Ұлы мемлекет қайраткерi және қолбасшы, Екiншi Ояну кезеңi — Тимурилер Ренессансының негiзiн қалаушы Әмiр Темiр ұлттық мемлекеттiлiгiмiз бен әлемдiк тарихымызда теңдессiз орын алады.
Әмiршiлдiк жүйе әдiлетсiз айыптаған бұл ұлы тұлғаның құтты есiмi мен жады тәуелсiздiк жылдарында тарихи әдiлеттiлiк негiзiнде қайта тiктелдi. Сайыпқыран Әмiр Темiр бейнесi ұлттық мемлекеттiлiгiмiз рәмiзiне айналып, халқымызға өз болмысын түсiнуде, дәстүрлерiмiз бен құндылықтарымызды қалпына келтiруде үлкен рухани күш берiп келедi.
Айта кету керек, Ташкент, Самарқант және Шахрисабз қалаларында Әмiр Темiрге ескерткiштер орнатылған, Тимурилер тарихының мемлекеттiк мұражайы және Халықаралық Әмiр Темiр қоғамдық қоры құрылған, “Амир Темур” орденi тағайындалған, елiмiздегi көптеген көшелер мен алаңдар ұлы бабамыздың есiмiмен аталған.
Бүгiнде елiмiз ұлттық дамудың жаңа кезеңiне — Үшiншi Ренессансқа аяқ басып, өмiрiмiздiң барлық саласында түбегейлi өзгерiстер болып жатқан кезде Сайыпқыран Әмiр Темiрдiң тұлғасын, ұлы бабамыздың адамзат тарихындағы және Тұран өркениетiндегi орнын, тимурилердiң бай да ерекше мұрасын терең зерттеудi, оны елiмiзде және шетелде кеңiнен насихаттау мақсатында қаулы етемiн:
I. Мақсат
1. Бұл қаулының негiзгi мақсаты — ұлы бабамыз негiзiн қалаған Екiншi Ояну кезеңiнiң ұлттық және жалпыадамилық мәнiн ашу, жас ұрпақты Жаңа Өзбекстанның негiзiн қалаушылары етiп тәрбиелеудегi үлкен рөлi мен ықпалын ескере отырып, осы бағытта жүргiзiлген ұйымдастырушылық-практикалық, ғылыми және рухани-ағарту жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтеру.
II. Ұйымдастырушылық және iс жүзiндiк iс-шаралар
2. Ғылым академиясының, Өзбекстандағы Ислам өркениетi орталығының, Жоғары бiлiм, ғылым және инновациялар министрлiгiнiң, Мәдениет министрлiгiнiң, Қорғаныс министрлiгiнiң, Республикалық Руханият және ағарту орталығының және Халықаралық Әмiр Темiр қоғамдық қорының келесi ұсыныстары мақұлдансын:
а) биыл Сайыпқыран Әмiр Темiрдiң 690 жылдығын кеңiнен атап өту;
б) жыл сайын апрель айын “Әмiр Темiр айлығы” деп жариялау және оның аясында жалпы орта бiлiм беретiн мектептерде, орта арнаулы, кәсiптiк және жоғары оқу орындарында, әскери бөлiмдер мен әскери оқу орындарында, кәсiпорындар мен ұйымдарда, сондай-ақ махаллаларда темiртанушы ғалымдардың, жазушылар мен өнерпаздардың қатысуымен кездесулер, көркем-ағарту шараларын ұйымдастыру.
3. Тимурилер дәуiрiнiң тарихын жүйелi зерттеу және ғылыми нәтижелердi кеңiнен насихаттаудың 2030 жылға дейiнгi “жол картасы” 1-қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн, оған мыналар кiредi:
а) осы жылдың 9-10 апрель күндерi Өзбекстандағы Ислам өркениетi орталығында “Әмiр Темiр мен тимурилер өркениетiнiң әлемдiк тарих пен мәдениеттегi рөлi мен маңызы” тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткiзу;
б) Әмiр Темiр мен тимурилер дәуiрiнiң тарихына қатысты топтама кiтаптарды, ғылыми және ғылыми-әмбебап еңбектердi дайындау және басып шығару, оның iшiнде:
(i) “Темiр жарғылары” еңбегiнiң ғылыми түсiндiрме мәтiнiн парсы, араб, қытай, ағылшын, француз, испан және орыс тiлдерiнде басып шығару;
(ii) “Темурилер дәуiрiнiң 100 сирек кездесетiн қолжазбасы”, “Темурилер дәуiрiнiң 100 сирек кездесетiн жауһары” кiтап-альбомдарын жасау;
в) шетелдерде сақталған Тимурилер дәуiрiне қатысты түпнұсқа жазбаша дереккөздердiң көшiрмелерiн Өзбекстанға әкелу;
г) Әмiр Темiр салтанатының Еуропа елдерiмен дипломатиялық және елшiлiк қарым-қатынастарын көрсететiн “Тiрi тарих” жобасы бойынша түсiрiлген тарихи-көркем және деректi фильмдердi Испания, Франция және Ұлыбритания сияқты шетелдерде көрсету;
д) Тимурилер дәуiрi дереккөздерiнiң электрондық платформасын құру.
