Үкімет Ташкент қаласының 2045 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті

    Өзбекстан үкіметінің 24 декабрьдегі қаулысымен Ташкент қаласының 2045 жылға дейінгі бас жоспары (бірінші кезең – 2030 жылға дейін) бекітілді.

    Құжаттың мақсаты – құрылыс жұмыстарын кешенді дамыту және жоспарлау, құрылысты жобалау сапасын арттыру, сондай-ақ астананың сәулеттік-жобалық келбеті мен инфрақұрылымын жақсарту.

    Құжатқа сәйкес, барлық құрылыс жұмыстары бас жоспар аясында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылып, аумақтың мастер-жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуі және бекітілуі тиіс.

    Бас жоспар жеңілдетілген форматта әзірленіп, оны 2023 жылдың сентябрінде Президент Шавкат Мирзияевтың қаулысымен бекітуге рұқсат берілген. Осы құжатқа сәйкес, қалалардың аумақтары консервация, қайта құру және жаңғырту аймақтарына бөлінуі керек.

    Ташкент қаласының әкімі бас жоспардың орындалу нәтижелері туралы тоқсан сайын Министрлер Кабинетіне есеп беруге міндетті.

    Құрылыс министрлігі мен Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер министрлігі бас жоспардың негізгі параметрлерін сипаттайтын карталарды Қала құрылысы кадастрының геоақпараттық жүйесіне ашық деректер форматында орналастыруы тиіс.

    Толығырақ

    Бас жоспар қала тұрғындарының қажеттіліктерін, экологиялық аймақтарды және мәдени мұраны қорғауды ескере отырып, қаланы теңдестірілген дамытуға бағытталған. Онда Ташкент қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту, көлік желілерін дамыту және жасыл аймақтарды кеңейту қарастырылған.

    Жеңілдетілген бас жоспар қаланы дамыту стратегиясын және аумақтар үшін жалпы талаптарды белгілеп, бас жоспар аясында ішкі аумақтарды дербес дамытуға мүмкіндік береді.

    Бас жоспарды әзірлеу барысында демографиялық үрдістер, көші-қон мен табиғи өсім, сондай-ақ инфрақұрылым, көлік және инженерлік желілерге түсетін жүктемелер мұқият зерттелген.

    Ташкент қаласының бас жоспары қамтитын жалпы аумағы 43 873 гектарды құрайды. Халық санының болжамды өсімі 3 миллионнан 7,4 миллионға жетеді.

    Бас жоспар бойынша, астанадағы жасыл аймақтардың жалпы ауданы (шектеулі аумақтарды қоса алғанда) 7120,9 гектарды құрайды. Оның ішінде 893 гектары жалпы пайдалануға арналған, 5102 гектары шектеулі жасыл аймақтар, ал 1125 гектары арнайы жасыл аймақтарға тиесілі.

    Қосымша 10 000 гектар жасыл аймақ құру және қала айналасында 15 000 гектар жасыл белдеу жасау жоспарланған. Бұл жасыл аймақтардың көлемін жан басына шаққанда 3 шаршы метрден 8 шаршы метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

    Қала көшелері мен жолдарының ұзындығы 836 км-ді құрайды. 2045 жылға дейін 647 жаңа көше мен жол салу, сондай-ақ 140 км жолдарды кеңейту жоспарланған.

    Қоғамдық көлік пайдаланушылардың үлесін 60%-ға жеткізу және қаладағы көліктер санын азайту мақсатында 27 тұрақ орны (park-and-ride) және жаңа метро желілері салу көзделген. Құжатта қоғамдық көліктің басқа түрлері туралы егжей-тегжейлі айтылмаған.

    Қаланың әрбір функционалдық аймағы (барлығы бесеу – тұрғын үй, қоғамдық ғимараттар, өнеркәсіп, рекреация және көлік желілері) үшін халық тығыздығын бақылау механизмдері енгізіледі. Тығыздығы жоғары аймақтарда жаңа ғимараттардың қабат санына шектеу қойылады. Мұндай аудандарда демалыс орындары мен жасыл аймақтар да құрылады.