Қазіргі уақытта қаланың аумағы 43 822 гектарды құрайды, ал тұрғындар саны 3 миллионнан асады. Болашақта бұл көрсеткіштердің артуы белгілі. Сондықтан Ташкент қаласының 2045 жылға дейінгі бас жоспары әзірленді.
Мемлекет басшысы бұл жобаның алғашқы нұсқаларымен 2022 жылы танысқан болатын. Сол кезде берілген нұсқаулар мен ұсыныстар негізінде жоба жетілдірілді. «ТашкентбашпланЛИТИ» кәсіпорнында Сингапур, Ұлыбритания, Түркия, Германия, Қытай және Нидерланды компанияларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізілді.
Жобаға сәйкес, Ташкент қаласының аумағы 3 аймаққа бөлінеді. Консервация аймағында мәдени мұра ғимараттары, тарихи орындар, үйлер мен жасыл аймақтар өзгеріссіз қалады. Реконструкция аймағында мастер-жоспарлар негізінде қосымша құрылыс жүргізуге болады. Реновация аймағында ескі үйлер мен ғимараттардың орнына жаңа құрылыстар салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі уақытта экология және көлік мәселелері өте өзекті. Соңғы он жылда Ташкенттегі ауа температурасы орташа есеппен 1 градусқа көтерілген. Кейбір күндері атмосферадағы ластаушы заттардың деңгейі нормадан асып түседі. Автокөліктердің саны күннен-күнге көбейіп, жол қозғалысы қиындап барады.
Сондықтан жаңа бас жоспарда осы мәселелерді шешу ескерілген. Атап айтқанда, Ташкент қаласы мен оның айналасындағы жасыл аймақтар үш есеге ұлғайтылып, 25 мың гектарға жеткізіледі. Бұл арқылы бір тұрғынға тиесілі жасыл алаң 3 шаршы метрден 6 шаршы метрге дейін артады.
Қалақұрылыс талабы бойынша, тұрғындар өздерінің тұрғылықты жерінен жақын орналасқан балабақша, мектеп, аурухана, сауда және қызмет көрсету нысандарына 15 минуттан аспайтын уақытта жете алуы керек. Сондықтан қоғамдық көлік жүйесі кеңейтіліп, көлік байланыстары мен аялдамалар саны артады. Жаңа жолдар салынып, метробус бағыттары ұйымдастырылады.
Соңғы жылдардағы өсу нәтижесінде Ташкентте электр энергиясы, су және кәріз инфрақұрылымы жүктемемен жұмыс істеп тұр. Бас жоспар жобасында осы қуаттарды арттыру көздері де есептелген.
Бас жоспар бекітілгеннен кейін, оның карталары Қалақұрылыс кадастры геоақпараттық жүйесінде және Ташкент қалалық әкімдігінің веб-сайтында ашық ақпарат ретінде орналастырылады.
Жауапты тұлғалар бас жоспардың осындай негізгі көрсеткіштері бойынша мәлімет берді.
Мемлекет басшысы Ташкент қаласын кемінде 7,5 миллион адам тұруға және жұмыс істеуге қолайлы ірі мегаполиске айналдыру қажет екенін атап өтті. Ташкент облысының «Қыбрай», «Заңгіата», «Жоғарғышыршық», «Орташыршық» және «Ташкент» аудандарын астанаға тығыз агломерация негізінде дамыту туралы тапсырмалар берді.