Балалардың құқықтары туралы конвенцияда отбасылық ортада дамуы баланың табиғи құқығы екендігі атап көрсетілген. ЮНИСЕФ мәліметтеріне сәйкес, дүниежүзінде жетім балалардың жартысы әлеуметтік қорғау қызметтерімен қамтылмаған.
Мемлекет басшысының биылғы 23 қыркүйектегі жарлығымен қабылданған «Кедейліктен дамуға қарай» бағдарламасында әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға жеке тәсіл негізінде отбасына жақын ортада қамқорлық көрсету және тәрбиелеу міндеттері де белгіленген.
Осыған орай, мұндай балаларды тәрбиелеу және оларға әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған шаралар әзірленді.
Атап айтқанда, баланы тәрбиелеуде отбасылық ортаны сақтап қалуға басымдық беріледі. Бұл ретте, ең алдымен, қорғаншылық, патронат немесе бала асырап алуға қолдау көрсетіледі. Ең соңғы шара ретінде мамандандырылған мекемеге орналастырылады.
Балаларды отбасындағы кедейлік салдарынан Балалар үйлеріне орналастыру іс жүзінде тоқтатылады. Кедей отбасылардың өкілдері жұмысқа орналастырылған жағдайда, баласы үш жасқа толғанша балабақша шығындары үшін Әлеуметтік қорғау қорынан өтемақы беріледі.
Балалар үйлерінде «Аналар мекені» ұйымдастырылып, онда баласынан бас тартпақшы болған аналар орналастырылады. Оларға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және медициналық қызметтер көрсетіліп, аналық дағдылар үйретіледі, сондай-ақ кәсіп игеруге көмек көрсетіледі.
Бұл сияқты қызметтерді ұйымдастыруда жеке емес ұйымдар да кеңінен тартылатын болады.
Қиын жағдайға тап болған балалар тәрбиеленуге берілгенге дейін «Инсон» орталығы тарапынан отбасылық балалар үйіне орналастырылады. Тәрбиеленетін балалар үшін жеке даму жоспары әзірленеді.
Жетім балаларды анықтау, оларды тәрбиелеуге алу ниетін білдірген адамдар туралы мәлімет «Әлеуметтік қорғау» ақпарат жүйесінде жүргізіледі. «Инсон» орталықтары балалардың заңды өкілдері ретінде белгіленіп, құқықтары мен мүдделерін қорғайды.
Сонымен қатар, бұл орталықтар тәрбиеленуші балалардың тұрмыс жағдайын, көмек құралдарының мақсатты пайдаланылуын және тәрбиелеп алған тұлғалардың міндеттемелерін мониторинг жүргізіп отырады.
Отбасылық балалар үйін ұйымдастырған азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар ретінде белгіленеді. Өкіл отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға жалпы орта және арнайы орта білімін аяқтағанға дейін тұру және күтім көрсету шығындары төленеді.
Дамыған елдердің тәжірибесіне сай тағы бір құжат – «Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғау туралы» заң қабылданған. Онда осы саладағы құқықтық негіздер нығайтылып, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаушы мемлекеттік органдар мен олардың өкілеттіктері нақты көрсетілген. Мемлекет басшысы осы заңға қол қойды.
Тұсаукесерде мүгедектігі бар азаматтарды спортқа тарту мақсатында ұсыныстар да қаралды.
Өзбекстанда 19 параспорт түрімен айналысуға жағдай жасалған. 25 мың мүгедектігі бар адам спортпен шұғылданып келеді.
Бұл бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында бірқатар шаралар көзделген. Атап айтқанда, мемлекеттік спорт мектептерінде адаптивті спорт бойынша топтар ұйымдастыру, махалладағы алаңдарды мүгедектігі бар адамдарға да бейімдеу ұсынылуда.
«ERP-sport» электронды жүйесінде мүгедектігі бар адамдардың жеке есебін жүргізу арқылы олардың мүмкіндігіне сәйкес спорт түрлері автоматты түрде анықталады.
Реабилитация орталықтарында механотерапия, физиотерапия сияқты заманауи реабилитация әдістерін қолдану кеңейтіледі.
Адаптивті дене шынықтыру және спорт мамандарын даярлауға да назар аударылады. Бұл бағытта халықаралық жарыстарда жеңімпаз болғандар мен олардың жаттықтырушыларын материалдық ынталандыру жүйесі енгізіледі.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіру, әлеуметтік қорғауға мұқтаж адамдарға қолайлы жағдай жасау бойынша тапсырмалар берді.