Шавкат Мирзиёев: Адамдық қадір-қасиетті ардақтау алдымен әйелдерді құрметтеуден басталады

    Ташкент қаласында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті.

    Салтанатты шараға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып, әйелдерге деген шынайы құрметін білдірді.

    – Біз жыл сайын бұл күнді көңілден ерекше жылулықпен күтеміз. Осынау айтулы күні бізді өмірге әкелген, ақ сүтін берген, сүйіспеншілігі және тәрбиесімен өсірген ардақты ұлы анаға, ардақты әйелге бәріміз бас иеміз. Өйткені, адамдық абыройды асқақтату асыл әйелдерімізді дәріптеуден басталады, – деді Президент.

    Осы мақсатқа жету жолында Өзбекстанда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, «Өзбекстан – 2030» стратегиясы аясында қыз-келіншектердің белсенділігін арттыру, ана мен баланы қорғау, гендерлік теңдікті орнату, әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

    Бұл барлық салада көрініс табуда. Мысалы, саяси саланы алатын болсақ, сайлау кодексте депутаттыққа үміткерлердің кемінде 40 пайызы немесе 5-тен 2-і әйел болуы керек деп жазылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік басқарудағы әйелдердің үлесі 2017 жылғы 27 пайыздан 35 пайызға дейін өсті.

    Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, олардың арасында кәсіпкерлікті дамыту бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде. Кейінгі 5 жылда Өзбекстанда іскер әйелдердің саны екі есеге артып, өз ісін ашқан іскер әйелдердің саны 205 мыңнан асты. Сондай-ақ 200 мыңға жуық қыз-келіншектер кәсіп пен кәсіпкерлікке оқытылды. 400 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды.

    Болашақ тәрбиеші болатын қыздардың дамуына үлкен мән берілуде. Қазір жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 1 миллион 300 мың студенттің жартысынан көбі қыздар. Мұқтаж отбасынан шыққан қыз-келіншектер қосымша мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылдануда. Оларға жеңілдетілген білім беру несиелері бөлініп, әлеуметтік қорғауды қажет ететіндердің келісімшарттық төлемдерін қамту жолға қойылған.

    Өзбекстан қыз-келіншектері ғылымда да үлкен жетістіктерге жетуде. Кейінгі жеті жылда 5 мың 247 әйел ғылыми дәрежеге ие болды. «Бір миллион бағдарламашы» жобасы аясында білім алған жастардың 47 пайызы қыздар.

    – Қаншалықты қиын болса да, біз қосымша мүмкіндіктер тауып, әлеуметтік саланы дамытып, қыз-келіншектердің өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасап жатырмыз, жұмысымыз әлі де жалғасын табатыны сөзсіз. Өйткені әйелдер, әсіресе, қыздар жоғары білім алып, мамандық иесі болуы бұл отбасы бақытына, балалардың дамуына, соның негізінде бүкіл қоғамның дамуына қызмет етеді, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Президент «Жастар мен кәсіпкерлікті қолдау жылы» мемлекеттік бағдарламасында айқындалған қыз-келіншектердің денсаулығын нығайту, жұмыспен қамтамасыз ету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған міндеттерге тоқталды.

    Бұл тұрғыда, Сенат Төрағасының жетекшілігімен арнайы комиссия құрылып, қыз-келіншектерді кәсіпке үйрету, олардың жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікке тарту жұмыстары мүлде жаңа тәсілдермен жүйелер негізінде жолға қойылмақ.

    Облыс, аудан, қала әкімдері, әкімдердің қыз-келіншектер ісі жөніндегі орынбасарлары, белсенді әйелдер Комиссиямен бірлесіп, биылғы жылы 9442 махалладағы 580 мыңға жуық жұмыссыз қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуға жауапты болды.

    Жалпы, бір айдың ішінде әйелдерді кәсіпкерлікке кеңінен тарту мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, жобаларды жүзеге асыруға 15 триллион сум бөлінбек. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы, Қатар, Жапония, Оңтүстік Корея және Германиядан 100 миллион доллар грант тартылады.

    Өзбекстан маххалла қауымдастығы мен оның аймақтық құрылымдары, «махалла жетілігі» құрамындағы қыз-келіншек белсенділері әйелдерге көмекші, отбасылық мәселелерде жақын сырлас болуы керектігі айтылды.

    Әйел үшін ана болу ең үлкен бақыт. Өзбекстанда халық саны жыл сайын 900 мыңға жуық артып келеді. Оларды тән және рухани жағынан кемелді етіп, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу – қасиетті парыз.

    Осы тұрғыда Мемлекет басшысы барша әйелдерге үндеу жасады.

    – Біз рухани тәрбиені мүлде жаңаша жүргізуіміз керек. «Ізгілік – ұранымыз, ағарту – қаруымыз» дегенді негізге ала отырып, бұл істі алдымен отбасынан, махалладан бастау керек. Расында да, хадисте айтылғандай, «Ата-ана баласына жақсы тәрбиеден басқа мұра қалдыра алмайды». Бұл жағдайда ардақты әпке-қарындастарымыз бен дұға тілейтін аналарымыздың жауапкершілігі айқын көрінеді, – деді Президент.

    Республикада қыз-келіншектерге жасалып жатқан жағдай халықаралық деңгейде құрметтелуде. Дүниежүзілік банктің кеше жарияланған индексінде Өзбекстан гендерлік теңдік саласында әлемдегі ең жылдам дамып жатқан 5 елдің қатарына енді. Биыл республикада тағы бір ірі конференция – Азия әйелдер форумы өтеді.

    Мемлекет басшысы мерекелік шараға қатысып тұрған шет мемлекеттердің елшілері мен халықаралық ұйым өкілдерін де жылы қарсы алды.

    Өзбекстан Республикасы Президентінің 4 наурыздағы қаулысымен 28 қыз Зульфия атындағы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталса, 5 наурыздағы жарлыққа сәйкес түрлі салада белсенділік танытқан әйелдер орден, медальдармен марапатталды. Шарада бұл жоғары марапаттар салтанатты түрде табыс етілді.

    Өзбекстанның түкпір-түкпірінен келген қыз-келіншектер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мерекені мерекелік дастархан басында атап өтті.

    Айтулы шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.