Мемлекет басшысы жеміс-көкөніс шаруашылығын дамыту жайлы жиын өткізді

    Билік 24 Noyabr 2021 7999

    Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 24 қарашада жеміс-көкөніс шаруашылығы мен шаруа қожалықтарын дамыту шаралары талқыланған бейнеконференциялы жиын өтті.

    Өзбекстанда бау-бақша шаруашылығында да көптеген кластерлер құрылды. Бірақ нәтиже бар әлеует деңгейінде емес. Мысалы, бұл сектордағы экспорт қазіргі 1,2 миллиард доллардан 5 миллиард долларға дейін артуы мүмкін деген болжам бар.

    Бүгінгі жиында осы саладағы мүмкіндіктер мен міндеттер, еңбек өнімділігін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары талқыланды.

    – Бұрын мақта шаруашылығында тек шикізат сататынбыз. Баға белгілеу ең жақсы болған жылы кіріс шамамен 1 миллиард долларды құрайтын еді. Міне, қазір мақтаны өз күшімізбен өңдеп, 3 миллиард доллар пайда алудамыз. Бұл экспорттың көрсеткіші ғана. Қаншама жұмыс орны, жалақы, салық әлі де осы салада. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру арқылы жеміс-көкөніс шаруашылығында да осындай нәтижеге қол жеткізуге болады – деді Мемлекет басшысы.

    Осыған байланысты жеміс-көкөніс кластерлерін, шаруа қожалықтары мен бау-бақша шаруашылығын дамыту, оларды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы қызметтерін кеңейту үшін жаңа жүйе енгізілетіні айтылды.

    2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау қоры» жеміс-көкөніс өсірушілерді жеңілдетілген несиелендірумен айналысады. Ол үшін кластер, фермер және банк арасында үш жақты келісім-шарт жасалады. Несиелер бір жылға, 6 айлық жеңілдікпен, 14 пайыздық мөлшерлемемен берілмек.

    Кластерлерге халықтан өнім сатып алу үшін айналым қаражатына 12 айлық «револьвер» несиелері беріледі. Яғни, кластер қажет кезде қаржыны алып, пайызын несиені пайдаланған кезең үшін төлейді. Осы мақсат үшін жалпы 2 триллион сум бөлінеді.

    Шағын интенсивті бақтарды, жүзім мен жеміс-көкөніс шаруашылығын дамыту үшін 14% жеңілдікпен 100 миллион сумға дейін кепілсіз несие беріледі. Осы үшін халықаралық қаржы институттарынан 100 миллион доллар қарастырылған.

    Тағы бір қолдау, экспорттық келісімшартпен жеміс-көкөніс дақылдарын қауіпсіздігінің сақтандыру құнының 50 пайызы бюджет есебінен өтеледі.

    23 қарашада Өзбекстан Республикасы Президентінің «Жеміс-көкөніс шаруашылығы мен жүзім шаруашылығында отбасылық кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі шаруа қожалықтарының үлесін арттыру шаралары туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда келесі жылы мақта мен астықтан қысқартылатын 80 мың гектар жер халыққа шаруа қожалықтарын құруға беріледі деп көрсетілген.

    Бұл егіндік алқаптары ашық электронды тендер арқылы 10 сотықтан 1 гектарға дейін 10 жылға жалға беріледі.

    Осындай отбасылық кәсіпкерлік бағдарламалары бойынша мұндай шаруа қожалықтарына 6 айлық жеңілдікпен 2 жылға дейін несиелер де қарастырылған. Бірақ егер жер тиімді пайдаланылмаса, сот арқылы жалға беру мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

    Жиында шаруа қожалықтарын тиімді пайдалану мәселесі де сөз болды. Өзбекстанда халықтың қарамағында 500 мың гектарға жуық жер бар. Оларда егін өсіруге қолдау үшін келесі жылы 100 миллион доллар бөлу жоспарланған. Бұл қаражат отбасылық бизнес бағдарламасы негізінде, тиімді шарттармен берілмек.

    Аула қызметі кәсiпорындарына 300 миллион сумға дейiн кепiлдемесiз несие беру қарастырылған. Осындай тиімді кәсіпорындар негізінде аулаға қызмет көрсету кластерлері құрылады. Оларға көшеттік жылыжай, шағын техника паркі, тоңазытқыш қоймасы, кептіру, сұрыптау және орау сияқты қызметтер кіреді.