13 маусымда осы жұмысты ұйымдастыруға бағытталған жобалардың таныстырылымы өтті. Атап айтқанда, жер үсті айналма метрополитен құрылысының екінші кезеңін жалғастыру, оны Сіргелі бағытымен қосу, заманауи құрылыс әдістерін енгізу, метрополитен пойыздарын жаңарту, жолаушылар ағынын одан әрі арттыру жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Белгілі болғандай, жер үсті метросының екінші кезегі аясында бес станцияны биылғы жылдың соңына дейін, қалған екеуін келесі жылы наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Осы арқылы 62 махалладағы 250 мыңға жуық халық метрополитенмен қамтылмақ.
Мемлекет басшысы барлық жолдарда адамдарға ыңғайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда болуы керектігін қадап айтты. Метроға 14 жаңа пойыз әкелу, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.
Инновациялық тәсілдерді кеңінен қолдана отырып, метрополитенді кешенді дамытудың, сондай-ақ Көлік университетімен бірлесе отырып кәсіби мамандарды даярлау үшін шетелден жоғары білікті мамандарды тартудың маңыздылығы айтылды.
Ташкентте қоғамдық көлік бармаған 26 махаллаға автобус маршруттары ашылып, метроға қосылады. Ол үшін қосымша электробустар сатып алынады.
Қала орталығына Ташкент облысынан күніне 1 миллионнан астам жолаушы келеді екен. Оларды метро станцияларына бағыттап, тұрғындарға да, көліктерге де оңтайлы жағдай жасау керектігі айтылды.
Заманауи электр пойыздарын енгізе отырып, «Ташкент – Хожикент», «Ташкент – Бекабад» және «Ташкент – Ангрен» бағыттары бойынша жоғары жылдамдықты рейстерді ашу жоспарлануда.
Жаңа метро желісінің бойындағы аудандарды абаттандырудың маңыздылығы сөз болды.
Жобаларды жетілдіріп, қаулы жобасын әзірлеу міндеті қойылды.