлік ағынын басқарудың ең тиімді жолы – цифрландыру. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстардың жеткіліксіз екені байқалды.

    Атап айтқанда, «цифрлық басқару» жүйесі Ташкент қаласындағы 602 көше қиылысының 111-інде бар. Басқа қалаларда мұндай жүйе жоқ.

    Ташкент қаласының әкімшілігіне қала жолдарындағы қозғалысты бақылауды цифрландыру, екі жыл ішінде барлық қиылыстарды цифрлы жүйеге өткізу тапсырылды. Мұндай жүйені аймақтарға енгізу облыс әкімдерінің құзырына тапсырылды.

    Нөкіс қаласы мен облыс орталықтарында жол қозғалысын ұйымдастыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша аймақтық концепцияларды әзірлеу керектігі айтылды.

    Бүгінгі жиында жолдардың жағдайы мен инфрақұрылымдық мәселелер де сараланды.

    2021 жылы тұрғындардан жол қозғалысы мәселесі бойынша 10 мыңнан астам шағым түскен. Атап айтқанда, көлік көп жүретін 2 мыңнан астам жол қиылысы мен 10 мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелдері бағдаршаммен немесе басқа да құралдармен жабдықталмаған. Елді мекендерде 15 мың шақырымға жуық жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары жетіспейді.

    Сондай-ақ, жол белгілері мен көрсеткіштерінің жартысы ескі. Облыстық басқармаларға қарасты жол белгілері мен бағдаршам орнатуға жауапты кәсіпорындардың көптеген техникалары ескірген. Енді бұл кәсіпорындарды аудандағы қозғалыс қауіпсіздігі басқармасына беру жоспарланды.

    Облыс, аудан орталықтарында жол белгілерін орнату, бағдаршам және жарықтандырғыш шамдарды орнату, сызықтар сызу, жаяу жүргіншілер жолын белгілеу, жалпы, жол қозғалысын реттеуге тек Жол қозғалысы қауіпсіздігінің жүйесі жауапты болады. Бұл жұмыстарды қаржыландыру мақсатында аталған жүйеде «Қауіпсіз жол және қауіпсіз жаяу жүргінші» республикалық және облыстық қорлары құрылады.

    Сондай-ақ, жол белгілерін шығарудағы «Автожолдың» монополиясы жойылып, бұл салаға кәсіпкерлер тартылады.

    Мемлекет басшысы көшелердегі көлік қозғалысын жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы етуді тапсырды.

    – Жолдардағы тәртіп-ереже ғылыммен үндес болуы керек. Ірі қалалардағы орталық көшелердегі жылдамдық шектеулері ақылмен орнатылуы керек. Атап айтқанда, мектеп пен балабақшалардың алдында жылдамдықты сағатына 30 шақырымнан асырмау қажет. Кейбір көлік көп жүретін көшелерде қазіргі сағатына 70 шақырымды жылдамдықты 60 шақырымға дейін қысқарту қажет, – деді Шавкат Мирзияев.

    Сондықтан салаға маманданған ғылыми-тәжірибелік орталық құру міндеті қойылды.

    Видеоселекторлы жиында қаралған мәселелер бойынша шенеуніктер мен әкімдер сөз сөйледі.

    No date selected
    November 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates