баннер
10 Apr 2025
19:14

    Самарқандта «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» алғашқы саммиті өтті

    4 сәуір күні Самарқанд қаласында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев төрағалығымен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» алғашқы жоғары деңгейдегі саммиті өтті.

    Ауқымды жиынға Еуропа кеңесінің Президенті Антониу Кошта, Еуропа комиссиясының Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, сондай-ақ Еуропалық Қайта құру және даму банкі мен Еуропа инвестициялық банкі басшылары қатысты.

    Саммит күн тәртібіне сәйкес, Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ арасындағы көпқырлы қарым-қатынастар мен тәжірибелік әріптестіктің келешегі талқыланып, жаһандық және өңірлік саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

    Инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өзара сауда көлемін арттыру, инновациялар, «жасыл» энергетика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және цифрландыру салаларында бірлескен бағдарламалар мен кооперациялық жобаларды ілгерілету, сондай-ақ мәдениет, туризм, ғылым, білім беру бағыттарындағы байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды.

    Мемлекет басшысы саммитті ашу барысында Орталық Азия мен Еуропа арасындағы тарихи тамыры терең байланыстар бүгінде қарқынды дамып, өзара сенім мен ықпалдастық рухында беки түскенін атап өтті.

    Саммит қарсаңында өткен мазмұнды әрі нәтижелі кездесулер екі аймақ арасындағы серіктестік пен тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетуге деген саяси ерік пен табанды ұмтылыстың айғағы болды.

    Мемлекет басшысы Еуропалық Одақтың негізгі саяси және экономикалық институттарының басшыларына Орталық Азияда интеграция мен орнықты дамуға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

    Президент атап өткендей, ортақ саяси ерік-жігердің арқасында Орталық Азияда жүріп жатқан терең өзгерістер артқа қайтпастай сипатқа ие бола бастады. Өзара сенім мен тату көршілік қарым-қатынастар нығайып, кең ауқымды ынтымақтастық пен кооперациялық байланыстар кеңейіп келеді.

    – Жеті-сегіз жыл бұрын мұндай нәтижеге жету үшін тіпті алғышарттар да болмаған еді. Кейбір мемлекеттер арасындағы шекаралар жабық болды. Сауда-саттық, транзит, кәсіпкерлік, тіпті гуманитарлық алмасу да жоқтың қасы болатын. Қарым-қатынастар тұтас тоқтап қалған еді, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Биылғы қыркүйек айында Ташкентте өңір елдері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуін өткізу жоспарланып отыр. Бұл әріптестік форматы күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді ашық әрі сындарлы талқылауға жол ашып отыр.

    Өзбекстан Президенті жуырда орын алған тарихи оқиға – Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша толық келісімге қол жеткізіліп, тиісті құжаттарға қол қойылғанын ерекше атап өтті.

    Бүгінде аймақта ауқымды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бірлесіп жүзеге асырылуда, оларды қолдау үшін түрлі инвестициялық қорлар мен компаниялар жұмыс істеп тұр. Өңіраралық сауда көлемі артып, шекара маңындағы сауда аймақтары құрылуда. Мұның барлығы өңірдің тұрақты экономикалық дамуына серпін беріп отыр.

    Еуропа қайта құру және даму банкінің мәліметінше, биылғы жылы Орталық Азиядағы өңірлік жалпы ішкі өнім 6 пайызға дейін өседі деп болжануда. Бұл – өзге аймақтармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

    Сонымен қатар, ортақ өңірлік болмысты қалыптастыру, мәдени-гуманитарлық және білім саласындағы алмасуларды қолдау жөніндегі бірлескен бастамалар да атап өтілді. Елдерімізде жетекші ұлттық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Шетелдік туристерге арналған бірыңғай Орталық Азия визасын енгізу жобасы ілгерілетілуде.

    Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы өзара іс-қимылдың белсенді түрде жанданып келе жатқаны байқалып отыр. Соңғы жеті жылда тараптар арасындағы тауар айналымы бірнеше есеге өсіп, 54 миллиард еуроны құрады. Ынтымақтастықтың нәтижелілігін қамтамасыз ететін тиімді платформалар іске қосылды. Барлық маңызды бағыттар бойынша министрлік деңгейіндегі кездесулер, форумдар және саммиттер тұрақты өткізіліп келеді.

