Соңғы сегіз жылда ел халқы 6 миллион адамға артқан. Осы уақыт аралығында жарты миллионға жуық тұрғын үй салынған. Атап айтқанда, былтырдың өзінде 100 мың пәтерлік көпқабатты үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 130 мыңнан асып түспек.
Болжамдарға сәйкес, алдағы жылдары ел халқы 40 миллионға жетеді. Мұндай өсім кезінде жыл сайын 140–150 мың пәтерге сұраныс туындайды. Бұл жыл сайын қосымша 2 мың гектар жер қажет деген сөз. Алайда жер қоры шектеулі болғандықтан, реновация бағдарламасы өзектілікке ие болып отыр.
Мысал ретінде, ел аумағында бүгінгі таңда 17 мыңға жуық 2–3 қабатты ескі үй бар. Олардың инфрақұрылымы мен тұрмыс жағдайы қазіргі заман талабына сай келмейді. Көпшілігінде кәріз жүйесі жоқ, электр, газ және су желілері әбден тозған.
Осы үйлердің орнына заманауи көпқабатты кешендер салынса, сол жерлерге үш есе көп халықты орналастыруға мүмкіндік туады. Ең бастысы, тұрғындарға ыстық және суық су, заманауи кәріз жүйесі секілді толық коммуникациялық жағдай жасалады. Адамдар таза, жайлы әрі тартымды ортада өмір сүреді. Бұл мыңдаған отбасының өмір сүру деңгейін арттырады.
Тұрғын үйлердің біртұтас кешен ретінде салынуы инфрақұрылымға түсетін салмақты азайтып, энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бүгінге дейін Өзбекстанда қала құрылысы реновациясына байланысты бірыңғай нормативтік-құқықтық құжат болмаған. Осы себепті, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, «Қала құрылысы реновациясы туралы» заң жобасы дайындалған.
Таныстырылым барысында реновация жүйесінің құқықтық, қаржылық және ұйымдастырушылық қырлары егжей-тегжейлі талқыланды.
Мұндай бағдарламаларды іске асыру үш кезеңнен тұрады. Ең алдымен, қала және аудан аумағынан реновацияға лайықты жер телімдері таңдалып, жоба жасалады. Мүлік иелеріне жаңа үйден пәтер не болмаса ақшалай өтемақы ұсынылады. Барлық келісімдер әрбір меншік иесімен жеке-жеке, нотариалдық түрде рәсімделеді. Жобаларды қаржыландыру үшін әр аймақта арнайы реновациялық қорлар құрылатын болады.
Екінші кезеңде, реновация бағдарламасы өңірлік және республикалық кеңестерде қаралып, құрылыс компаниясы таңдалады. Үшінші кезеңде – үйлер салынып, пайдалануға беріледі.
Аймақтарда жүргізілетін мұндай реновациялар сол аумақтың экономикалық әлеуетін арттырады. Жаңа үйлердің бірінші және екінші қабаттарында сауда, қызмет көрсету нысандары мен шағын өндіріс орындары орналастырылады. Сонымен қатар, реновация нәтижесінде 20 мың гектарға жуық жер үнемделетіні есептелген.
Атап айтқанда, алғашқы кезеңде 20 мың пәтер салу көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы мұндай жобаларды ең алдымен сол аумақта тұратын халықтың мүддесін ескере отырып, жүйелі әрі әділетті жолмен жүзеге асыру керектігін айтты. Осы мақсатта жауапты сала өкілдері, аудан әкімдері және олардың орынбасарлары реновация ережелері мен процесті дұрыс ұйымдастыру бойынша қосымша оқытудан өтетін болды.
Сондай-ақ реновацияға түскен аумақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, девелоперлік және құрылыс ұйымдарының жұмысын үйлестіру мәселелері де күн тәртібінде қозғалды.