Мемлекет басшысы азық-түлік саласына қатысты жиын өткізді

    Билік 5 Sentabr 2022 5705

    Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 5 қыркүйекте негізгі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және резерв құру шаралары туралы бейне байланысты жиын өтті.

    Әлемде климаттың өзгеруі мен көптеген жерлерде құрғақшылық салдарынан азық-түлік тапшылығы байқалуда. Сонымен қатар, халықаралық аренадағы жағдайға байланысты өнімді өндіру мен жеткізу қиындап барады.

    Мемлекет басшысы бұл мәселеге бұрында да көңіл бөліп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын көрсеткен болатын. Атап айтқанда, жыл басында 80 мың гектар мақта және астық алқаптары қысқартылып, тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге бөлінген. Соның нәтижесінде 785 мың адам жұмыспен қамтылып, 3 триллион сумдық 1 500 000 тонна қосымша азық-түлік жиналды.

    Осы жұмыстарды одан әрі жалғастыру мақсатында халқымыздың несібесі үшін тағы 20 мың гектар жер бөлу туралы Президент қаулысы шықты. Келесі жылы тағы 100 мың гектар егістік жер конкурстық негізде халыққа беріледі. Осының арқасында қосымша 1 200 000 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.

    Жиында негізгі азық-түлік тауарларына сұраныс өңірлік деңгейде сарапталып, ішкі мүмкіндіктер көрсетілді.

    Мәселен, республикада картопқа деген жылдық қажеттілік 3 миллион 400 мың тоннаны құрайды. Оның 20-25 пайызы импорттың есебінен өтеледі. Атап айтқанда, Қарақалпақстанға 100 мың тоннаға жуық, Навои облысына 45 мың тонна, Жызақ облысына 35 мың тоннадай картоп жетіспейді.

    Немесе өсімдік майына деген жылдық қажеттілік 515 мың тонна болса, оның 46 пайызы шетелден жеткізіледі. Елдегі май зауыттары толық қуатында жұмыс істемейді.

    Жалпы, ішкі нарықта азық-түлік тауарларының 25 түрін жеткізу импортқа тәуелді күйінде қалуда. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесе отырып, республикада осы өнімдерді өндіру жобаларын дайындау міндеті жүктелді.

    Республикада азық-түлік бағасының маусымдық өзгерістері де айтарлықтай. Өйткені ауыл шаруашылығына маманданған 50 ауданда мұздатқышы бар қоймалар жетіспейді. Жалпы, қолда бар қойма сыйымдылығы бүгінде 1,5 миллион тоннаны құрайды, бұл жалпы өндірілген өнімнің 7 пайызына да жетпейді. Бұл, әрине, «бағаның әр түрлі болуына» әсер етеді.

    Осының негізінде облыс әкімдеріне аталған 50 аудандағы қойма сыйымдылығын күрт арттыру тапсырылды.

    Бау-бақша шаруашылығы және жылыжай шаруашылығын дамыту агенттігіне азық-түлік өнімдерінің алаңын 300 мың гектарға дейін ұлғайту, халық сұранысы мен импортты талдау негізінде ауылшаруашылық дақылдарын ұтымды орналастыру міндеті жүктелді.

    Мемлекет басшысы бейне байланыс арқылы жергілікті шенеуніктер, кәсіпкерлер, диқандармен тілдесті. Атап айтқанда, Қашқадария мен Ферғана шеберлердің қаржы мәселесін жеңілдету туралы пікірлерін қолдады. 15 қыркүйектен бастап әкім көмекшілерінің ұсынысы бойынша көкөніс, бұршақ және майлы дақылдарға тұқым, тыңайтқыш, отын, өсімдік қорғау және айналым қаражатына 150 миллион сумға дейін кепілсіз несие беру туралы шешім қабылданды. Бұл қаражаттың жартысын қолма-қол ақшамен бөлуге де рұқсат етілген. Осы мақсатқа Бағбандық агенттікке қосымша 300 миллиард сум бөлінеді.

    Сондай-ақ жеміс-көкөніс дақылдарын несиелендірудің жаңа жүйесі енгізіледі. Енді картоп, көкөніс және майлы дақылдарды өсіретін кластерлер мен фермерлер үшін өсімдік шаруашылығын сақтандыру құнының 50 пайызын мемлекет өтейтін болады. Бұдан былай мақта мен астық сияқты азық-түлік өнімдерін өсіруде де сақтандыру полисі несиелік кепілдік болып табылады. Бұл жаңашылдық көптеген шаруалардың жұмысын жеңілдетеді.

    Өнімнің мол болуы сапалы тұқымға да байланысты. Бүгінде республикада жылына 300 мың тонна картоп, 6 мың тонна бұршақ, 11 мың тонна майлы дақылдар тұқымын дайындау қажет.

    Бұл тұрғыда көптеген жақсы тәжірибелер бар. Мәселен, Самарқанд облысының Ақдария ауданында кәсіпкерлер 450 центнерге дейін өнім беретін элиталы картоп тұқымын өсіруде.

    Президент бұл тәжірибені кеңейтіп, жеке сектормен бірге бұршақты және майлы дақылдар тұқымында да жолға қою қажеттігін айтты.

    Әр бір облыста кем дегенде бір интенсивті көкөніс питомниктерін құру, барлық құнарлы жерлерді қарқынды өңдеуге көшіру туралы тапсырма берілді.

    Жиында қыс-көктем айларында жеміс-жидек пен көкөніс бағасын тұрақты ұстау мәселесіне баса назар аударылды.

    Өнімдерді сақтау және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жүк көліктерін, сұрыптау және буып-түю жабдықтарын сатып алуға да жеңілдетілген несие беру ұсынысы айтылды.

    Президент бұл ұсынысты қолдады. Бұл үшін коммерциялық банктерге 140 миллион доллар бөлінгені, тағы 330 миллион доллар бөлуге мүмкіндік бар екені айтылды.

    Агрологистика жобаларда жүк көліктерін сатып алуды қарастырып, жылыжай иелеріне жеңілдіктер жасаудың маңыздылығы айтылды.

    «Агролизинг» акционерлік қоғамын трансформациялау арқылы шаруалар мен фермерлерге қаржылық қолдау көрсететін жүйеге айналдыру тапсырылды.

    Сондай-ақ бау-бақша шаруашылығын дамыту да сөз болды. Жылжымалы мұздатқыштар үшін жерді жалға беру мерзімін ұзарту, тұрғындарға өсімдіктерді қорғауға көмектесу қажеттігі айтылды.

    Мемлекет басшысы түрлі көзбояушылықты, қосып жазу фактілерінің орын алуын қатаң сынға алып, сала қызметкерлеріне ескерту жасады.

    Азық-түлік өнімдерін көбейтіп, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету, бұл тұрғыда диқандар мен шаруалардың мәселелерін шешіп, оларға көмек көрсету басты міндет екені баса айтылды.

    No date selected
    October 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates