Президент: Бұл көпір – өзбек пен қарақалпақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастық көпірі

    Билік 29 Fevral 2024 4358

    Президент Шавкат Мирзиёев 29 ақпанда Хорезм облысына барды.

    Мемлекет басшысы алдымен Қарақалпақстан Республикасы Әмудария ауданына барып, жаңа көпірдің ашылу салтанатына қатысты.

    Бұл үлкен экономикалық және әлеуметтік маңызы бар стратегиялық нысан. Мемлекет басшысы бұл бастаманы 2020 жыл 13 желтоқсанда Хорезм облысының белсенділерімен кездесуінде алға тартқан еді. Осыдан кейін егжей-тегжейлі жоба жасалып, күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның құрылысына Президент екі рет барып көрді.

    Бүгін Қарақалпақстан Республикасы және Хорезм облысы белсенділерінің қатысуымен жаңа көпірдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Президент алдымен пойызда және көлікпен жүріп, көпірдің сапасын тексерді. Жұртшылықтың қатысуымен өткен жиында бұл жобаның тиімділігі мен халық өміріндегі маңыздылығына тоқталды.

    – Арал өңірі аймағын, атап айтқанда, Қарақалпақстан Республикасын дамыту – ең алдымен, экологиялық дағдарыстың зардаптарын жұмсартып, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан халқымыз үшін қолайлы жағдай жасау еліміздің даму стратегиясының басты мақсаттарының бірі. Бұрын айтып өткенімдей, Қарақалпақстанның тағдыры – Өзбекстанның тағдыры, қарақалпақ халқының бақыты мен амандығы – бүкіл Өзбекстан халқының бақыты мен амандығы. Біз бүгін осы игі мақсатты жүзеге асыру жолында тағы бір орасан зор қадам жасап жатырмыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Көпір салынған жер – республиканың ең шалғай аудандарының бірі. Өткен ғасырдың елуінші жылдары әкелінген ескі понтон көпірін халық осы уақытқа дейін пайдаланып келді. Жыл сайын көктемде мұз еріп, өзен суы тасыған кезде көпірге қатты зиян келетін еді. Бұл өзеннің екі жағасындағы халыққа көп қиындық тудырды.

    Мысалы, Әмудария ауданының тұрғындары Нөкіске жету үшін Үргеніш пен Беруни арқылы өтуге мәжбүр болды. Ол үшін қосымша 180 шақырым жол жүру керек еді. Пойызбен Хорезмнің шығыс жағындағы Хазорасп көпірінен өтіп келетін болған.

    Жаңа көпірдің арқасында бұл қиындықтар жойылады, халықтың жолы жақын болады. Ол арқылы Қарақалпақстан мен Хорезмді байланыстыратын ең жақын автомобиль және темір жол қатынасы іске қосылады.

    Көпірдің ұзындығы 423 метрді құрайды. Онымен қатар «Шавот-Қараузак» станцияларын қосатын 85 шақырымдық теміржол және 3 вокзал салынды.

    Бұл құрылымның нәтижесінде жолдың өткізу қабілеті 4 есеге артып, бір тәулікте 12 мың көлік қозғалады. Нәтижесінде 48 мың жолаушының уақыты 2 сағатқа үнемделіп, өзеннен қауіпсіз өту қамтамасыз етілмек.

    Көпірдің екі бағыттағы 24 жұп пойызды өткізу мүмкіндігі бар, осылайша темір жол аралығын 180 шақырымға, жүк тасымалдау жылдамдығын 6 сағатқа дейін қысқартады. Бұл жергілікті жүк тасымалдау көлемін жылына 2 есеге ұлғайтуға, тасымалдау құнын 2 есеге төмендетуге мүмкіндік береді. Осы теміржол арқылы Қазақстан мен Ресейге жаңа бағыттар ашылады.

    Сондай-ақ, «Қараузак» кеніштерінен тасты пойыздармен тасымалдаудың арқасында Арал өңіріндегі 4 миллион тұрғын мен туристерге қызмет көрсететін тас жолдар да сапалы ұсталатын болады. Бұл тұрғындар, кәсіпкерлер мен туристере ыңғайлы болады.

    – Біз бірге салған бұл тамаша көпір – жай ғана инфрақұрылымдық нысан емес. Бұл көпір ең алдымен өзбек пен қарақалпақ халықтары арасындағы берік сенім мен достық, ауызбіршілік пен ынтымақтастық көпірі болып табылады. Бұл жол – әлемге ашылып жатқан Жаңа Өзбекстанның, Жаңа Қарақалпақстанның даму, гүлдену жолы. Осындай нұрлы күндерді аңсаған мыңдаған отандастарымыздың үміті ақталған осынау ұлы өзеннің қос жағасында баршамызға берекелі күн болсын, деді Президент.

    Мемлекет басшысы күрделі климаттық жағдайда жанқиярлықпен еңбек еткен білікті құрылысшыларға, жобалаушылар мен инженерлерге, көпір құрылысына лайықты үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Тұрғындарға жайлылық жасауға бағытталған жұмыстардың дәйекті түрде жалғасатыны айтылды.

    Атап айтқанда, биыл Бұхара-Үргеніш-Хиуа темір жолы, келесі жылы Мискин-Нөкіс темір жолы электрлендіріледі. Нәтижесінде Хиуа мен Нөкіс қалаларына жүрдек пойыздар қатынайтын болады. Бұл аудандардың тұрғындарының республиканың басқа қалаларына баруы оңай болады. Осы жобалардың арқасында көлік шығындары 2 есеге қысқарып, жолаушылар тасымалы 30 пайызға артады.

    Жалпы, мұндай ауқымды жобалар Қарақалпақстан мен Хорезмнің экономикалық әлеуетін арттыруға, инвестиция мен жұмыс ағынын көбейтуге, халықтың табысын арттыруға қызмет етеді.

    Салтанатты шарада сөз алғандар баршаны ел өміріндегі осынау тарихи оқиғамен құттықтап, Арал өңірін дамытуға көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына алғыстарын білдірді.