    Өзбекстан Президенті орта және ұзақ мерзімді перспективада өзара ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған басым бағыттар жөнінде өз көзқарасын ортаға салды.

    Ең алдымен, саяси диалогты, көпжақты серіктестіктің құқықтық және институционалдық негіздерін нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

    Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы стратегиялық әріптестікке қатысты қабылданатын құжат қағидаларын жүзеге асыру үшін бірлескен кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдау қажет екені айтылды.

    Бұл стратегиялық әріптестікті нақты шешімдер, жобалар және бағдарламалармен толықтыру мақсатында екі аймақ арасында толыққанды серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою ұсынылды.

    Өзбекстан басшысы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру үшін сыртқы істер министрлерінің тұрақты кездесулерін өткізіп тұруды; парламенттер арасындағы өзара байланысты жандандырып, «Орталық Азия – Еуропа Одағы» парламенттік ынтымақтастық форумын құруды және оның алғашқы жиынын биыл күзде Өзбекстанда өткізуді; сондай-ақ жетекші сараптамалық орталықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуді ұсынды.

    Өзара келісімдерді уақтылы орындауды қамтамасыз ету мақсадында Өзбекстан келесі саммитке дейінгі кезеңде Саммит хатшылығының қызметін өз мойнына алуға дайын екені айтылды.

    Экономика мен технологиялық жаңғыртуға инвестиция тарту — өзара ынтымақтастықтың басты өлшемі ретінде белгіленді.

    Бүгінгі таңда Еуропаның жетекші компаниялары мен банктерімен жүзеге асырылып жатқан жобалар портфелі 30 миллиард еуродан асты.

    Келесі Ташкент инвестициялық форумы аясында екі аймақтың инвестициялық әлеуетіне арналған арнайы сессия өткізу, сондай-ақ еуропалық компанияларға арналған Өзбекстандағы Өңірлік өнеркәсіп паркі тұжырымдамасын таныстыру ұсынылды.

    Жуырда Ташкент қаласында Еуропа инвестициялық банкінің кеңсесін ашу туралы келісімге қол қойылғаны алға тартылып, бұл қадам ЕО елдерінен Орталық Азияға тікелей инвестиция ағынын ынталандыруға қызмет ететіні атап өтілді.

    Мемлекет басшысы «жасыл» энергетика, инновациялар, көлік, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы салаларында ірі өңірлік жобаларды ілгерілету үшін Инвестициялық платформа құру бастамасын ұсынды.

    Бұдан бөлек, Өзбекстан Президенті бірқатар қосымша бастамаларды жария етті. Инвестицияларды қорғау және ынталандыру туралы көпжақты келісімге қол қою, «Орталық Азия – Еуропа Одағы» бірлескен сауда палатасын құру, Шағын және орта бизнеске, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсетуге бағытталған өңірлік бағдарламаны қабылдау солар қатарында.

    Биыл Өзбекстан Көлік өзара байланысы жөніндегі экономикалық форум мен Инвесторлар форумын өткізуге дайын.

    Экспорттаушыларымыздың әлеуетін арттыру, стандарттау және сертификаттау зертханалары мен орталықтарын құру мақсатында Еуропа Одағының техникалық көмегін кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

    Стратегиялық минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастық пен инвестицияларды тереңдету өзара тиімді серіктестіктің тағы бір болашағы зор бағыты ретінде атап өтілді.

    Өзбекстан бұл салада Еуропаның жетекші компанияларымен жемісті әріптестік тәжірибесіне ие. Алайда, бұл өнімдерді, сондай-ақ дайын өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық тауарларын Еуропа нарығына жеткізу үшін тиімді көлік дәліздерінің болмауы осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге кедергі келтіріп отыр.

    Осы тұрғыда Транскаспий көлік дәлізін кеңейту және оны пайдалану үшін үйлестірілген шаралар мен қолайлы жағдайлар әзірлеу қажеттігі айтылды.

