Президент әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстармен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев әлеуметтік қорғау саласында қосымша шаралардың тұсаукесерімен танысты.

    «Өзбекстан – әлеуметтік мемлекет» қағидасы негізінде республкада халықты қолдау, осы саладағы жағдайды жақсарту, қызмет көрсету саласын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

    Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта мүгедектікті анықтаудың цифрланған жүйесіне көшу ұсынылып отыр.

    Оған байланысты, бұл жағдай алдымен Ташкент қаласы мен Науаи облысында, 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық облыстарда кезең-кезеңімен енгізіледі. Медициналық құжаттарды сараптама комиссияларына отбасылық дәрігерлер электронды түрде жібереді. Бағалауды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бейімделген критерийлері бойынша «Инсон» орталықтарының қызметкерлері жүргізеді. Мүгедектігін анықтаумен бір мезгілде оның оңалту бағдарламасы және протезге деген қажеттілік туралы ақпарат қалыптасады.

    Енді сараптама комиссияларының кәсіпке, білімге, спортқа ұсынымдар беру, еңбекке жарамсыздығын анықтау тәртібі жойылады. Мұндай тұлғалар жеке көзқарас негізінде еңбекке, спортқа, білім алуға бағытталады.

    Мүгедектігі бар азаматтар қауіпсіз және кедергісіз жүріп-тұруы үшін жағдайды кеңейту де қарастырылған. Сондықтан салынатын, жөнделетін ғимараттардың осы жағдайға жарамдылығы міндетті түрде сараптамадан өтеді. «Қауіпсіз жол және қауіпсіз жаяу жүргінші» қорынан жыл сайын мүгедектердің бейімделуіне арналған жол қиылыстарының құрылысы мен жабдықтауға кемінде 10 пайыз қаражат бөлінеді. Кедергісіз қолайлы жағдай бар нысандардың электронды интерактивті картасы жасалады.

    Қоғамдық көліктегі тендерге мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген автобустар ғана қатыса алады. Қалалық қоғамдық көлік I топтағы мүгедектерге тегін қызмет көрсетеді. Мүгедектерді мәдени іс-шараларға, ойын-сауықтарға, салтанатты шараларға тарту бойынша практикалық шаралар қабылданады.

    Тұсаукесердегі тағы бір ұсыныс Дүниежүзілік банктің қатысуымен өткен «Инсон» жобасы туралы болды. Бұл жоба халықтың осал топтарын қоғамға кіріктіруге бағытталған, оның аясында 55 көпфункционалды өңірлік қызмет көрсету орталықтары құрылып, әлеуметтік қызметтің 20 түрі жолға қойылады. Ташкент, Ферғана және Самарқанд қалаларында 4 үлгілі инклюзивті кәсіптік білім беру орталығы құрылады.

    Бес мың қызметкердің әлеуметтік жұмыс бойынша біліктілігі арттырылады. Икемді әлеуметтік қызмет пен көмек көрсетудің нормативтік құқықтық базасы қалыптасады.

    Саладағы тағы бір жаңалық «әлеуметтік карта» жүйесін енгізу болмақ. Бұл арқылы әлеуметтік төлемдер мен субсидияларды, әлеуметтік қызметтер мен көмектерді тағайындау, ұсыну, мониторингілеу және бағалау процестері толығымен автоматтандырылады. «Әлеуметтік карта» – бұл әрі төлем құралы, әрі мұқтаждар санатына жататынын растау саналады.

    Бұл процедура бастапқыда Ташкент қаласы мен «Янгиул» ауданында, келесі жылы басқа облыстарда жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 72 әлеуметтік қызмет түрі, 76 көмек түрі және 200-ге жуық жәрдемақы бірыңғай электронды жүйеде жинақталатын болады. Қағаз түріндегі құжаттар жойылып, уақыт пен ақша үнемделеді. Саланы толық цифрландыру арқылы әрбір отбасының қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін көрсететін «әлеуметтік-цифрлық төлқұжат» енгізіледі.

    Мемлекет басшысы осыған байланысты тиісті құжаттарды әзірлеп, оларды тиімді жүзеге асыру, мұқтаж жандардың өмірден өз орнын табуға көмектесу жөнінде тапсырмалар берді.