Ұлттық және халықаралық сарапшылар Өзбекстандағы конституциялық реформалар үдерісін талқылады

    Адвокаттар институтының күшеюі заң жүйесіндегі заңдылықты қамтамасыз етуге қаншалықты қызмет етеді? Өлім жазасына тыйым салу қаншалықты маңызды? Адамның сотталғандығы жақын туыстарының тағдырына әсер етуі әділетті ме?

    Үстіміздегі жылдың 16 авгусында «Юксалиш» жалпыұлттық қозғалысының бастамасымен өткен онлайн-конференцияда ұлттық және халықаралық сарапшылар Өзбекстан Республикасының Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістер мен қандай сипаттарды назарға алу керектігі жөнінде пікір алысты.

    Шараға жауапты министрліктер мен кеңселердің өкілдері, сондай-ақ талдау орталықтарынан басқа АҚШ, Словения, Швеция сияқты елдердің халықаралық сарапшылары қатысты.

    Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларда бұдан былай мемлекет саясатының басты назарында адам, оның құқықтары мен мүддесі, ар-намысы мен қадір-қасиеті көзделуде. Сонымен қатар, Конституцияны мемлекеттілік дамуының қазіргі тенденцияларына және әлемдегі саяси жағдайға сәйкес үйлестіру қажеттілігі туындады. Конституциялық реформаның ерекшеліктері туралы мәселені отандастарымызбен ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде жоғары білікті сарапшылар мен халықаралық қауымдастықтың қатысуымен талқылау маңызды саналады.

    «Бүгінде халықаралық қауымдастық Өзбекстанның болашақта бастаған реформаларын қалай жалғастыратынына қызығушылық танытуда», - дейді «Юксалиш» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Бобур Бекмуродов. — Конституциялық заң жобасы олардың сауалдарына жауап бола алады және Өзбекстанның реформаларды тоқтатпай, алға қадам басатынын көрсетеді. Шетелдік сарапшылармен кездесудегі мақсатымыз – еліміздің артқа қайтпайтын жолды таңдағанын мәлімдеу. Сондай-ақ, заң жобасында адам құқықтарын қамтамасыз ету, адвокатура, сот жүйесін реформалау мәселелерінің басым бөлігі көрсетілгенін сарапшылар мойындап, қосымша ұсыныстарын да айтуда.

    Конференцияға қатысқан АҚШ-тың Беркли заң институтының директоры Жереми Фогель ел конституциясының көп азаматтық құқыққа ие басқа елдердің конституциясынан өзгешелігі және ерекше сипаттары туралы айтты.

    — Өзбекстан Конституциясында 100-ден астам, АҚШ Конституциясында 7 бап бар. Біз оны мемлекеттік, атқарушы заңдылық және сот билігінің міндеттерін көрсететін жұмыс жоспары ретінде қарастырамыз. Барлық елдердің Негізгі Заңында азаматтық қоғамның құқықтары мен міндеттері белгіленбеген. Бұл сипаттар еліңізде қабылдануы күтіліп отырған жаңа конституциялық заң жобасында көрініс табуда. Алғашқы қадам жасалды, мақсаттар белгіленді, енді Конституцияның орындалуын толық қамтамасыз ету аса маңызды, дейді Фогель.

    Тағы бір америкалық сарапшы – бұрынғы федералдық прокурор, «Holland and Knight LLP» заң фирмасының серіктесі Дэниел Смол Конституцияның жаңа редакциясында адвокаттардың мәртебесін анықтаудың, сот үдерістерінде бәсекелестік пен тараптардың теңдігігін және әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігіне кепілдік беруді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

    «Аймақтық диалог» халықаралық беймемлекеттік ұйымының директоры Мьюша Север конституциялық реформалар барысында тәуелсіз адвокаттық институтын құруға назар аударуға шақырды:

    – Азаптауды, айыпталушыларға қатысты адамгершілікке жатпайтын әрекеттерді тоқтату, тек сот шешімі негізінде жеке өміріне араласу, күдіктіні кінәсі дәлелденгенше босату – адамның негізгі құқықтары саналады. Бұл қағидалар жаңа Конституцияда көрініс табады деп сенеміз. Біз тәуелсіз адвокатура институтын құруда өзгерістер күтеміз. Тәуелсіз заңгерлерсіз сот үдерісінің бәсекеге қабілеттілігі мен әділдігі туралы айту мүмкін емес. Бұл елге инвесторлар тартуда маңызды. Жас ұрпақ Өзбекстанның жаңарғанын сезінуі, өмірінің әрбір күні Негізгі Заң қолданатын ортада өсуі қажет.

    Өзбекстан Мүгедектер қауымдастығының төрағасы Ойбек Исоқов Конституцияда көрсетілген құқықтарды пайдалануда тең мүмкіндіктер жасалу керектігін айтты.

    — Мемлекетіміз басшысы «Жаңа Өзбекстан – әлеуметтік мемлекет» қағидатын тең құқықтарды, тең мүмкіндіктерді және инклюзивті дамуды қамтамасыз етуді көздейтін конституциялық ереже ретінде анықтады. Іс жүзінде бұл Заңға негізделген. Қазіргі уақытта Конституциямызда азаматтық қоғам туралы нақты түсінік жоқ, онда құқықтар туралы айтылған, бірақ тең мүмкіндіктер туралы айтылмайды. Яғни, белгіленген құқықтарды пайдалануда бірдей мүмкіндіктерге ие емеспіз.

    Конференцияға қатысушылар көптеген елдердің Конституциясы мен заңдарында және адам құқықтарына қатысты халықаралық құжаттарда көрініс тапқан «Миранда ережесі» Негізгі заңда көрініс табуы керектігін алға тартты. Конституцияны түсіндірудегі еркіндік механизмдерін айқындау, бұқаралық ақпарат құралдарының құқықтарына кепілдік беру қажет деп хабарлайды «Юксалиш» жалпыұлттық қозғалысының баспасөз қызметі

    Қорытынды:

    Өзбекстандағы трансформация үдерістері мен конституциялық реформалардың мазмұнын шетелдік сарапшылар да қолдайды. Конституция жай құжат болып қалмауы керек, ол істеуі керек. Ол үшін барлық құрылым әрекет істеуі, азаматтық қоғам институттары да белсенді болуы талап етіледі.

    No date selected
    December 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates