Вахта әдісі бойынша жұмысты ұйымдастыру тәртібі белгіленді

    Ел назарында 14 Iyul 2023 2623

    Үкімет қаулысымен «Вахта әдісімен жұмыс істеуді ұйымдастыру тәртібі туралы» үлгілік ереже бекітілді (№ 287, 13.07.2023 ж.)

    Қаулы бойынша вахта бойынша жұмыс істеу келесі жағдайларда қолданылуы мүмкін:

    орман шаруашылығы, геологиялық зерттеу, байланыс және темір жол көлігі ұйымдарында;

    құрылыс-монтаждау, сондай-ақ қайта құру-жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын құрылыс ұйымдарында;

    энергетикалық нысандары пайдалану (эксплуатациялау) кезінде;

    мұнай-газ өнеркәсібі нысандарында, оның ішінде құбыр төсеу, сервистік және жөндеу ұйымдарында және құбыр көлігі ұйымдарында;

    түсті және асыл металдардың, көмірдің және басқа да табиғи ресурстардың кен орындарын игеруде;

    медициналық, сауда және қоғамдық тамақтандыру, ұйымдардың қызметкерлеріне вахталық әдіспен қызмет көрсететін көлік ұйымдарында;

    автомобиль жолдарын және басқа да ұйымдарды салу және қайта жаңарту.

    Вахталық әдіс бойынша жұмысты ұйымдастыруға байланысты барлық шығындар жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

    Вахта әдісі бойынша орындалатын жұмысқа мыналарды тартуға болмайды:

    18 жасқа толмаған қызметкерлер;

    жүкті әйелдер;

    3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың бірі (қамқоршысы);

    медициналық қорытындыға сәйкес вахта бойынша жұмысты орындауға қарсы нұсқауы бар адамдар.

    Вахта бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерді жұмыс беруші орталықтандырылған түрде көлікпен, сауда-тұрмыстық қызметпен және күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді, олардың тамақтануы үшін санитарлық ережелерге, нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес жағдай жасалады.

    Есепке алынған кезеңдегі күнделікті жұмыс уақытының ең ұзақ ұзақтығы 12 сағаттан аспауы керек.

    Вахта бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге ауысым арасындағы демалыс кезеңінде демалыс берілмейді.