Мемлекет басшысы елді мекендерді дамыту жөнінде жиын өткізді

    Билік 11 Oktabr 2022 5047

    Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 11 қазанда елді мекендерді дамыту және халықты мазалаған мәселелерді шешу бойынша бірінші кезектегі міндеттер жөнінде бейнеселекторлық кеңес өтті.

    Республикада атқарылып жатқан барша жұмыстар, әлеуметтік-экономикалық жобалар халықтың көңілінен шығуға бағытталған. Мемлекет басшысы қашанда «адамдар реформалардың нәтижесін бүгінгі өмірінде, махалласында сезінсін», деп талап етеді.

    Осы мақсатта биылғы бағдарламалар аясында 4 мың 100 елді мекенді абаттандыруға, балабақша, мектеп, денсаулық сақтау, су, жарық, кәріз мәселелерін шешуге бюджеттен 29 триллион сумға жуық қаржы бөлінді.

    Осының арқасында 434 шағын ауданда ішкі жолдар жөнделді. 672 елді мекен ауыз сумен қамтылды. 34 жаңа мектеп салынды, 338-і қайта жаңғыртылды, 360-ы күрделі жөндеуден өтті, оларда қосымша 78 мың оқушының білім алуына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ 580 трансформатор, 20 мың шақырым желі жаңартылып, 413 махалладағы 1,5 миллион тұрғынның электр қуатымен қамтамасыз етілуі жақсартылды.

    Жиында мұндай жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру және елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу шаралары талқыланды.

    – Ешбір азамат өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек. Халықтың көңіл-күйі – біздің реформаларымыз бен саясатымыздың көрінісі. Үлкенді-кішілі, адамдар айтқан әрбір мәселеге дер кезінде жауап беру, оны кезең-кезеңімен шешу барлық деңгейдегі басшылардың басты басымдығы болуы керек, – деді Шавкат Мирзияев.

    Бүгінде республикада 9370 махалла бар. Президент тапсырмасы бойынша олардың әрқайсысын аралап, халықты қинаған мәселелердің тізімі жасақталған.

    Атап айтқанда, жол, ауыз су, суару жүйесі, электр қуатымен қамтамасыз ету, білім, медицина салаларына қатысты 12 мың мәселе көтерілді.

    Жиында аталған проблемаларды шешуге қатысты нақты міндеттер белгіленді.

    4979 махаллада жоспарланған 5695 құрылыс және жөндеу жұмыстары үшін«Обод Қишлоқ» және «Обод махалла» қорларына 1 трлн 700 млрд сум бөлінетіні айтылды. Қажеттілікке қарай жыл соңына дейін тағы 1 трлн сум бөлінеді.

    елді мекендердің жағдайын жақсартуға «Бастамалық бюджет» жобасы септігін тигізуде. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында бұл жобаға 9201 махалла (98 пайыз) қатысты. Дауыс беру нәтижесі бойынша 1 мың 221 махалладағы 1 мың 418 жоба жеңімпаз деп танылып, оларға барлығы 1 трлн сум аударылды.

    Мемлекет басшысы халық сұранысын қанағаттандыру, ықшамаудандарды абаттандыру мақсатында «Бастамалық бюджет» жобасын одан әрі кеңейтуді ұсынды.

    Сондықтан 342 махалладағы 2 мыңнан астам дауыс жинаған, бірақ жеңіске жетпеген 364 жобаға қосымша 335 млрд сум бөлінетін болды. Сонымен қатар, халық денсаулығының маңыздылығын ескере отырып, келесі жылы көршілес медициналық орталықтар мен отбасылық емханаларды жабдықтауға қосымша 200 млрд сум бөлінеді.

    Бұл ретте келесі жылдан бастап облыстық бюджеттердің қосымша қаражатының 30 пайызы «Бастамалық бюджет» жобаларына бағытталатыны айтылды. Бұл қосымша 1 трлн сум деген сөз.

    Жалпы, келер жылдан бастап елді мекендердегі инфрақұрылымға қаражат тек «Бастамалық бюджет» арқылы тұрғындар қалаған жобаларға бөлінетін болады.

    – Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бастамалық бюджет» жобалары бойынша қаражат 3,5 есеге ұлғайып, 8 трлн сумға жетеді. Сонда ұрлық болмайды, әділдік орнайды, халық өз үлестерін қосқан жобаларын міндетті түрде қорғайды, – деді Мемлекет басшысы.

    Тағы бір жаңалық, келер жылдан бастап әр махалла өз мәселесін өз бетінше шеше алатындай «Махалла бюджеті» жүйесі енгізіледі. Әрбір облыстың салық аз жиналатын бір ауданында тәжірибе ретінде халықтың мүлкі мен жер салығын жинау сол махалланың өзіне аударылады. Одан түскен қаражат «Махалла бюджетінде» қалады.

    Шенеуніктерге аталған қаражатты қалыптастыру, жұмсау және бақылау тәртібін әзірлеу тапсырылды.

    Жиында өңірлерді көгалдандыру мәселесіне баса назар аударылды.

    «Жасыл кеңістік» жалпыұлттық жобасы аясында биылғы жылдың соңына дейін 75 млн дана, келесі жылдың көктемінде тағы 125 млн дана жеміс-жидек және сәндік көшеттерді отырғызу міндеті қойылды. Өткен жылғы тәжірибеге сүйене отырып, 20 қазан мен 1 желтоқсан аралығында көшет отырғызу бойынша «өзекті 40 күндік» жарияланды.

    – Ағаш әуестікпен отырғызылуы керек, ол халқымыздың, махалламыздың мәдениетіне айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.