Әлемде «омикроннан» өлім көрсеткіштері артуда

    Денсаулық 9 Fevral 2022 1685

    Өткен аптада жаһандық коронавируспен ауыру деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда 17 пайызға төмендеді. Бірақ аурудан қайтыс болғандар саны, өкінішке орай, 7 пайызға өсті. Бұл туралы кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының апталық баяндамасында айтылды.

    Айтылуынша, 31 январь мен 6 февраль аралығында 19 миллионнан астам адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Олардың 68 мыңға жуығы аурудың ауыр асқынуынан көз жұмған.

    Сондай-ақ, бір апта ішінде ең көп жаңа жағдай АҚШ-та тіркелді - 1,8 млн. Екінші орында 1,7 миллионмен Франция тұр. Одан кейінгі орындарда Германия (1,28 млн), Бразилия (1,24 млн) және Үндістан (1 млн) тұр.

    ДДСҰ-ның есебіндегі мәліметтерге сүйенсек, соңғы 30 күнде алынған талдау үлгілері коронавирустың «омикрон» штаммы 96,7% басым нұсқаға айналғанын растайды. Ал қалғандары «дельта» мутациялары болды.

    Ресейдегі Н.Ф. Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының зертхана меңгерушісі Сергей Алховскийдің айтуынша, «омикрон» бәрібір «дельтаны» толықтай сығып шығара алмайды.

    Яғни, бұрынғы штамм аз көлемде болса да сақталады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

    Өз кезегінде маман «омикронмен» ауыратын науқаста қалыптасқан иммунитет, яғни антиденелер «дельта» немесе басқа да осыған ұқсас мутацияларға жақсы әсер етпейтінін атап өтті.

    Ал Германияның денсаулық сақтау министрі «омикрон» штаммы коронавирустың соңғы нұсқасы бола алмайтынын айтты. Оның айтуынша, қазір COVID-19-ға шалдығу дәрежесі жоғары. Ал бұл вирустың мутациялануы үшін қолайлы жағдай.

    «Осындай күрделі эпидемиологиялық жағдайда жаңа штаммдардың пайда болуы мүмкін емес», — деді министр. – Демек, пандемия «омикронмен» аяқтала алмайды. Біз тек жаңа мутациялар зиянсыз болады деп үміттенеміз».