Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев төтенше және өкілетті елшілер – ИталияРеспубликасынан Гуидо де Санктис, Палестина Мемлекетінен Ваилл Баттрехи, Сауд Арабиясы Корольдігінен Саад Әбу Хаймид, Кувейт Елінен Түрки Әл-Мекрад, Алжир Халық Деморкратиялық Республикасынан Жамила Ашур, Малайзиядан Рафеда бинти Абдул Азиз, Пәкістан Ислам Республикасынан Мұхаммед Мудассир Типу, Әзербайжан Республикасынан Рашад Мамедов және Қазақстан Республикасынан Ералы Тоғжановтың сенім грамоталарын қабылдап алды.
Мемлекет басшысы дипломатиялық миссия басшыларын Жаңа Өзбекстандағы құрметті қызметтерінің басталуымен құттықтады.
Қазіргі таңда әлемде геосаяси қайшылықтар күшейіп отырған күрделі кезеңде дипломаттардың жауапты қызметі бұрынғыдан да өзекті екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы әрбір елшіге жеке тоқталып, олар өкілдік ететін мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бағытындағы басым міндеттерді айқындап берді.
Италияның саяси және экономикалық әлеуеті зор маңызды серіктес екені айтылып, «жасыл» энергетика, металлургия, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, фармацевтика, білім беру және туризм салаларындағы бірлескен жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ Ташкентте Турин политехникалық университеті мен Пиза университетінің филиалдары жемісті жұмыс істеп келеді.
Өзбекстан басшысы Ломбардия және Тоскана өңірлерімен ынтымақтастықты, әсіресе медицина мамандарын даярлау жөніндегі бірлескен бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Палестинамен қарым-қатынастың ежелгі достық рухында дамып келе жатқаны атап өтілді. Өзбекстан Израиль–Палестина мәселесін «екі халыққа – екі мемлекет» қағидаты негізінде бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын тағы бір мәрте растады.
Өзбекстанның Бейбітшілік кеңесіне құрылтайшы мемлекет ретінде қосылуы Газаны қалпына келтіруге қолдау көрсетуге бағытталғаны атап өтілді.
Сауд Арабиясымен ынтымақтастықтың өзгелерге үлгі боларлық деңгейге жеткені айтылды. Мемлекет басшысы құны 25 миллиард доллар болатын жобалар портфелі қалыптасқанын және Саудия даму қоры елдегі реформаларды белсенді қолдап отырғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар медицина, фармацевтика және «жасыл» энергетика салаларында үлкен әлеует бар екені сөз болды. Сондай-ақ азаматтардың қажылық және ұмра сапарларын өтеуіне жасалып жатқан қолайлы жағдайларға жоғары баға берілді.
Кувейтпен сауда-экономикалық байланыстарды, инвестиция, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндік бар екені атап өтілді. Сондай-ақ Кувейт инвестициялық агенттігімен мұнай-химия саласы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
Жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің толық орындалуы екі ел халқының ортақ мүддесіне қызмет ететіні атап өтілді.
Шара барысында Алжирмен соңғы жылдары жоғары деңгейдегі байланыстардың жанданғаны айтылды.
Сонымен бірге мұнай-газ, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға зор әлеует бар екені сөз болды. Осыған байланысты Үкіметаралық бірлескен комиссия құру және преференциялық сауда туралы келісімге қол қоюдың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Малайзиямен қарым-қатынасымыз кейінгі жылдары барлық бағыт бойынша жүйелі түрде дамып келеді. Жоғары және жоғары деңгейдегі саяси байланыстар жанданып, бұл елдің жетекші компаниялары Өзбекстан нарығына белсенді түрде кіріп жатыр.
Өзбекстан басшысы жартылай өткізгіштер өндірісі, мұнай-химия, исламдық қаржы және зиярат туризмі салаларында ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Пәкістанмен стратегиялық серіктестік өзара құрмет пен сенімге негізделіп, жаңа сапалы деңгейге көтерілгені айтылды.
Ташкент–Карачи бағытында тікелей әуе қатынасын дамыту, Трансауған көлік дәлізі жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және туризм салаларындағы серіктестікті тереңдету басым міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
Әзербайжанмен қарым-қатынас екі ел басшыларының берік саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілді. Өзара сауда көлемі 40 пайызға өсіп, бірлескен кәсіпорындар саны шамамен 450-ге жетті, ал жүк тасымалы екі есеге артты.
Сонымен қатар Өзбекстан мен Әзербайжан арасындағы инвестициялық жобалар қоржынын таяу уақытта 10 миллиард долларға дейін жеткізу межесі қойылғаны айтылды.
Алдағы жоғары деңгейдегі кездесулер екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретіні атап өтілді.
Қазақстанның елшісіне қарата сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ежелгі достық байланыстардың нығайып, бүгінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Тараптардың басты мақсаты – өзара сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізу екені, сондай-ақ құны 8 миллиард доллар болатын бірлескен инвестициялық жобалар қоржыны қалыптастырылғаны және «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын толық іске қосуға қызығушылық білдірілгені атап өтілді.
Салтанатты рәсім соңында Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған елшілерге жауапты дипломатиялық қызметтеріне табыс тіледі. Сондай-ақ екіжақты серіктестікті нығайту үшін барлық қолайлы жағдай жасалатынын айтып, елшілерді жеке сектормен және өңірлермен белсенді жұмыс істеуге, елдегі жаңғыру және құрылыс жұмыстарының барысымен жақынырақ танысуға шақырды.
Өз кезегінде дипломаттар жылы қабылдау мен жасалған мүмкіндіктер үшін алғыс білдіріп, Өзбекстанмен көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолында бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.