Сонымен қатар, Жерорта теңізі жағалауында жүргізілген бөлек қазба жұмыстары барысында тағы 18 ежелгі қабір мен көптеген сирек кездесетін артефакттар табылды. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Қазба жұмыстары Жаңа Води облысының құрамына кіретін Дахла оазисінде жүргізілді. Археологтар тұрғылықты махаллалары, қоғамдық аумақтарды және діни құрылыстарды зерттеді. Олардың қатарында IV ғасырдың ортасында салынған, қаланың негізгі көшелеріне қаратып төбенің үстіне тұрғызылған базилика да бар.

Мысырдың Туризм және көне жәдігерлер министрлігінің мәліметінше, қаланың жоспары анық әрі мұқият жасалған. Негізгі көшелер бір-бірін тік бұрышпен қиып өтіп, алаңдар мен ашық қоғамдық аумақтарды қалыптастырған.

Археологтардың айтуынша, базиликаның маңында екі күзет мұнарасының қалдықтары мен қалың қорғаныс қабырғаларымен қоршалған берік кешен сақталған. Сонымен қатар, қабылдау бөлмелері мен күмбез тәрізді шатырлары бар тұрғын үйлер де табылды.

Зерттеушілердің ерекше назарын IV ғасырдың екінші жартысына жататын диакон Тисустың үйі тартты. Болжам бойынша, негізгі базилика салынғанға дейін бұл үй отбасылық шіркеу ретінде пайдаланылған болуы мүмкін.

Қазба жұмыстары барысында нан пісіруге арналған пештер, тас диірмендер, асүй бөлмелері, сондай-ақ Рим және Византия империялары дәуіріне жататын қола және алтын теңгелер табылды. Олардың арасында император Констанций II-нің (337–361 жылдар) билігі кезеңіне тиесілі теңгелер де бар.

Тағы бір маңызды олжа ретінде жазулар қашалған шамамен 200-ге жуық остракон — керамика сынықтары анықталды. Оларда сауда-саттық, хат-хабарлар және қала тұрғындарының күнделікті өміріне қатысты мәліметтер жазылған, деп хабарлады korrespondent.net.

Жеке қазба жұмыстары Александрия маңындағы Марина-эль-Аламайн археологиялық ескерткіші аумағында да жүргізілді. Мұнда археологтар тағы 18 қабірді, қыш ыдыстарды, амфораларды, шамдарды және сирек кездесетін артефакттарды тапты. Олардың арасында марқұмдардың аузына қойылған алтын пластиналар да бар. Бұл ежелгі «алтын тіл» деп аталатын жерлеу рәсіміне тән дәстүр болып саналады.

Зерттеушілердің пікірінше, Марина-эль-Аламайн аумағы IV ғасырға дейін гүлденіп, Жерорта теңізіндегі маңызды сауда орталықтарының бірі болған ежелгі грек-римдік Леукаспис порт-қаласының қалдықтары болып табылады.

Мамандардың айтуынша, Дахла оазисіндегі бұл жаңалық аталған өңірді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраның негізгі тізіміне енгізуге маңызды дәлелдердің бірі болуы мүмкін.