Саммитке Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Мұхаммед Әл Нахаян, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Италия Республикасының Премьер-Министрі Джорджия Мелони, Малайзия Премьер-Министрі Анвар Ибрагим, Финляндия Республикасының Премьер-Министрі Петтери Орпо және басқа да елдердің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының жетекшілері қатысты.
Форумның күн тәртібіне сәйкес, тұрақты дамуды қамтамасыз ету, инновациялар, «жасыл» экономика және аймақтық өзара байланыс мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі уақытта энергетикалық көздерді әртараптандыру, олардың көмірсутек үлесін айтарлықтай төмендету – климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту, тұрақты даму және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі екендігін атап өтті.
Жаңа Өзбекстанның стратегиялық мақсаты – экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің ресурстарды үнемдеу негізіндегі «жасыл» даму моделіне көшу болып табылады.
– Осы себепті 2025 жылды Өзбекстанда «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономика жылы» деп жарияладық, – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан Президенті республикада төмен көміртекті даму бойынша ұзақ мерзімді стратегия және «жасыл» қаржыландырудың ұлттық бағдарламасы әзірленгенін, инвестициялық жобаларда «жасыл» құрамдас бөліктердің келесі бес жылда 50 пайызға дейін көбейтілетінін атап өтті.
Жылыжай газдарын бақылау және эмиссия үшін квоталар саудасы бойынша ұлттық жүйелер енгізілуде. 2030 жылға дейін жылыжай газдарының шығарындыларын 35 пайызға қысқарту және бұл міндеттемені кезең-кезеңмен арттыру жоспарланған.
«Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында қалалар аудандарының кемінде 30 пайызы көгалдандырылады. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын 100 пайыз енгізу жүйелі шаралары қолға алынуда.
Шавкат Мирзиёев ел экономикасының жылдам өсуі аясында энергетикаға деген сұранысты толық қанағаттандыру үшін «жасыл» қуаттарды жедел дамытуға назар аударды.
– Соңғы 5 жылда энергетика саласына шамамен 20 миллиард доллар шетелдік инвестициялар тартылды және 9,6 гигаватт заманауи энергия қуаттары іске қосылды. Оның ішінде 3,5 гигаватттық 14 күн, жел электр станциялары және 300 мегаватттық 2 сақтау жүйесі іске қосылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта шетелдік әріптестермен құны 26 миллиард доллардан асатын және жалпы қуаты 24 гигаватт болатын 50-ден астам ірі жобалар жүзеге асырылуда. 2030 жылға дейін елде жаңартылатын энергияның үлесін 54 пайызға жеткізу жоспарланған.
– Бүгінгі таңда «жасыл» даму Өзбекстанда ұлттық қозғалыс деңгейіне көтерілді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Мемлекет басшысы бұл бағытта аймақтық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, Орталық Азияны «жасыл» экономикалық даму және «таза энергия» орталықтарының біріне айналдырудың маңыздылығын атап өтті.
Ежелгі Ұлы Жібек жолын энергетикалық өзара байланыс арқылы қайта жаңғырту бағытында алғашқы қадамдар жасалды. Жақында COP-29 саммиті аясында Қазақстан және Әзербайжанмен қол қойылған көпжақты келісімдер Еуропаға «жасыл» энергия экспорттау мүмкіндігін береді.
– Бұл ретте мен ерекше атап өткім келеді, «жасыл» энергия саласында Біріккен Араб Әмірліктері біздің сенімді және стратегиялық серіктесіміз болып табылады, – деді Өзбекстан басшысы.
Соңғы жылдары Әмірліктермен инвестициялар портфелі 26 миллиард доллардан асты. Олардың арасында жаңартылатын энергетика жобалары негізгі қозғаушы күшке айналып отыр.
«Masdar» компаниясымен жалпы қуаты 1,5 гигаватт болатын 5 электр энергиясы нысаны іске қосылды. Сонымен қатар 1,6 гигаватт қуатқа тең 3 генерация жобасы және 520 мегаватт-сағат энергия сақтау жүйелері салынады.
Осы секілді жобалар Әмірліктердің басқа жетекші компанияларымен, сондай-ақ Сауд Арабиясы, Қатар, Түркия, Қытай серіктестерімен де жүзеге асырылуда.
Президент Шавкат Мирзиёев еліміздің Орталық Азияның күн, су, жел энергиясы және «жасыл» сутегі өндірісі бойынша зор әлеуетін бірлесіп дамытуға мүдделі екендігін атап өтті.
Алғашқы қорытындыға сәйкес, тек Өзбекстанда 500 гигаватт күн, 100 гигаватт жел және 10 гигаватт гидроэнергетика өндірісін құру әлеуеті бар.
Аймағымыз орасан уран және өте маңызды стратегиялық шикізат қорларымен бай.
– Бұл бағытта әрбір шетелдік әріптесімізге барлық қолайлы жағдайларды жасауға дайынбыз, – деді Өзбекстан басшысы.
Мемлекет басшысы форумда қатысып жатқан беделді ғылыми орталықтар, сарапшылар мен ғалымдарды Ташкентте ашылған «Жасыл» университеті арқылы зерттеулер мен инновациялық бағдарламаларды іске асыруда белсенді ынтымақтасуға шақырды.
Бұл университет негізінде Жердің деградациясы мен шөлге айналуына қарсы күрес бойынша халықаралық ғылыми зерттеу желісін құру ұсынылды.
Дубай мен Бакуде өткен «COP-28» және «COP-29» саммиттері мен басқа да халықаралық форумдарда Өзбекстан ғаламдық климаттың өзгеруі салдарының алдын алу үшін бірнеше бастамалар ұсынған болатын.
Климаттың өзгеруі салдарынан жоғалтулар мен зиянды бағалау бойынша халықаралық орталықты құру, өзен экожүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологиялары бойынша аймақтық хаб құру, өсімдіктердің генетикалық ресурстары банкін құру осы бастамалар қатарында.
– Біз осы бағытта барлық серіктестерімізбен практикалық жұмыстарды бастауға дайынбыз, – деді Өзбекстан Президенті.
Мемлекет басшысы биыл Өзбекстанда өтетін Орталық Азияның ғаламдық климат мәселелеріне арналған конференцияда аймақтық Жасыл даму концепциясының ұсынылатынын айтты.
Сонымен қатар саммитке қатысушы елдердің өкілдері 15 мамыр – Халықаралық климат күнінде Арал маңы аймағында өтетін Цифрлық «жасыл» бастамалар ғаламдық жастар фестиваліне шақырылды.
Сөзін аяқтай отырып, Мемлекет басшысы Жаңа Өзбекстанның тұрақты даму мен «жасыл» даму жолындағы кең ынтымақтастыққа бүкіл әлемге ашық екендігін атап өтті.