4. Өзбекстандағы Ислам өркениетi орталығы Ғылым академиясымен, Республикалық Руханият және ағарту орталығымен және Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесiп, 2026 жылғы 1 марттан бастап Әмiр Темiр мен тимурилердiң әлемдiк өркениеттiң дамуына қосқан үлесiн кеңiнен насихаттау, “Ұлы тимурилер” атауын халықаралық ғылыми термин ретiнде енгiзудi қамтамасыз ету мақсатында шет мемлекеттерде “Ұлы тимурилердiң тарихы мен мәдени мұрасы” тақырыбында тұсаукесерлер, медиа шаралар және конференциялар өткiзсiн.
5. Сайыпқыран Әмiр Темiрдiң 690 жылдығына арналған шараларды дайындау және оларды өткiзу бойынша ұйымдастыру комитетiнiң (бұдан әрi — Ұйымдастыру комитетi) құрамы 2-қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн.
6. Ұйымдастыру комитетi (А.Арипов):
а) Сайыпқыран Әмiр Темiрдiң 690 жылдығына арналған шараларды (бұдан әрi — шаралар) өткiзуге жауапты мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру, ұйымдастыру мәселелерiн жедел шешсiн;
б) шаралар өткiзiлетiн аумақтарды абаттандыруды, оларды техникалық және телекоммуникациялық құрылғылармен жабдықтауды қамтамасыз етсiн;
в) Сайыпқыран Әмiр Темiрдiң 690 жылдығына арналған пошта маркалары мен конверттерiнiң, күнтiзбелер мен көрмелiк ақпараттық құралдарының топтамасын жасауды, естелiк, күмiс және алтын мерейтойлық теңгелердi шығаруды қамтамасыз етсiн;
г) шараларға қатысатын шетелдiк қонақтардың Өзбекстанға келуi мен кетуiн, оларға виза ресiмдеудi, көлiк және медициналық қызметтердi үйлестiрсiн;
д) шаралар өткiзiлетiн аумақтардағы нысандар мен қонақүйлердiң дайындығын қамтамасыз етсiн.
7. Ташкент қаласының әкiмдiгi 2026 жылдың соңына дейiн Ташкент қаласы жергiлiктi бюджетiнiң қосымша көздерi есебiнен әлемге әйгiлi мұражайлардың ең озық тәжiрибелерiн пайдалана отырып, Тимурилер тарихы мемлекеттiк мұражайын қайта жаңарту, жабдықтау, цифрландыру және жаңа экспозициясын жасау жұмыстарын жүргiзсiн.
III. Қаулының орындалуын ұйымдастыру, қамтамасыз ету және бақылау
8. Сыртқы iстер министрлiгi Ғылым академиясының тапсырысына орай шараларға қатысатын шетелдiк қатысушылар үшiн Өзбекстан Республикасына кiру визаларының консулдық, тағы басқа да алымдарсыз, қажет болған жағдайда И.Каримов атындағы “Ташкент” халықаралық әуежайында белгiленген тәртiппен ресiмделуiн қамтамасыз етсiн.
9. Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясына, Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттiгiне, “Дуне” ақпараттық агенттiгiне, Өзбекстан Журналистер одағына және Өзбекстан Ұлттық медиа бiрлестiгiне шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен жариялау ұсынылсын.
10. Осы қаулыда көзделген iс-шараларды қаржыландыру тиiстi министрлiктерге, кеңселер мен ұйымдарға бөлiнген бюджет қаржысы, олардың бюджеттен тыс қаржылары, сондай-ақ заңнамалық құжаттармен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылатыны белгiленсiн.
11. Осы қаулының орындалуын бақылау мiндетi Өзбекстан Республикасының Премьер-министрi А.Н.Ариповқа жүктелсiн.
Өзбекстан Республикасы Президентi
Ш.МИРЗИЯЕВ
Ташкент қаласы, 2026 жылғы 5 февраль