Сұрхандарияда ірі газ-химия кешені құрылуда

    Билік 16 Noyabr 2023 5143

    Президент Шавкат Мирзиёев Сұрхандария облысының Бойсун ауданында болып, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» газ-химия кешенінің құрылысымен танысты.

    Мұнда бірнеше ондаған жыл бұрын газ кен орны ашылған. Алайда, күрделі географияға, заманауи технологияға және сол кездегі қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты оны дамытуға ешкімнің батылы бармады.

    Шавкат Мирзиёевтің жігерімен бұл тұрғыда нақты қадамдар жасалды. Мемлекет басшысы мұнда 2019 жылдың сәуірінде болып, алдын ала барлау жұмыстары және техникалық-экономикалық негіздемелермен танысқан еді. Сол жылдың желтоқсан айында заводтың құрылысы басталды.

    «Surhan Gas Chemical Operating Company» шетелдік кәсіпорны жүзеге асырып жатқан бұл жобаның құны 2,9 миллиард долларды құрайды. Кешен жылына 5 миллиард текше метр газ өндіру және өңдеу мүмкіндігіне ие болады.

    Осы уақытқа дейін кен орнын игеруге 1 миллиард 450 миллион доллар инвестиция тартылып, 20 ұңғымада бұрғылау жұмыстары аяқталды. 11 газ ұңғымасы сынақтан сәтті өтті. Іргетас жұмыстары мен металл құрылымдарының құрылысы аяқталуға жақын.

    Зауыттың жобалары мен құрылысы «Shell» компаниясының лицензияланған технологиялары негізінде жүзеге асырылуда. Ол ең озық экологиялық талаптарға сай және өндірістегі зиянды қалдықтардың 99 пайызын залалсыздандыру мүмкіндігіне ие. Мұндай құрал-жабдықтар бұл зауытта ТМД елдерінде алғаш рет орнатылуда.

    Тағы бір маңызды тұсы – бұл зауыт электр қуатын өзі өндіріп, аудан тұрғындарын қамтамасыз етеді.

    Мемлекет басшысы осында геологиялық барлау және сейсмикалық зерттеулердің нәтижесімен танысты. Кенді игеруге қатысатын инвесторлар, сарапшылар және құрылысшылармен сұхбат құрды.

    – Басты мақсат газды шикізат күйінде сату емес, оны өңдеп, қосымша құнды өнім алу. Инвестиция тез ақталып, зауыт бәсекеге қабілетті болуы үшін түпкілікті өнім сапалы әрі тиімді болуын қамтамасыз ету қажет, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Бұл жөнінде шешім әзірлеу міндеті қойылды.

    Кешен Бойсуннан 20 шақырым жерде орналасқан. Қазір оның құрылысында 7 мыңнан астам адам мен арнайы техника жұмыс жасауда. Жобаның бірінші кезеңі келесі жылдың мамыр айында іске қосылып, 2025 жылы толық қуаттылыққа шығады.

    Зауыт республикадағы сегізінші газ-химия кешені, Сұрхандариядағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі болмақ. 1050 адам табысы жоғары жұмыспен қамтылады.

    – Бойсун халқы өз ауданында осындай алып зауыттың салынып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылғанын сезінуі керек. Енді осы кешен төңірегінде сабақтас салаларды дамыту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

    Осы жерде Бойсун ауданында табылған тағы бір кен орны – жанғыш тақтатас кен орнын игеру жобасы таныстырылды. Одан электр энергиясы, мұнай мен газды алу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.