Шавкат Мирзиёев «Инно» инновациялық оқу-өндірістік технопаркіне барды

    Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласының Алмазар ауданындағы «Инно» инновациялық оқу-өндірістік технопаркінде болды.

    Бұл технопарк үш жыл бұрын құрылған. Мұнда өнеркәсіп салаларын дамыту үшін инновациялық идеялар мен өнертабыстар әзірленеді. Жастарды заманауи мамандықтарға үйрету мақсатында жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жолға қойылған. Жыл сайын 15 мыңға жуық студенттің қатысуымен семинарлар мен практикалық тренингтер ұйымдастырылады.

    Өзбекстанда мұндай инновациялық орталықтар көбейіп келеді. Өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар дамып, жаңа кешендер іске қосылуда. Оларға заманауи білімі мен біліктілігі бар инженер-техник мамандар қажет.

    Осы жерде Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Бұхара инженерлік-технологиялық институты, Ташкент мемлекеттік көлік университеті, Ферғана политехникалық институты, Ташкент сәулет-құрылыс университеті және Ташкент ақпараттық технологиялар университеті жанындағы жоғары инженерлік мектептерінің тұсаукесері өтті.

    Өзбекстан Республикасы Президентінің 2024 жыл 2 ақпандағы қаулысында осыған байланысты бірқатар міндеттер белгіленген. Атап айтқанда, қаулыға сәйкес инженерлік-техникалық салада кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындарының ұйымдастыру-басқару қызметі жетілдірілуде. Қазіргі білім беру бағдарламаларының заманауи технологияларға және жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкестігі зерттеліп, түбегейлі өзгертілуде.

    Бұл туралы Мемлекет басшысына ақпарат берілді.

    Бастапқы кезеңде 10 жоғары оқу орны жанынан жоғары инженерлік мектептер ашылады. Мектептің бақылау кеңесінің құрамына ғалымдармен қатар серіктес кәсіпорындардың өкілдері де мүше болады.

    Бұл мектептер екі жылдық магистрлік бағдарлама жолға қойылып, үміткерлер өндірушілердің тапсырысы негізінде таңдалады. Студенттер бірінші курста кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жаңа өнімдерді құрастырады, ғылыми зерттеулер жүргізеді, осыған орай тереңдетілген модульдік бағдарламалар негізінде оқытылады. Екінші жылы кәсіпорындарда жаңа өнімнің тәжірибелік үлгілерін жасауға байланысты технологиялық процестерді сынақтан өткізеді.

    Президент жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеулердің сапасы мен тиімділігіне назар аударды. Білім беру жүйесіне жасалған жағдайға орай, ғылыми жетістіктер де соған сай болуы керектігі айтылды.

    Мемлекет басшысы ғалымдардың өнертабысы және озық әзірлемелерімен танысты. Атап айтқанда, энергия үнемдейтін құрал-жабдықтар, жүктеменің артуына байланысты трансформаторларды жарылудан қорғайтын салқындату жүйесі, мұнай-газ секторындағы маңызды химиялық реагенттер, құрылыс, жол құрылысындағы заманауи тәсілдер, су шаруашылығы нысандарының инженерлік жобалары, ақпараттық технологияларға байланысты заманауи өнертабыстар туралы ақпарат берілді.