Жаңартылған Конституцияның бірінші бабында Өзбекстанның әлеуметтік мемлекет екендігі белгіленген. Бұл бағыттағы ең үлкен саланың бірі – білім беру. Оны дәйекті түрде дамыту мақсатында әкімшілік реформалар аясында Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігі құрылды. Жүйені құрылымдық оңтайландыру, заманауи бағдарламаларды енгізу, қызметкерлерді ынталандыру шаралары жүргізілуде.
Презентацияда осыған байланысты жоспарлар талқыланды.
Жоғарыда айтылғандай, бастауыш сыныптарда шетелдік тәжірибеге негізделген жаңа оқу бағдарламасы енгізіледі. Жоғары сыныптарда оқытылатын пәндер 16-дан 11-ге дейін қысқарады, бағдарламалардың пәнаралық және сыныпаралық интеграциясы қамтамасыз етіледі. Мұнда 11 міндетті және 2 факультативтік пәндер қолданылады. Жаңа оқу жылынан бастап информатика 1-сыныптан бастап оқытылады.
Қазіргі таңда тақырыптардың 70 пайызы күнделікті өмірге қатысты емес. Енді пәндердің практикалық дайындық пайызы 40 пайыздан 60 пайызға дейін көтеріледі. Мұнда тақырыптар белгілі бір мәселені шешу арқылы оқытылып, тәжірибелік сабақтар жоба түрінде өткізіледі.
Мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында педагогтарды аттестациялау жүйесі жолға қойылады. Яғни, жұмысқа түсетін педагог 1 жыл стажер-педагог болып жұмыс істеп, осы мерзімде сертификат алуы тиіс.
Мұғалімдерге біліктілік санатын беру бойынша тестілеу 2 кезеңде ұйымдастырылады. Бірінші кезеңде үміткердің мамандық пәні бойынша білімі бағаланады, ал екінші кезеңде оның педагогикалық шеберлігі бағаланады. Біліктілік куәлігін алған педагогтардың айлық жалақысына 70 пайызға дейін үстемақы төленуі мүмкін.
Сондай-ақ балабақшаларға білікті тәрбиешілерді тарту мақсатында 2024 жылдың 1 маусымынан бастап олардың жалақысы мектеп мұғалімдерімен теңестіріледі.
Жалпы білім беретін мектептерге бюджеттік емес қаражатты еркін пайдалану құқығының берілгені олардың материалдық жағдайын жақсартуға және мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге мүмкіндік беруде. Енді бұл тәртіпті балабақшалар мен мамандандырылған мектептерге енгізу жоспарлануда.
Білікті басшылар ортасын қалыптастыру мақсатында өңірлерде ең тәжірибелі директорлардан тұратын «Директорлар кеңесі» құрылады. Енді мектеп директорлары қызметке осы алқаның ұсынысы бойынша ашық конкурс негізінде тағайындалады.
Сондай-ақ министрліктің аудандық (қалалық) бөлімдерінің мектептер қызметін тексеру және білім сапасын бағалау жөніндегі өкілеттіктері тоқтатылады. Жекеменшік мектептерді ұйымдастыруға қойылатын талаптар жеңілдетіледі.
Жиында балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, жеке секторды тарта отырып, заманауи үйірмелер ашу мәселелері де сөз болды.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, жүйе қызметін түрлендіру, мұғалімдердің біліктілігі мен уәждемесін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.