Бүкіл әлемде еңбек көші-қоны қозғалысы табиғи процесс. Өзбекстанда осындай азаматтарды тәртіпті, қауіпсіз түрде шетелге жіберу үшін белгілі жұмыстар атқарылуда. Кейінгі екі жылда Сыртқы еңбек көші-қон агенттігінің күшімен дамыған елдерге 70 мың адам жіберілген.
Бірақ кейбір адамдар біліктілікті қажет етпейтін елдерге өз бетінше баруда. Олардың жұмысы мен тұрмыс жағдайы, кәсібі, табысы әртүрлі.
Мемлекет басшысы салада азаматтарға қолайлылық жасау, еңбек көші-қонынан оралған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету міндетін жүктеген еді. Сондықтан да еңбек көші-қон жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Оған сәйкес, Жұмыспен қамту министрлігіне қарасты Сыртқы еңбек көші-қоны агенттігі мемлекеттік мекеме түріндегі басқару органына айналады. Агенттік директоры бір мезетте Жұмыспен қамту министрінің орынбасары болады. Ол еңбек мигранттарын қолдау қорын да басқарады.
Ұлыбритания, Германия, Польша, Венгрия, Жапония елшіліктері мен консулдықтарында еңбек көші-қоны бойынша атташе және агенттіктің Сауд Арабиясындағы өкілі лауазымдары енгізіледі. Шетелдегі азаматтарымыздың мәселелерін жедел шешу үшін елшіліктер мен тиісті министрліктерде тәулік бойы жұмыс істейтін «call-орталықтары» құрылады.
«Шетелде жұмыс – махалладан» қағидасы енгізіледі. Бұл ретте әкімінің көмекшісі, жастар жетекшісі шетелде жұмыс істегісі келетін азаматты анықтап, «онлайн махалла» платформасына енгізеді. Үміткерлер шетелдік жұмыс берушілер конкурстарына шақырылады.
Кәсіптік білімі жоқ, тілді білмейтін азаматтарды кәсіптік оқу орындарында мақсатты түрде оқыту қолға алынады. Осы мақсатта Сыртқы еңбек көші-қоны агенттігінің жанынан азаматтарды шет тілдеріне оқытатын және жұмысқа даярлайтын орталық ашылады.
Шетелде жұмыс істегісі келетіндер де белгілі бір шығындарға тап болады. Сондықтан қазір мигранттардың еңбек визасы, жол билеті, шет тілі мен кәсіби біліктілігін бағалау шығындары ішінара өтеледі. Шет тілі бойынша халықаралық немесе оған теңестірілген сертификат алған азаматқа тіл үйренуге кеткен шығынның 50 пайызы өтеледі.
Сондай-ақ еңбек көші-қонынан оралған азаматтарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан Сайхунабад тәжірибесіне сүйене отырып, шаруашылықта егін егіп, табыс табуы үшін оларға қаржылай қолдау көрсетіліп, басқа да жұмыспен қамту қызметтері көрсетіледі. Жеңілдікті несиелер «Шағын кәсіпкерлікті үздіксіз қолдау» кешенді бағдарламасына сәйкес бөлінеді. Медициналық мекемелер көші-қоннан оралған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін тегін медициналық тексеруден өткізеді. «Инсон» орталықтары ата-анасы шетелде жұмыс істейтін балаларға әлеуметтік көмек көрсетеді.
Еңбек көші-қонынан оралғандарды жұмысқа орналастыратын кәсіпорындар әр қызметкерге бір жыл бойы Жұмыспен қамтуды қолдау қорынан ай сайын 500 мың сум субсидия алады. Осы шараларға биылғы жылы барлық көздерден 100 миллиард сум бөлінеді.
Мемлекет басшысы бұл жүйені тиімді іске қосып, азаматтарға сапалы қызмет көрсету, жұмыспен қамтуды арттыру жөнінде тапсырмалар берді.