Өзбекстан Президенті Ыстамбұл қаласына барды

    Билік 11 Noyabr 2021 5410

    Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысу үшін Ыстамбұл қаласына барды.

    Жоғары мәртебелі мейманды Ыстамбұл қаласының мэрі Али Ерликая және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.

    Өзбекстан жоспарлы ойластырылған, барлық жағынан салмақты ең алдымен халқымыз үшін тиімді сыртқы саясат жүргізіп келеді. Барша серіктес елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуде.

    Солардың бірі – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі. Бұл ұйым 2009 жылы құрылған. Оған Өзбекстан 2019 жылы қосылды. Кеңестің негізгі мақсаты – бауырлас елдер арасындағы байланысты нығайту, сауда-экономикалық, көлік, энергетика, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы күш-жігерді үйлестіру.

    Бір тіл - бір дін, тарихи-мәдени байланыс негізінде қалыптасқан осынау ұйым аймақтық ынтымақтастықтың тиімді тетігіне айналуда. Өзбекстанның қосылуы оның ауқымын да, әлеуетін де арттырды. Президент Шавкат Мирзияевтің бастамалары көпжақты ынтымақтастықты практикалық мазмұнмен байытты. Аз ғана уақыт ішінде Мемлекет басшысы тарапынан 20-дан астам ұсыныс айтылып, жүзеге асырылды.

    Атап айтқанда, 2019 жылдың қазан айында Ташкентте Түркітілдес елдер Іскерлік кеңесінің отырысы және инвестициялық форум өтті. 2020 жылы Хиуа «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін алды. Жас кәсіпкерлер форумы құрылып, оның алғашқы отырысы осы жылдың қыркүйек айында Ташкентте өтті. Сондай-ақ жастар және спорт істері жөніндегі министрлер кеңесінің отырысы болды.

    Өзбекстан Президенті үнемі ерекше назар аударып келген көлік және кеден саласындағы процедуралар цифрлануда. Мәселен, елімізде Түркия және Қазақстанмен алғашқы жобалар іске қосылды. Ташкент, Әндіжан және Термездегі логистикалық орталықтар Түрік кеңесі аясындағы «бауырлас порттар» жүйесіне қосылды.

    Мемлекет басшысының коронавирустық пандемияға қатысты айтқан ұсыныстары да өзектілігін көрсетіп, Кеңеске мүше мемлекеттерде аурумен күресу үшін арнайы үйлестіру тобы құрылды. Эпидемиологиялық жағдайды бақылаудың, талдаудың және болжаудың тұрақты жүйесі жолға қойылды.

    Шавкат Мирзияев серіктес елдерде туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы бастамалар да қолға алынуда. Осы жылдың маусым айында Қоқан қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (ТМДК) отырысы өтіп, онда Қоқан қаласы түркі әлемінің алғашқы туристік астанасы болып жарияланды. Еліміздің киелі жерлерінің бойында «Қасиетті зиярат» жобасын жүзеге асыру басталды.

    Махмұд Қашғари, Юсуф Хас Хаджиб, Әлішер Науаи, Мұса әл-Хорезми мұраларына арналған халықаралық ғылыми конференциялар өтті.

    Бүкіл түркі халықтары құрмет тұтатын ақын Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлықтың құрылуы Президенттің тағы бір игі бастамасы болды. Бұл сыйлық түркі мемлекеттеріндегі ғылым, білім, мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосқан тұлғаларға беріледі.

    Өзбекстан Президенті бұл саммитте де маңызды бастамаларды жариялауы күтілуде.

    Саммиттің негізгі шаралары 12 қарашаға жоспарланған. Мемлекет басшысы саммит аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.