Аталған заң 17 баптан және 10 қосымшадан тұрады, онда негізгі экономикалық көрсеткіштер көрсетілген. Атап айтқанда, 2025 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 6 пайызға өсуі күтілуде.
Консолидацияланған бюджет кірістері 431 трлн сум, ал шығыстары 480,5 трлн сум көлемінде жоспарланып, жалпы ішкі өнімге шаққанда 3 пайыз тапшылықпен бекітілді.
Мемлекеттік бюджет пен мемлекеттік мақсатты қорлар бюджетінің балансы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2 пайыз тапшылықпен қалыптастырылды. Бұл ретте мемлекеттік бюджет кірістері 308,5 трлн сумды, ал шығыстары мемлекеттік мақсатты қорларға трансферттерді ескере отырып, 344,8 трлн сумды құрайды деп жоспарланды.
2025 жылы Қарақалпақстан Республикасының, облыстар және Ташкент қаласының жергілікті бюджетінің кіріс болжамы 65,8 трлн сумды, ал шығыс болжамы 84,3 трлн сумды құрайтыны ескерілген. Сондай-ақ республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге 18,5 трлн сум көлемінде реттеуші бюджеттік трансферттер берілуі көзделген.
Заңға сәйкес, биыл да бюджет шығыстарының әлеуметтік бағыттылығы сақталып отыр. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет пен спортты дамыту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты шараларға мемлекеттік бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 52 пайызы бағытталады.
Жергілікті бюджеттердің кірістерін көбейту және тәуелсіздігін арттыру мақсатында мынадай салық түрлері қосымша ретінде аудан және қала бюджеттерінде қалдырылады:
- айналымнан алынатын салық, заңды тұлғалардың жер мен мүлік салықтары толық көлемде (ірі салық төлеушілер төлейтін салықтардан басқа);
- жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы түсімдерінің кемінде 50 пайызы (ірі салық төлеушілерден алынатын салықтардан басқа);
- мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдердің 50 пайызы.
Сонымен қатар аудан және қала жергілікті кеңестеріне кейбір салық түрлері бойынша коэффициент қолдану құқығы берілген.
Жалпы, мемлекеттік бюджет биыл да экономиканы тұрақты дамытуға, әлеуметтік мәселелерді мақсатты түрде шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.