Мемлекет басшысы «Шейіттер аллеясы» мемориалына барды

    Билік 31 Avgust 2022 8700

    Президент Шавкат Мирзияев 31 тамыз күні таңертең Шейіттерді еске алу мемориалына барды.

    Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, зиялы қауым жиналды. Өмірден өткендерге құран оқылып, дұға бағышталды. Елге ас берілді.

    Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында Еліміздің жанашырларын еске алудың үлкен мәні бар. Бұл тағы да халыққа қызметтің ұмытылмайтынын, еліміздің еркіндігі мен тыныштығының қадірін аңғартады.

    2001 жылдан бастап 31 тамыз «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде аталып өтеді. Өткен жылы «Репрессия құрбандарының мемориалы» мұражайы қайта жаңғыртылды. Қарақалпақстан Республикасы мен барлық облыстарда оның филиалдары ашылды.

    Биылғы жылы мұражайда жәдид студенттердің Германияға оқуға жіберілгеніне 100 жыл толуына орай экспозиция ұйымдастырды.

    Мемлекет басшысы мұражайға кіріп, осы көрмемен танысты.

    – Мұнда әр кезде келіп, мән беруіміз бекер емес. Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болған жоқ. Тәуелсіздігімізге 31 жыл болса да, аталарымыз осыдан 100 жыл бұрын әрекет еткен. 100 мың қандастарымыз қуғын-сүргінге ұшырап, 13 мыңы аяусыз атылды. Неліктен? Талдау болған. Олар біздің ұлы батырларымыз, ұлт қазынасы еді. 2-3 тілді еркін білген. Олар елімізді азат етіп, дамуға апарар жолды білді. Осы жерден олардың дауысы естілгендей болады, – деді Шавкат Мирзияев.

    Осыларды айта отырып, Президент Құран Кәрімнің аятын еске алды. «Әли Имран» сүресінің 169-аятында: «Алла жолында жан пида еткендерді өлі санамаңдар, олар тірі, оларға Раббыларының алдында ризықталуда» делінген.

    Мемлекет басшысы бұл тарихтың соңына дейін зерттелмегенін, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау және олардың естелігін қалпына келтіру жөніндегі зерттеулерді жалғастыру керектігін баса айтты.

    Бүкіл әлемде бір жапырақ қағаз болса да, қанша ақша жұмсасақ та, өзбек ұлтының құжаттарын табыңдар, деп бұйрық берген едім. Соңғы жылдары қаншама репрессия құрбаны анықталды. Әділдік тұрғысынан біз батыр аталарымыздың есімдерін қалпына келтіріп жатырмыз. Соңғы бір жылда Өзбекстанның Жоғарғы соты осындай 235 отандасымызды ақтап шыққан. Жәдид аталарымыздың атына мұражайлар, мектептер ашып жатырмыз. Ташкенттің орталығында Абдулла Қадири мектебін салып, оның мүсінін орнаттық. Неліктен? Адамдар жүргенде көруі, «кімнің ұрпағымын» деп ойлауы, шығармаларын білуі керек. Немесе Чулпонды қалпына келтіру қаншалықты қиын болды? Бүгін төмен түсіңдер, халықтың ішіне кіріідеп, деп жатырмыз, халықтан күш алып жатырмыз. Чулпонда солай айтқан. Мұндай игі істерді тоқтатуға болмайды. Жаңа кітаптар мен фильмдер шығару керек.

    Президент осы жолда іздеп жүрген қажырлы ғалымдар мен зиялы қауымға алғысын білдірді. Жәдидшілердің өмірі мен шығармашылығын теледидар, әлеуметтік желілер арқылы жастарға жеткізу, мектеп сабақтарында бұл тақырыпты кеңінен қамту керектігі айтылды. Өзбекстан халықаралық ислам академиясында ғұлама аталарымыздың рухани мұрасын оқытатын кафедра құру бастамасы көтерілді.

    Сол заманғы қатаң режим жәдидтерді жоюмен ғана шектелмегені белгілі. Өткен ғасырдың 80-жылдарының өзінде мыңдаған қандастарымыз түрмеге жабылып, түрлі жаламен қорланды.

    –Бүгін де жолда ойланып келемін. 30-шы жылдар ескі тарих болса, «мақта ісі» ше?! Олар біздің басшыларды қуғын-сүргінге ұшырату үшін жалған айыптарды ойлап тапты. Басқа республикаларда кемшілік болмады ма? Мұндай қайғылы оқиғалар ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгідей мерекелер мен бейбіт күндерде осыларды көңілден өткізіп, жастарымызға жеткізуіміз керек, – деді Шавкат Мирзияев.

    Дүниенің тынышсызданып бара жатқаны, мұндай жағдайда қырағылық пен ұстамдылық қажет екені айтылды.

    – Байқасаңыз, әлемде бәсекелестік пен қауіп-қатер көбейіп барады. Қауіп біздің қасымызда жүр. Бұған дайын болу үшін әрқашан сергек керек. Бүгінгі емін-еркін өмірімізге шүкіршілік ете отырып, ертеңімізді берік етуіміз керек. Қашан мықты етеміз? Білімді болсақ. Ата-бабамыздың ұлылығынан рұхтанып, әр салада кемел тәлім-тәрбие алсақ, ең озық деген елден кем болмас едік. Балаларымызды жақсы оқытсақ, нәтиже біз ойлағаннан да жақсы болады. Тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі мәңгілік болады, – деді Мемлекет басшысы.

    Аллеядағы символикалық бейіт жанында да құран оқылды. Қайтыс болғандарға Алладан медет, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп дұға оқылды.