    – Мен бұл міндеттер «Жаһандық қақпа» жалпыеуропалық бастамасының мақсаттарына толық сәйкес келетініне сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

    Осы мақсатта Еуропа Одағы қамқорлығымен осы бағыттағы елдердің көлік министрлерінің кездесуін өткізіп, өзара келісілген тәсілдерді әзірлеу ұсынылды.

    «Жасыл» энергетика мен экологиялық тұрақтылыққа инвестиция салу – стратегиялық маңызы бар бағыт.

    Өзбекстан Орталық Азиядан Еуропаға электр энергиясын жеткізуді көздейтін халықаралық жобаны толық қолдайтыны атап өтілді.

    Елімізде 2030 жылға дейін энергетикалық баланста қайта жаңғыртылатын қуат көздерінің үлесін 54 пайызға дейін жеткізіп, 24 мың мегаватт «жасыл» қуат іске қосу жоспарланған.

    Осы бағытта «Орталық Азия – Еуропа Одағы» аясында «таза» энергия бойынша серіктестік құру өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналуы мүмкін.

    Жобаларды қаржыландыру және «көміртек кредиттері» нарығын дамыту мәселесін пысықтау үшін тиісті ведомстволар басшылары деңгейінде жұмыс тобы құру ұсынылды.

    Адам капиталына бағытталған инвестициялар екі өңір арасындағы серіктестікті тереңдетуде маңызды орынға ие.

    Жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатыда «Эразмус плюс» бағдарламасы аясында өңір елдеріне арнайы квоталар енгізу осы бағыттағы мақсаттарға қол жеткізуге қызмет етеді.

    Бұдан бөлек, Орталық Азия елдерімен ғылыми-білім саласындағы әріптестікті кеңейту мақсатында Өзбекстанда «Горизонт – Еуропа» бағдарламасының кеңсесін ашуға дайын екені айтылды.

    Сондай-ақ жасанды интеллект, «үлкен деректер», цифрландыру және ғарыштық зерттеулер саласында ғылыми-технологиялық алмасуға арналған бірлескен бағдарлама әзірлеу бастамасы ұсынылды.

    Өзбекстан Президенті өңір елдерін Еуропаның цифрлық білім беру саласындағы Іс-қимыл бағдарламасына қосу, сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті дамыту жөніндегі «жол картасын» жүзеге асыру ұсыныстарын ортаға салды.

    Еуропалық мамандардың қатысуында «Лазги» ұлттық балетінің сахналануы, сондай-ақ Еуропаның ірі музейлерінде Орталық Азияның тарихи мұрасын таныстыратын көрмелердің ұйымдастырылуы — мәдени саладағы ынтымақтастықтың жарқын көріністері ретінде атап өтілді.

    Бүкіләлемдік аудиторияны өңірдің бай мәдениетімен кеңінен таныстыру ісін жалғастыру шеңберінде Самарқандта өтетін ЮНЕСКО Бас конференциясын Орталық Азия халықтарының өнерін жаһанға насихаттау үшін белсенді пайдалану қажеттігі ерекше айтылды.

    Биыл Бұхара қаласында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» алғашқы туризм форумын өткізу жоспарланған.

    – Еуропа Одағы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, «Бір тур – бүкіл өңір» тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ өңіріміздің туристері үшін виза режимін жеңілдету мәселесін қарастыруда еуропалық серіктестеріміздің қолдауына сенім артамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Терроризм, экстремизм, радикализм, киберқылмыс, есірткі трафигі мен заңсыз миграцияға қарсы күресте ынтымақтастық жасау өзекті мәнге ие.

    Еуропалық әріптестердің терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша диалог орнату жөніндегі ұсынысы қолдау тапты.

    «BOMCA» және «CADAP» бағдарламалары аясындағы практикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ Ауғанстанда бейбіт даму орнату мәселелері бойынша консультацияларды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

    Мемлекет басшысы ұсынылған бастамалар мен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру тетіктерін енгізу мақсатында Премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде «Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматындағы Серіктестік комитетін құрып, жыл сайын оның отырысын өткізу туралы ұсыныс жасады.

    Саммит қорытындысында екі өңір арасындағы стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарын орнатуды көздейтін Бірлескен декларация қабылданды.

    Мы в Телеграм
    Text to speech