Жәрмеңкеде 110 кәсіпорынның 500-ге жуық өнімі қойылған. Атап айтқанда, автомобиль жасау, машина жасау, тоқыма өнеркәсібі, электр техникасы, цифрлық технологиялар, құрылыс материалдары, азық-түлік, гүл шаруашылығы, омарташылық, балық шаруашылығы және басқа да салалардағы табысты жобалар таныстырылды.
Мемлекет басшысы облыста өндіріліп жатқан алуан түрлі өнімдер және озық технологиялармен танысып, олардың бастамашыларымен сұхбаттасты. Ол жақсы тәжірибелерді қолдап, бүкіл республика көлемінде тарату қажет екенін атап өтті.
Осы мақсатта жәрмеңкеге Қарақалпақстан Республикасы, басқа облыстар және Ташкент қаласынан жауапты мамандар мен кәсіпкерлер шақырылды. Олар бірлескен өнім өндіру, кооперация және сауда мәселелері бойынша пікір алмасуда.
Бүгінде Әндіжан облысында 11 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорны бар. Олардың республика өнеркәсібіндегі үлесі 10 пайыздан жоғары.
Атап айтқанда, өңірде 47 өнеркәсіп аймағы құрылған. Бұл аймақтарда жалпы құны 2,3 триллион сум болатын 1 мың жоба жүзеге асырылып, 18 мың адам жұмыспен қамтылған. Осы аймақтарда 2024 жылы 1 триллион сум көлемінде өнім өндіріліп, шамамен 31 миллион долларлық экспорт жүзеге асырылған.
Қазіргі таңда құны 1 миллиард долларды құрайтын 288 инвестициялық жоба жүзеге асырылып отыр.
Осы жылдың өзінде 119 жоба іске қосылып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 47 миллион долларға жеткізіледі.
Өткен жылғы сапардан кейін, Алтынкөл ауданынан 16 гектар жер бөлініп, жиһаз өндіру кластерлік әдіспен жолға қойылған кешен құрылған болатын. Бұл жерде 100-ден астам шеберхана, 236 шоурум мен сауда нүктелері орналасқан.