Өзбекстан Республикасының Президенті ТМД саммитіне қатысты

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев 8 қазан күні Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

    Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің төрағалығымен өткен саммитте Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ТМД-ның Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

    Күн тәртібіне сәйкес көпжақты қатынастардың жағдайы және даму перспективалары бойынша пікір алмасылып, ТМД аясындағы практикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде Ресейдің Достастықта төрағалық еткен кезеңінде көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарда дамығанын жоғары бағалады.

    ТМД елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етумен байланысты жағдайға ерекше назар аударылды.

    ТМД елдерінің арнайы қызметтері мен өкілетті органдарының жүйелі ынтымақтастығын жолға қою, қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы күресу әдістерін жетілдіру, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында келісілген шаралар мен бағдарламалық құжаттарды қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді.

    Ынтымақтастықтың экономикалық бағытында бірлескен қызметті күшейту басым міндет екені айтылды.

    Өзбекстанның ТМД елдерімен тауар айналымы жыл басынан бері 16 пайызға артқан. Табысты өнеркәсіптік кооперацияға көптеген мысалдар бар.

    ТМД салалық кеңестері мен комитеттерінің қызметін жандандыру қажеттілігі көрсетілді.

    Келесі жылы көктемде Ташкент қаласында «Иннопром» халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында ТМД Экономикалық кеңесінің отырысы және Инновациялық даму форумы өткізу ұсынылды.

    Жақында өткен ТМД елдерінің жетекші талдау орталықтарының Ташкент конференциясының нәтижелерін ескере отырып, ұзақ мерзімді серіктестіктің жаңа басым бағыттарын қолдау маңызды екені атап өтілді.

    Атап айтқанда, интернет технологияларын және «үлкен деректер» индустриясын дамыту, цифрлық шешімдерді жедел енгізу, креативті экономика, жасыл энергетика және ядролық технологиялар, климат мәселелері және басқалар солар қатарында.

    Осыған байланысты ТМД елдерінің сарапшылары мен талдаушыларының кездесулерін тұрақты түрде өткізіп, келесі конференцияны Самарқанд қаласында жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне арнау ұсынылды.

    Гуманитарлық алмасуларды кеңейту мақсатында Достастық мемлекеттерінің мәдениет күндерін өткізу ұсынылды. Сонымен бірге денсаулық сақтау, білім беру, өнер, кино, туризм және спорт салаларында бірлескен іс-шаралар бағдарламасын жыл сайын дайындау қажеттігі атап өтілді.

    Самарқанд пен Ташкенттің сәйкесінше Достастықтың мәдени астанасы және жастар астанасы деп жариялануы аясындағы жобалардың жүзеге асырылып жатқаны қуанышпен аталып өтті.

    Бұдан бөлек, Өзбекстанда шахмат пен футбол бойынша жастар командалары арасында ТМД ашық кубогы жарыстары өтеді.

    Соңында Өзбекстан Президенті Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды 2025 жылы ұйымға төрағалық етуін қабылдағанымен құттықтады.

    Саммит соңында ТМД аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірқатар келісімдер мен қаулылар қабылданды.